Жалғыз қыз - 3 (Әңгіме)

Жалғыз қыз - 3 (Әңгіме)
жеке
блог

Үш күн үйде болмаған сары машина қыр басынан бұлдырай көрінді. Сары машинаны көргенде, Айсұлудың жүрегі бүлк етіп, өз-өзінен дірілдей бастады. Келмесе екен деп тілейді. Көргісі келмейді. Бірақ шарасыз. 

Жандостың көңіл-күйі сары машинаның жүрісінен білінеді. Сары машина шаңын будақтатып, төрт дөңгелегі төрт жаққа шашылып кетердей атой сала тоқтаса, иесі көліктен түтігіп түседі. Бұл жолы ескі көлік үй жанына жетіп жығылғандай ілби тоқтады. Жандос та сүлкіні түсіп, сүмірейіп шықты. 

Есік алдындағы аласа ағаш орындықта бір уыс боп бүрісіп отырған Айсұлудың жанына келді Жандос. Әйелінің әрі қашқан бетіне қарап:

- Айсұлу, жаман адам екенімді білем. Маған қарашы, қандай бақытсызбын! - деді кенет. 

Айсұлу бос құтыға теңеп, жек көріп жүрген адамынан мұндай сөз күтпей, аңтарылып отырып қалды.

- Әкем қайтқалы үйден береке кетті. Жарықтық әкем барда бақытты, дәулетті едік. Өмір бір айналдырса, шыр айналдырады екен. Жығылғанға жұдырық болып, тұралатып тастайды екен. Тағдыр деген - осы. 

- Жандос, өз әйелің тірі тұрғанда, мені әкеліп, оны тірілей қорлағаның қалай? Оның көз жасы, қарғысы сені бақытты қылар деймісің?! - Айсұлудың үні мұрын астынан міңгірлей шықты. 

- Тыңдашы. Ол - кезінде ойнас жасап, қазір соның азабын тартып жатқан адам! Оның маған деген сезімі болған емес, дәулетіме қызығып шыққан. Байлықтың бәрі бір күнде көкке ұшып кетті. Қолдың кірі емес пе? Осы ауылда бір дөкей бар Жұмабай деген, сол дөкеймен қызық көріп, тірідей  намысымды жерге таптады. Кезінде сондай сұлу, адуынды, өткір әйел болатын. Мен байғұс амалым қалмай, ішкілікке салындым, бір күні ішіп келіп, әйелімді өлімші етіп сабадым. Ол қашып құтылып, ауыл сыртына шығып кеткенін байқамай, қапыда құдыққа құлады. Сенімен кездескенде, арты бұған ұласады, сені тез келісім береді деп ойламадым. Көңіл көтеру үшін барып жүрген көп қыздың бірі болатынсың. Бір жағынан мына сиқы қашқан үйдің өңін кіргізетін бір адам керек болды... Ол адам - сен болып шықтың. Жазмыш. Ал қазіргі сезімім... Білесің бе, қазір қарындасымдайсың... Бәрі көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Аяқ астынан... 

- Менің де саған деген сезімім махаббат емес екен. Шатасыппын. Дәл қазір өмірімнің күл-талқаны шыққандай, мен үшін өмірдің мәні қалмады. Қалаға кетіп, оқуға түскім келеді. Бұл жерге өз-өзімді түсінуім үшін, жүрегіме тереңірек үңілуім үшін ғана келген сияқтымын. Бұл жер мен үшін жан-дүниенің қақпасын ашып берген есік болды. Рұқсат берсең, мен ауылыма қайтып, ата-анамның алдынан өтіп, қалаға кетсем деймін. Арамызда болған нәрсе бір қателік деп есептейік.

Айсұлу Жандосқа жасқана қарады. Жоқ, бүгін оның сиқы өзгеше. Салиқалы, сабырлы адамға айналып шыға келіпті. 

Жандос күрсінді. 

- Жоқ, оған рұқсат бере алмаймын, - деді сосын. - Біраз уақыт өтсін, әлі-ақ бір-бірімізді сүйіп кетеміз. Шай дайын ба? 

Айсұлудың соңғы үміті сөнгендей. Аңдамай басқан қадамы үшін өмір бойы бармақ тістеп, өкініп өткісі жоқ. 

Бұл енді күн сайын "үйден қашу" жоспарын құратын болды. Ауылдың таксилерін жалдайын десе, бір тиын ақшасы жоқ. Жаяу қашайын десе, сары машина артынан жаналғыштай жетіп келетінін біледі. Ауылдың бағытын да білмейді бұл бейшара. Суға батып бара жатып, тал қарпыған жандай бұл енді тағдырына мойынсұнбауды ұйғарды. Жандостың анасынан сыр тартып көрді. Бұның ауылы мен осы ауылдың арасын екі ауыл бөліп жатыр екен. 4 сағаттық жер. Арман болған 4 сағаттық жер... Қайтсе, жетеді?! Қанағат қылмайтын қайран көңілі алабұртып, сол жаққа жетсе ғана тыныштық табатындай. Өрімдей жас өмірі қор болды-ау... 

Жандос бірнеше күнге жоғалатын кезде қапысын тауып, қашу керек. Бұл ну орманда адасып-адасып, өз сүрлеуіне емес, басқа патшалықтың үңгіріне түсіп кеткендей, өзін бұл үйде тым суық, бөтен сезінеді. Аңшының оғынан жасқанған еліктің лағы секілді. Тырс еткен дыбыс шықса, жүрегі кеудесінен ытқып шығып кете жаздайды. Бұны біреу бұрымынан сүйреп, ит байласа, тұрмайтын құмның арасына жалғыз өзін лақтырып тастағандай. Үйдегі жандарға қараса да, көрмейді. Тоз-тозы шыққан қабырғадағы кілемге қарап жатып, қиял бұлтының арасына жасырынған аяулы арманын елестетеді. Бұйра құмға басымен батып бара жатқандай үні де шықпайды. Күні бойы ешкімге тіл қатпай, өз-өзімен алысады да жүреді.  

"Ее, жалғыздық деген - тәннің жалғыздығы емес, жанның жалғыздығы екен ғой" деп күрсінеді сосын. Мейлі ата-анаңның бір түйір қызы бол, мейлі әпкең, сіңлің болсын, жаның жүдесе, жалғызсың... Ойлап жатса, өз үйінде хан қызындай қамсыз өмір сүріпті. Бұныкі тек барға қанағат қылмау болған екен. Мектепте қанша қыз бұнымен құрбы болғысы келсе де, бәріне ешкімді жақтырмайтын тәккаппар көңілмен қараған екен-ау. Шашылған байлықтың орнында отырмаса да, ата-анасының сүйіктісі болғанының өзі неге тұрады?! Неге татиды?! Байлық деген - сүю, сүйікті болу екен ғой! Міне, байлық деген - осы екен ғой!!! 

Бұл жақта таң да басқаша атады екен. Біртүрлі мейірімсіз. Терезеден төгілген сәуленің ұшқыны бұған жетпей, тоқтап қалатындай. Қараңғы қапаста жалғыз өзі мәңгілікке қалғандай. Жүрек байғұс қана жанұшырады. Тілі болса, "Неғып отырсың?! Қаш! Арманыңа қарай қаш! Артыңа қарама" дер еді...   

Жалғасы бар 

Әңгіменің басы мұнда:

Жалғыз қыз - 1

Жалғыз қыз - 2

Жалғасы мұнда:

Жалғыз қыз - 4

Жалғыз қыз. Соңы

Сурет: hemanthvujuru.blogspot.com