Сағындым...

Ауылды сағындым. Ауылдағы ауламды сағындым. Әр үйдің мұржасынан шығатын түтінді сағындым. Күлге көмілген кәртопты да сағынамын деп кім ойлаған... қу, дүние-ай!
Әжеме еріп жотаға шығып, тезек терген күндерімді сағындым. Қара Ертістің тасығанын сағындым. Тауды сағындым. Даланы сағындым. Жасанды су, жасанды жарығы бар ауылды емес, пілтелі жарықты, бастаудан тұнып ағар бұлақты сағындым. Екі жерден тас қойып, "ворота" жасап доп тепкен күндерім-ай... Қайта келер ме едің...
Сүзеген ақ қошқардың мүйізін де, енесіне ентелей жүгіріп, аяғымды мыжып өтетін бұзаудың тұяғын да сағындым ииии... Ақтөстің тамағын сипайтын, қозы-лақтың қойнына түнейтін, жыланды үйден сүтпен аластап шығаратын күндерді сағындым...
Арықтың жағасында отырып, балшықтан түрлі-түрлі дүние жасайтын, кешқұрым оқыра қуып, тезек жағып маса қашыратын күндерді сағындым...
Қанша күс болсақта бізді құшақ жая қарсы алатын әжемнің көрпелерін, ешбір өлшемді талап етпейтін гәлөшті, атамның таяғын ат қылып, әжемнің сандығын аңдыған күндерімді сағындым...
"вуң-вуң", "ым-ым-ым-", "дрың-дрың" -дарды сағындым...
Қызығы мен думаны бітпейтіндей болып көрінген балалығымды сағындым... Шалалығымды сағындым...
Қош, қайта келмес дәуренім...

©М.Ақан



Бөлісу: