"Адамның ұлы ҚУАТЫ, ұлы СЕНІМІ"
жеке
блог

"Адамның ұлы ҚУАТЫ, ұлы СЕНІМІ"

Бірер ай бұрын Ілияс Есенберлиннің "Ғашықтар" романын оқып, керемет әсер алып едім. Келіп қалған "Ғашықтар күні" мерекесіне орай осы кітаптан алған әсерімді сіздермен бөліскім келді. Қатты ұнайтын тұстарын басымды шұлғи-шұлғи оқып, күнделігіме жазып қоятын әдетім бар еді. Біріңізге таныс, біріңізге бейтаныс Гүлжан Серіктің стилімен сондай үзінділерді де келтіре кетейін.


*** Адам баласы қызық қой, әлде мен солаймын ба, өз қайғымнан гөрі өзгенің қайғысын көбірек ойлаймын, біреудің жылағанын не опық жегенін көрсем, сол күні менің берекем кетеді. Қолымнан келер жәрдемім болмаса да, әлгі адамның қайғылы халі ойымнан шықпай қояды.

*** Дүниеде қуаныштан қысқа не бар?

*** Махаббаттың құны қуанышында емес, қайғысында. Қуанышына кім де болса, мәз бола алады, ал қайғысын көтере алса, сонда ғана ол махаббатты шын бағалай білгені.

*** Махаббаттан құмарлықты, еркек пен әйелдік сезімді алып тасташы, егер сонда бірін-бірі жақсы көрген екі адам бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтындай сезімге ие болса, сонда ғана ол шын махаббатқа ие.

*** Бірі қаза тапса, екіншісінің қалған өмірі басы бар да, аяғы жоқ, бітпей қалған кітап секілді.

*** Біреуді неге сүйдің деп сұрау дұрыс емес. Оған жауап беру қиын.

*** Жиырмасыншы жылдардағы әйгілі американың биші әйелі Айсидора Дункан:"Жалынсыз махаббат – әуенсіз музыка, әуезі мен нақышы үндеспеген бишіге ұқсас, егер екеуі бір-біріне қауышып жатпаса, ондай биді билеп керегі жоқ,"- деген.

*** Махаббат пісуі жетіп, енді төгілгелі тұрған егін емес, ол үнемі жас, еш уақытта да сарғаймайтын көкорай, несіне асығасың?

*** Аспандағы жұлдыздан, қасыңдағы құндыз артық.

*** Кімде кім махаббаттың зардабын, ауыртпалығын тартпаса, оның қуанышын, қызығын бағаламайды. Карта ойынында қолың шыққандай, махаббатта да оп-оңай жолың бола берсе, адамның оған да еті үйренеді, асыл құнын түсіріп алады.

*** Қазақта "Балығы жоқ көл, шөбі жоқ жер, ұяты жоқ қыз, жігері жоқ жігіт қадірсіз".

*** Махаббат, адал сақтай білсең, тот баспайтын, інжу сәулесін құлпырта түсетін бір гауһар тас. Кір жұқтырсаң ол гауһар тастың қандай қасиеті қалады?

 

*** Адамның мансапқа егіліп, дандайсығаны трагедия емес, сол дандайсыған шіркіннің бір күн болмаса, бір күні мансабынан айырылып, мүскін жағдайда қалғанда, өзін-өзі қайда қоярын білмейтіні трагедия! Амал не, жас теке мүйізінің тұқыл боларын білсе, орынсыз сүзісе бермес еді.

*** Сенің қабағыңның түнергені, сүйген жарға түн болып көрінеді. Сенің қабағыңның ашылғаны оған күн шыққанмен бірдей.

*** "Шөлмек күнде сынбайды, бір-ақ рет сынады" дегендей, қыз жүрегі де бір-ақ рет берілмей ме...

*** Арақ айтқан емес пе, "бір рюмкамен жолымды көрсетіп берсе, әрі қарай өзім жүре берем,"-деп.

*** Кей жігіт жылқы мінездес болады. Лайлы өзеннен су ішпейді.
 
Түн жарымына дейін отырып оқығаныңды ақтайды. Қанша қиыншылық болса да, соңы жақсымен аяқталды. Аяужанның жүріп кеткеніне қатты қуандым. Оған көрші әйелдің қасақана айтатын әні де себеп болды. Содан кейін "мен жүрем" деген шешімге келеді ғой Аяужан. Әр істің бір қайыры бар. Ибн-Сина айтқан "адам дертінің дауасы – дәріден бұрын өз ойы, жазылатынына сенімі" екенін дәлелдеді. Жантастың "мүсін жасаймын" деп Үміттің үйіне бара беретіні, ештеңе болмаса да, екеуінің де бөтен ойы жоқ болса да, қайта-қайта баруы ұнамайтын. Үміт – күйеуі жоқ келіншек, оның үстіне кезінде араларында сезім болған. Аяужанды қанша сүйсе де, қанша жерден адал болам десе де, сезім деген айтып келмейді ғой. Бір сәттік келіп қалған сезімге ерік беріп қойса не болар еді? Мен ғана емес, Аяужанның да көңіліне солай қаяу келіп жүр екен... Алтынайдың Шерубаймен қосылғаны қызық болды. Ол да жақсы шешім. "Адамдардың барлығы жақсы, тек өзің жақсы тануың керек" деген пікірім тағы дәлелденді.