Жалғыз қыз (Әңгіме)

Жалғыз қыз (Әңгіме)
жеке
блог

Айсұлу - бір үйдің жан дегенде жалғыз қызы. Жалғыз қыз болған соң, мойнына артылған жүк те көп. Неге екенін қайдам, жалғыз қыз деп үпектеп отырған ата-анасының үкілі үміті еңсесін басады да тұрады. 

Айсұлу мектепті келесі жылы бітіреді. Өзгелер сияқты асыр салып, ойына не келсе, соны жасағысы келеді. Ата-анасы Айсұлуға жақын сияқты болғанымен, алыс. Өздері кеш үйленген соң, Айсұлу үшін әке-шешеден гөрі, ата-әжеге көбірек ұқсайды. Айсұлудың жаны еркіндікті қалайды. Тордағы тотықұс сияқты бұлқынса да, іштен тынады. "Әкешім, бүгін отырысқа барып келейінші" деп сұрануға қақысы жоқ. Өйткені бұл сөз оған лайықты емес. Ата-анасы келімді-кетімді көп адамға Айсұлудың қандай тәртіпті, тәрбиелі екенін айтудан жалықпайды. "Біздің Айкөштің оқудан қолы тимейді, біздің Айкөштің қылтың-сылтыңы жоқ, бір ізбен кіріп, бір ізбен шығады, біздің Айкөш бетімізге қарап, бір ауыз қатты сөйлеген емес, біздің Айкөш..."

"Біздің Айкөштің" кітап оқыған болып жатып, күн ұзақ сол бір жанды ойлайтынын олар білмейді. Тезірек мектепті бітіріп, көз көріп, құлақ естімеген алыс мекенге кеткісі келеді. Гауһар тастары жалт-жұлт еткен шілтерлі ақ көйлек киіп, ертегі әлеміне топ ете түскенді армандайды. Үлде мен бүлдеге оранып, салтанатты сарай салып, сол сарайда сүйікті жанымен мәңгі бірге болсам дейді. Ол сарайда ата-анасына орын бар ма, жоқ па, ол жағы қиялында таласқа түсіп жатыр. Өйткені Айсұлудың ата-анасына өкпесі қара қазандай. Ес кіріп, етек жапқалы бұнымен бір рет болсын санасқан емес. Тек өз қалауларын орындатып, "сабаққа барғызады, сабақтан келгізеді". Бұл жаны бар қуыршақ тәрізді. "Мен неге Гүлнұр сияқты кешкі отырыста бәрін өзіме қаратып билемеймін?", "мен неге сүйікті жаныммен қолұстасып жүре алмаймын?". Айсұлудың жанын жегідей жейтін - осы тектес сұрақтар.

Бір күні таң сібірлеп атқанда Айсұлу төсегінен атып тұрды да, бәріне қолын бір-ақ сілтеді. Түні бойы өмірінде үш рет кездесіп, көбіне интернет арқылы білетін "сүйгенімен" хат жазысқан. Бөлмесінің есігін ашып қараған анасы бұның ноутбукке телміріп отырғанын көріп: "Менің Айкөшім, менің айнам, менің құлыншағым, оқымыстым, болашағым" деп айналып-толғанып, есікті жайымен жауып шығып кеткен.

Айсұлу өзінен 7 жас үлкен көрші ауылдың сымбатты серісі Жандосқа "сенімен бірге кетем" деп ант берген. Жандос ары қарай қазбаламады. "Қыз дайын болса, біз дайын" деп Айсұлуды алып қашуға белін бекем буып отырғанын білдірді. 

Таңда әкесі малды қорадан шығарып, бақташыға апарып қосады. Бұл кезде анасы шелегін арқалап, сиыр саууға қораға кетеді. Түні бойы тас болып бекітілетін қара құлып айқара ашылып, Айсұлу осы заматта өзін үй сыртында асыға күтіп тұрған сүйгенінің құшағына құламақ. Одан кейінгі тағдыры Жандостың қолында. Осы оймен Айсұлу мысықша басып үйден шықты. Жүрегі дүрсілдеп, алқымынан алып барады. Ақ білегіне оралған қолаң шашын кері қайырып, дымын шығармауға тырысып, есіктен ентелей шықты. Маңдайынан шып-шып етіп шыққан ащы тер бүкіл денесіне тарап, алға басқан аяғын кері тартып жатқандай үй сыртына әрең жетті. Мыңжылдық тарихы бар кәрі ағаштың қалқасында тұрған сары машинаны көрген бойда, тұла бойы жеңілдеп сала берді. Қара көзі мөлтілдеп, тізесіне түскен көк көйлектің етегін желпілдетіп, бұрала басып, сыны кеткен сары машинаға ене берді.  

Міне, Айсұлу өзі жыға тани қоймайтын жігіттің етегінен ұстап, ен далаға безіп барады. Көлік терезесінен артта қалып бара жатқан үйіне бұрылып қарады. Шаң арасынан бұлдырлап тұрған еңселі көрінетін ақ үй мыжырайып, шөгіп қалғандай. Неге екені қайдам, бұл үйдің бүгінгі кейпін шашына ақ түсіп, аяғын сылти баса бастаған әкесіне ұқсатты. Ал үй жанындағы жазғы үй әкесінің бір ауыз сөзін екі етпейтін, елпек қаққан ақжүрек анасы тәрізді. Сол, сол-ақ екен Айсұлудың бота көзінен бір тамшы жас мөлт етіп, ер түгілі, күн тимеген қос төсіне ыршып түсті...

Жалғасы

Жалғыз қыз - 3

Жалғыз қыз - 4

Жалғыз қыз. Соңы

Сурет: poetryclub.com.ua