Кішкене періштемнің тілегі орындалды

Кішкене періштемнің тілегі орындалды
жеке
блог

Адам жұмысқа асығып барып, әндете қайтуы керек. Ол үшін ең маңызды факторлардың бірі, жұмысыңды махаббатпен жасау және ұжымың жақсы болуы. Осы екі пунктке сәйкес алғаш MASSAGET.KZ порталын кездестірдім. Сол сайтта жұмыс істесем деп бала кезден армандадым (11-сыныпта баламын ғой).

Сайт қызметкерлерінің (бұрынғы да, қазіргі де ұжымының) пікірлерінен, жазған материалдарынан қарапайымдылықтың, адамгершіліктің самал лебі есіп тұратын. Осы адамдармен тым құрыса жүздесіп, тілдессем ғой деп ойладым. Бұл тілеуімді менімен бірге жеті жасар інім де: «Мен тілесем орындалады, өткенде футболда гол салсам екен деп едім, орындалды ғой», - деп тілеп жүрді.

Сәті түсіп, бір ай бұрын, тәжірибелік жұмысымды МАССАГЕТтен өту бақыты бұйырды. Біз блогтарды жааай жаза саламыз, сол секілді жазамын ғой, үйренетін несі бар деп ойлаппын. Үйренерім көп екен. Материалдың сапалы шығуы үшін шрифтерінің дұрыс болуынан бастап, тақырыпты аша алатын, өлшемі сәйкес сурет табудың өзі үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, ойыңа жаңа идея келсе, жан-жақты зерттеп жазуың керек. Басқа ештеңені уайымдап, артық нәрсе ойламайсың, рахат!

«Жай өзім үшін барып жүрмін дейсің бе?» «Сонда олар саған ақша төлемей ме?» «Бір ай тегін жасайсың ба?»... Менің МАССАГЕТке деген махаббатымды біле тұра, мұндай сұрақ қоюға қалай ғана дәттеріңіз барды? «МАССАГЕТ» деген сөз біткенше CapsLock-тан саусағымды ала алмай қалатынымның өзі дәлел емес пе?! )))

Кей түндерді ұйқысыз өткізсем де, үйдегі бауырларыммен бұрынғыдай ұзақ сөйлесе алмасам да, «Өміріңнің бәрі МАССАГЕТ болып кетті ғой», «Осы МАССАГЕТтегілердің жеке өмірі бар ма?» «Екеуміз бірге дұрыстап шай да ішпейтін болдық» деп жанымда (жатақханада) жататын қыз назын білдірсе де, МАССАГЕТте өткен бір айымның бір күні де күлкісіз, қуанышсыз өткен жоқ.

МАССАГЕТ туралы … так, неше факт жазсам екен?!

1. Бәрі бірдеңе болса, Фаризаға әжуа тастай (прикол ғой) береді. Жігіттердің айтуы бойынша, сөз арасына Фаризаны қосып отырмаса, өздерін нашар сезінеді екен.))) Ән айта бастаса болды, күлкілерін тоқтата алмайды.
2. Бір-біріне кедергі келтірмеу үшін агентпен сөйлеседі. «Агент? Неге ВК не Whatsapp емес?» дейсіз бе? Білмеймін.
3. Мерекелерді сылтауратып, қыдыруға, бір жаққа баруға құмар.
4. Парашютпен секіргісі келетіндер көп, баруға сәті түспейді.

2000 символдан асып кетті ме, Жалғасы бар... деп бөліп тастасам ба екен?! Жақсы, кішкене қалды...

5. Қыздардың әңгімелері тек салауатты өмір салтын сақтау, сән, сымбат, денсаулық (йога, фитнес, гимнастика) туралы ғана. «Әдеттегі» басы қосылып кетсе біреуді жамандап, өсек айтатын қыздарды көрмейсің. Зиялы ортада жүргеніңді шын сезінесің.
6. Араларында жүрген 3-4 түйір қыз үшін ешқандай лас сөздер қолданбай, мәдениетті сөйлейтін жігіттерден үлкен сыйластықты сезінесің.
5. Сағат 12-13 болып қалса, «Жігіттер, түскі ас ішпейміз бе?» «Жігіттер, шайға келіңдер», «Пәленше, тамақ ішпейсің бе?» деген бір адамның дауысын күн сайын естисің.
6. Мерекелік отырыстарда не қарапайым түскі ас кезінде жігіттерді дастарқан басына шақыру қиын. Материал жазуға беріліп кете ме, бірінші болып жетіп баруға ұялып отыра ма, кім білсін.
7. Әркім үйінен тамақ алып келеді. Кейбіреулері асханадан әкеледі. (Алғашында үйден әкелген тамақты жеке ішу маған оғаш көрінетін, бірақ ол да жақсы әдіс екен).
8. Жігіттер ыдыстарын өздері жуады. (Мен ыдыс жуатын жігітті сирек кездестіремін).
9. Біреу әжуа тастаса, бір-бірінен іліп әкетіп, біраз мазақтайды. (Туған күніңе шетелден 12000-ға төрт носки алып берсе де таң қалмайсың).
10. Жігіттер Айнамкөзді өте жақсы таниды. )))
11. Бір редакторымыз жұмыста отырып көз шырымын алып алады.
12. Бір редакторымыздың дүние төңкеріліп жатса да бір қалпынан айнымайтын және қажет жерінде көз ілеспес шапшаңдығына тәнті боласың.
13. Әр жұма сайын мәзір шығарып, адамдардың көздерін қыздырып алып, қанша сұраса да әріптестеріне дәм татқызбайтын аспаз бар. )))
14. Өмірінде киноға барып көрмеген адам да бар.
15. Бір дәптер бар... жыртық кемеге салып ағызып жіберу, отқа салу дегеннен басқа креативті тәсіл іздеп жүр, құтылғылары келеді. )))
16. Киімің не макияжың ұнамай тұрса, тарс еткізіп айтып тастайды. Тарс етсе де, қатты тимейді. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды». Бұл да өзінше бір отбасы ғой.