Бақыт құсын көрмедің бе?

Бақыт құсын көрмедің бе?
жеке
блог

Тіршілік атаулыға жан кіріп, көктем шығып келеді. Бәлкім, қаланың қарбалас тіршілігінен жер жаһанның жасыл түске боянғанын байқамай да қаларсыз. Ал ауылды елдімекенде жер жүзінің қалай түлегені көз алдыңызда өтеді.

Көктемнің келгенін жеткізетін табиғат «ғажайыптары» да жетерлік. Соның бірі – жыл құстары. Өкпек есіп, қар ери бастағанда өзгелердің алды болып ұшып келетін жұдырықтай ғана жыл құсы бар. Оны қазақ наурызкөк, наурызек немесе көкқұс деп атайды. Кей жерлерде оны жылқышы құс деп те айтады және «бақыт құсы» қатарына қосады. Құсты бірінші көрген адам оны жақсылыққа балап, жем шашады, Наурызкөкті алғаш көргендер «Наурызкөгім келдің бе?» немесе «Наурызек, қайтып келдің бе, анаңның көзі жазылды ма?» деп сұрайды екен. Аңыз бойынша, мұндағы Наурызектің анасы — Жер-Ана. Яғни, Жер-Анаға көктем келді ме, табиғат жаңарды ма деген мағына береді екен.

Ауылда жүргенде бұл құсты талай рет көргенмін. Апам қолыма тары ұстатып, «шаш» дейтін. Өте сақ қимылдайтын құс шашқан тарыларымды жегенінің талай куәсі болғанмын. Көктемде ауылға көп жол түсе бермейтін болғандықтан, бұл құсты көрмегелі де көп жылдың жүзі болды. Негізінен, Наурызек құсы еліміздің оңтүстік өңіріне көбірек келеді екен.

Жеп-жеңіл ұшқалақтап тұратын кішкентай құс — Наурызкөктің құйрығы ұзын, түсі көк болады. Наным бойынша, Наурызкөк келгеннен кейін күннің қатуы сынып, айтарлықтай боран, суық болмайды. Әлемде бұл құстың 60 түрі бар көрінеді. Ол ұясын көбіне шөп арасына салады екен. Ғаламтор беттерінде бұл құс туралы ақпарат сирек кездеседі. Тіпті, суреті жоқ десек те болады. Кездестіріп жатсаңыздар, жаза отырыңыздар. Суретін жолдай отырыңыздар.

Иә, көктем хабаршысы «бақыт құсы» ғана емес. Көктем мерекелері де. Оның алғашқысы – 8 наурыз халықаралық әйелдер күні! Көк желекті көктеммен бірге көңілге қуаныш сыйлай келетін ақ жаулықты әжелеріміздің, аяулы аналарымыздың, әпкелеріміздің, қарындастарымыздың мерекесі. Мұны ұмыт қалдыруға болмайды. Мен де барша нәзік жанды аруларды келіп жеткен мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Жүздеріңіздей күлкі кетпей, көктемдей құлпырып жүре беріңіздер!

«Бақыт құсы» (мейлі наурызек болмасын) жайлы аңыз да бар, түсінік те бар. Адам баласының басын бір «бақыт құсы» айналып жүреді екен. Ол сіз бен бізге бақыт пен денсаулық тілеп, қауіп-қатерден сақтайтын көрінеді. Бірақ, адам баласының аңқаулығы сонша – өз құсын танымай, таба алмай өтеді екен. Егер танып, көріп, біліп, ұғынып жатса, бақытқа кенеледі...

Ал сіз өз «бақыт құсыңызды» кездестірдіңіз бе?