Тағы да хат...

Тағы да хат...
жеке
блог

Күнім! 
       Алматыға керемет көктем келді деседі.  Көгеріп кеткен шығар жарықтық... Жырақта жүріп көзіммен көрмесем де, жүрегіммен сезініп, жүрегіммен аңсайтындаймын Алматының көктемін. Оған себепкер де өзің сынды... Басқа не бар дейсің?!  Гүлдің исі аңқыған Алатау бөктеріне сенің жұпарың кеп қосылсын...  Сол кездердегідей - менің ессіз ғашық, сенің ерекше тәкәппар кезіңдегідей. 
      Тамаша күндер тулаған тайдай далаға қашып ұстатпай кеткенімен, тамаша естеліктер қалса оны қалай өшір демексің маған?  Ұмыт...  Кешір демексің маған.  Өйтпейсің білем.  Өмір жолықтырған екеумізді, өмір дегеніне көндірсе, оған мен сені кінәләудан тағы аулақпын. Ләйлі мен Мәжнүн, Еңлік пен Кебек сынды көптен қиянат көргеніміз жоқ, тек  көңіліміздің қалауын қылдық.... Жұматай мен Ләйласы сынды.  Сен Ләйлә болдың ба, болмадың ба оны білмеймін.... Ал менің Жұматайша сүйгенім анық. Тек Жұматайша жыр жаза алмағаным болмаса. 
      Одан бері де көп өтті ғой... Көктем келіп жатты, жазы мен күзі де кетіп жатты...  Қыс та құлазып өтті қаншама?  Қайсысын айтамыз оның... Барсын. Өтсін. Өлгенімше өкінбеймін деп өзімшілдік танытқаныммен, өзегімде қалып қойған отты өшіруге менің қауқарым жеткен бе?  Желді күнгі жанған шоқтың  бүйірінен жел тисе, бүлк етіп қызарып, жел тынса сөне қалатыны сынды... Сен жайлы ойлар миыма қонақтай қалса, жүрегімнің жүрісі жиіліеп, жанарымның қарашығы қара нүктеге қадала қалатынын қайтем?!
      Есімде...  Бәрі бәрі жаңа ғана болғандай көзімнің алдынан кино лентасындай жүріп өтеді кешегі күндерім.  Ол кезде мен қазіргіден де қайратты, қазіргіден де жігерлі сияқты едім. Енді... Ертеңімді ойлауға жүрегім дауаламай, жанарымның алдынан басқа, алысқа көз жүгіртуге қаймығатын хәлге де жетіп қаппын ау!  Түн жарымға көз ілмей, күні бойы далаға шықпай, жаныңды одан ары езе түсетін баяу әуеннің жетегінде үнсіз, түнсіз жата беретін болып та алғам.  Не істе дейсің енді маған? Қайт дейсің?  
       Қош...  Хәлімді айтып құлазығаныммен құшағыңды аша қоймассың енді.  Иә... Сөйтесің!  Мен де өзіңнен ешнәрсе күткен емспін... Маған керегі Сенің күлгенің! 

Хат салғаным үшін айыптымын. Кешір!   

                        Сәлеммен:  Өзің "сіз" дейтін Мен.