"Жансебіл" фильміндегі мүгедек шалдың прототипін білесіз бе?
блог
«Абралыға баратын кім бар, Абралыға баратын кім бар?» деп жанұшыра теміржол вокзалында айқайлайтын, қос аяқтан бірдей айрылған қарияның бейнесі фильмді көргеннің көз алдынан оңай кетпейді. Аманатқа қиянат, әжетханаға кеткен хат, туған жерге деген сағыныш, шалын арбамен жетектеген орыс кемпір… Жүсіпбек Қорғасбектің «Жансебіл» шығармасының желісі бойынша түсірілген кино кімнің болса да жанарын жасауратады.
Әңгіме фильм жайлы емес, осы фильмге арқау болған, бас кейіпкер Мұқатайдың прототипі жайлы. Ол — Бейімбет Мәмбетұлы. Бейімбет Мәмбетұлы Ұлы Отан соғысында екі аяғынан бірдей айырылып, туған жеріне денесінің жартысын сүйретіп жетіп, құр кеудесімен жүріп, тағдыр тауқыметіне тойтарыс беріп, тырмысып еңбек еткен.
Бейімбет 1906 жылы қарт Қаратаудың етегінде палуандығымен атағы шыққан Мәмбеттің шаңырағында дүниеге келген. ІІ Дүниежүзілік соғыс басталғанда орда бұзар отыздан асқан жігіт ағасы отбасын қиып, майданға аттанады. Әскерге алынбай тұрып мал фермасында жұмыс істейді. Алғашқы ұрысы Ленинградты қорғаудан басталады.
1943 жылы жарылғыш снарядтың жарықшағы тиіп, қос аяқтың қара санын бірдей жұлып алып кетеді. Госпитальда емделіп, мүгедек күйінде елге оралуды намыс көріп, әрі бала-шағаға масыл болмауды ойлап, елге қайтпайды.
«1943 жылдың қыркүйегінен соң әкемізден хат үзілді. Майданда қаза болды ма, не жау тұтқынына түсті ме, хабарсызбыз. Сөйтсек, көкем жағдайы жөнінде Тайыр Пірімбетов деген ауылдас досына хат жазыпты. Орынбасар әкем көкемді іздемек болғанда сол кісі: „Әкеңді іздеп әуре болма, ол тірі“деп мекен жайын берді. Тайыр берген мекен жайға хат жазып, әкеміздің оралуын өтіндік… Әлі есімде, 1944 жылдың қазан айының соңында үйге көкем бұрын жұмыс істеп кеткен ферма бастығы келіп, көкемді бұрынғы қызметіне қайта қойды. Көкеме жеке машина берді. Ол кезде бастықтардың өзі де салт ат мінетін»,-деп еске алады Бейімбеттң немересі Маржан.
Бейімбет Мәмбетовтың баласы Орынбасар Бәйімбетов (оң жақта)
Бейімбет Мәмбетов жер жарып атағы шықпаса да, өмірінің соңына дейін туған жерінің көркеюіне үлесін қосып өткен. Ол 1965 жылы жүрек талмасынан көз жұмған. Баласы Орынбасар Бәйімбетов (Бейімбетов болуы тиіс, құжат толтыру кезінде өзгеріске ұшырап кеткен) Сыр өңіріне атағы шыққан, Социолистік Еңбек Ері атағын алған құрметті азамат.
Міне, талайдың жүрегін қайыстырған Мұқатай шын өмірде туған жеріне оралады.