Жастар қалай сөйлейді?

  Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жастардың айтылған ойының  астары былай тұрсын, оның мән-мағынасының өзін шала-шарпы ұғынатын болғанбыз. Сөздің қадірін кетіріп, қалай болса солай сөйлей салуға да етіміз үйренген. Қандай жағдайда да сөзге тоқтаған ұлттың сөйлеу мәдениетінен алыстап бара жатуы көңілге кірбің ұялатады. Осындай мәселелерді шешу мақсатында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастар сөзі» еркін пікірталас жобасы аясында «Сөйлеу мәдениеті және жастар қалай сөйлейді» тақырыбында М.Әуезов орта мектебінде пікірталас болып өтті.  Бұл шараның мақсаты: қазіргі жастарымыздың сөйлеу мәдениеті қандай деңгейде, жастар ой ойларын анық жеткізе ала ма? деген сауалдардың жауабын алып, берілген тақырыпқа сай ойларын білу еді. Пікірталасқа арнайы қонақ ретінде келген Халықаралық қазақ тілі қоғамы Индер аудандық филиалының төрағасы Шыныбаев Бағытжан Сағызбайұлы өз сөзінде қазіргі жастардың жаргон сөздерді көп қолданатынын тілге тиек етті. Мысалы, «базар жоқ», «тормозы ұстап қалды», «крышасы мықты екен» секілді тіркестерді қолданып сөйлеу жастар арасында кең етек алып бара жатқаны, ана тілімізге деген құрметтің жоқтығы деді.  Сондай-ақ, пікірталас келген мектеп оқушылары мен студенттер арасында өз пікірлерін білдірумен жалғасты. «Көктем» қазақ орта мектебінің 8-сынып оқушысы А.Ажгулов: «Қазіргі жастар арасында, шыны керек, сөйлеу мәдениеті жақсы дамымаған. Оған дәлел, біріншіден, жиында бес қазақ, бір орыс отыратын болса, барлығы да орысша сөйлейді, екіншіден, көшеде не сыныпта әрлі-берлі жүрген адамдарыдң айтқан сөздеріне құлақ түре қалсаңыз, көпшілік қазақ тілімен қоса орыс тілін араластыра қолданып сөйлейді, тіпті оны мәртебе көреді. Иә, қазіргі таңда қанша тіл білсеңіз де артық емес, дегенмен, әр нәрсені өз орнымен қолдансақ жақсы болар еді» - деп өз пікірін білдірді. Ал, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ІV-курс студенті Ж.Нариманова: «Қазақ халқы ерте заманнан сөз құдіретін, сөйлеу мәдениетіне ерекше мән берген. Дегенмен де, қазіргі таңда, «ә» дегеннен жырлай жөнелетін, кесек, шебер, шешен сөйлейтін жастарымыз сиреп бара жатқандай көрінеді. Оған өзінің жаңа заманғы жаргонымен сөйлейтін жастардың көбейіп келе жатқаны дәлел бола алады. «Кісіні аузындағы сөзінен таны» деген аталы сөздердің түп-төркініне бойлап қарасақ,бүгінгі жастардың сөз сөйлеу мәдениеті мен сөз саптау шешендігінің қандай дәрежеде екен деген ойға қаламыз. Осы жайын терең ойлаған Елбасымыз «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп, ең алдымен өз ұлтымыздың ана тіліне ден қоюын баса көрсеткен. Өйткені жайшылықта қазақ тілінің байлығын айтқанда алдына қара салмай, аңқылдай жөнелетін ұлтымыздың бүгінгі жастарына сауал қоя қалсаңыз, екі сөздің басын құрай алмай, ойын жеткізуден қиналып жатады. Десек те, ең бастысы, ана тілінде таза сөйлеп, ел болашағын көтеруге өз үлестерін қосуы қажет»-екенін айтып өтті. Пікірталас соңында қорытынды сөзді А.Сарғойшина алып, «Болашақ жастарымыздың қолында демекші, жастар ана тілін қадірлеп, ел болашағын көтеруге атсалысуы тиіс дей келе, «Жас Отан» ЖҚ жанынан жаңадан құрылған «Ұшқыр ой» дебат-клубының ашылғандығын хабарлап, осы дебат-клубына тіркеліп, белсене атсалысуға шақырды.

          Қорыта келсек, «Ақыл қайда болса, ұлылық сонда болады, білім қайда болса, сол білікті болады» - дегендей, сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың ең басты шарты – көркем әдебиетті оқу. Сол арқылы тіл байлығын дамытып, шешен сөйлеуге үйрену керек екендігін естер шығармағанымыз жөн.

         Жадыра Нариманқызы

М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенті



Бөлісу: