Адамдар неге Америкада өмір сүргісі келеді?
жеке
блог

Адамдар неге Америкада өмір сүргісі келеді?

АҚШ — адамның нәсілі мен түсіне қарамастан кез келген ұлт өкілін азаматы ретінде қабылдайтын ел. Қиялы жетелеген жақсы өмірді аңсаушылар өмірінде бір рет болса да АҚШ-та өмір сүру туралы ой жүгірткен болар. Тіпті АҚШ туралы ешнарсе білмейтіндер де "Америкада өмір сүру жақсы" деген пікірге ие. Себебі қазіргі заманның жастары Америкада еңбек етіп, байлыққа кенелуге, тіпті өмір бойына сонда қалуға тырысуда. Шындығында мұхиттың ар жағында өмір сүру соншалықты жайлы ма?

АҚШ өткен ғасырда-ақ өзінің мәдени құндылықтары мен туристік алқымын дамыту мақсатында жаңа әдіске көшіп үлгерген. Жастардың қызығушылығы Вашингтонның Work and Travel атты бағдарламасынан басталады. Студенттерге арналған тәжірибе арттыру бағдарламасы 1961 жылы басталып, бүкіл әлемнің жастарын АҚШ мәдениетін тануға шақырады. Бастапқыда тек Еуропа елдері қызыға Америкаға саяхаттаған болса, қазіргі кезде әлемнің түкпір-түкпірінен (көбіне дамушы елдерден) жыл сайын миллиондаған студенттер Франклин айтқан америкалық арманын жүзеге асыруда.

"Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық" дегендей мен де осы бағдарламаға мектеп кезінен қызыға бастадым. Бар ойым жаңа жерді танып, тіл білу қабілетімді дамыту болғандықтан университетте білім алып жүрген кезімде (екінші курстың соңына қарай) қолыма паспортымды алып, Алматыдан ұшып кеттім. Нағыз шытырман оқиғаға толы саяхаттың басынан Нью-Йорк қаласында таксистке 200 АҚШ долларын төлегенмін (өзі қалтамда барлығы $500 болған). Ары қарай Чикаго қаласында әуе рейісіме кешігіп, Миннеаполисте жүгімді жоғалтып алғанмын. Сосын автобусқа билет алып, оған да ұйықтап қалдым. Есесіне Вашингтон қаласында марокколық мұсылман маған уақытша тұратын мекен табуға көмектесті. Және үш ай барысында тіл білу дәрежемді бір деңгейге көтеріп алдым. Осы сынды жағдайлар алып елде еш танысы жоқ студенттің қиындық туғанда тәуелсіз шешім қабылдауға үйренетінін түсіндім. Саяхат барысында жіберілген қателіктерден біраз сабақ алдым. Өмірлік тәжірибе жинақтадым. Жақсы, бұл өзге әңгіме ...

Сонымен Америка несімен тартымды? Көптеген адамдар АҚШ-қа өмір сүру сапасының жоғары болғандығынан кеткісі келеді. Тұтыну тауарлары біздің елдегі бағамен бірдей, дегенмен еңбек құны 10 есе жоғары (АҚШ тұрғындарының орташа жалақысы - $4000). Сондай-ақ, GM, Ford және Chevrolet сынды көлік концерндерінің Отаны болғандықтан, көлік құны да кез келген азамат үшін қол жетімді. Дегенмен, аталған деректер жайлы өмірдің кепілі бола алмайды. Барып қайтқан адамдар өзінің шетелде көрген қиындықтары туралы ешнарсе айтпауға тырысады (менің өз пайымым солай). Тек қол жеткізген мүмкіндіктері және сәтті сапарымен бөліседі. Ал оны естіген адамдар нашаның дәмін алғаш татып көргендей, арман ел туралы терең ойға батады. XV ғасырда еуропалық жаулап алушыларға Үндістан мен алтын қала Эльдорадо қалай елестетілсе, қазіргі дамушы елдер үшін де Америка солай көрінуде. Расында да, сондай беделге ие ел болар ...

АҚШ — экономикасы мен жалпы ішкі өнімінің көрсеткіші жағынан әлемде алдыңғы орындағы ел. Елдің инфрақұрылымы да жоғары дәрежеде деуге болады. Дегенмен жайлы өмірдің сапасын моральді құндылықтарымызға ауыстырмауымыз керек. Айтайын дегенім, олардың өмір сүру стилі біздің қоғамға мүлде келмейді. Көшіп барған қазақ өз ұлтын ұмытпағанымен, азаматтық алып америкалық атанады. Ал оның ұрпағы өзінің қазақ екенін, тіпті қазақ ұлтының бұл әлемде бар екенін ұмытуы еш ғажап емес. Мұны мен өз тәжірибемнен айтып отырмын. АҚШ-та болған кезімде америкалық достарымнан олардың тегі туралы жиі сұрайтынмын. Олардың түп-тамыры қай ұлттан бастау алатыны және Америка құрлығына қашан көшіп келгендері туралы сөз қозғайтынмын. Ал олардың көбі нақты ештеңе айта алмайтын. Поляк, неміс, серб, орыс немесе француз болғанын нақты білмейтін болып шықты. Міне ұрпақ жаһандану үдерісіне осылай еніп отыр. Асылы, жапондар сынды біз де жаһандануға сіңіспей, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалуға тырысуымыз қажет. Ол үшін қазақ екенімізді бір сәтке болса да ұмытпауға тиіспіз.

Адам болғаннан кейін армандайтыны рас. Дегенмен, бір істі бастауға бел буу алдында рационалды тұрғыдан ойлану керек. Америка біз үшін барлық жағдайды жасап отыр, барсам ақшаға батып қаламын деген стереотипті ойдан шығарған жөн. Америкалықтар да осы дәрежеге оңай жеткен жоқ. Олар тәуелсіздік алғалы қанша соғыс пен ашаршылықты да көргені рас. Сол бағытпен даму үдерісінде дара жолға түсіп, әлемдік беделге ие болып отырғаны да рас. Бірақ біз өмірін жайлы еткісі келетін бір адам болып емес, болашағы бар кемел ұлт болатындай ойлануға тиіспіз. Сондықтан біреудің жасаған жайлы өміріне қызығушылық таныта бермей, өзіміздің елді де сол дәрежеге көтеруге ат салысқан жөн. Себебі қазақ тек қазақ даласында ғана қазақ болып қалады.