Жандарбек Бұлғақовтың сырлары мен қырлары

Жандарбек Бұлғақовтың сырлары мен қырлары
жеке
блог

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде "Алтын белгі" иегерлері қауымдастығының ұйымдастыруымен көпшілікке танымал айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақовтың студенттермен кездесуі болып өтті. Еркін форматта өткен сұхбаттасуда ақын Жандарбек өзгеше қырларын көрсетіп, өзіндік сырларымен бөлісті. Сол алаңда айтылған, бұрын соңды айтылмаған қызықты деректер мен көрікті ойларға келетін болсақ:

Жандарбек...

1)...1991 жылдан 2006 жылдар аралығында болып өткен айтыстардың бәрін жатқа біледі. Кез-келген жерінен сұрасаңыз да кімнің қашан, қалай айтқанын дәл тауып айтып бере алады.

2)...егер ақын болмағанда заң, құқық саласының қызметкері болатын едім,- деп ойлайды. Себебі, бала кезінен "Криминальная Россия" атты детективтік бағдарламаны жібермей көріп, ондағы қылмыстардың қалай ашылатынына қызыққан.

3) ...алғашқы махаббатын 6-шы сыныпта кездестірген және сол алғашқы махаббаты бүгінгі күні ошағын тұтатып отырған жары.

4) ...өмірде дін жолына кеш түскеніне өкінеді. Сәл ертеректе бос жүріп, рухани азық жинауды ойламай, уақытын текке кетіргеніне налиды. Дін жолына ертерек түскенімде, сол кездегі ішіп-жеуім, жүріс-тұрысым өзгеше болар ма еді?-дейді. Ұлы сөздің ұяттығы жоқ, рухани ізденіссіз, асханадан басталып дәретханамен аяқталатың өмірдің мәні бар ма?-деген-ді.

5) ...өзінің бойындағы тез шешім қабылдағыштығын ұнатпайды. Соның кесірінен адамдарды ренжітіп алатындығын айтады.

6)...өзіне "Менің атым Қожа" фильміндегі Қожа кейіпкерін жақын деп есептейді.

7)...шоу айтыстың піспей қалғаның, кемшіліктері барын мойындайды. Бірақ, оны үлкен дауға айналдырып, айтыскерлерді сөгетіндей айтыстың айбыны ғайбатталмағаның айтады. Ақындар, әдеттегідей, әдептен озбай, айтарын айтып кетті, бұл керісінше айтысты игере алмай отырған әншілерге сын дейді. Айтыскерлерді сөккен адамдардың айтысқа шынымен жаны ашып бара жатса неге  калян шегіп айтысып, қыздарды қазақ көйлегімен шығарып, ерсі қылықтар көрсететін Нұртас Адамбаевтың "Айтысstar" бағдарламасын жаптыртпайды,- деген ой тастады.

Бұдан басқа да әртүрлі сұрақтар талқыланды және осы сияқты  өзіндік көзқарасы қалыптасқан ақынның көрікті ойлары көптің көкейінде қалғаны анық.