14 НАУРЫЗ – «АМАЛ»: ҚАЗАҚША ЖАҢА ЖЫЛ

14 НАУРЫЗ – «АМАЛ»:   ҚАЗАҚША ЖАҢА ЖЫЛ
жеке
блог

Бүгінде Көктемнің алғашқы әрі Жаңа жылдың енетін күні саналатын «Амалды» елдің батыс аймағында біршама өңір ғана атап өтеді. Ал, бұған дейін оны Қазақстанның Маңғыстау аймағынан бастап Сыр өңірінің барлығы,Қостанай, Торғай аймағына қоса, ресейлік Ажтархан (Астрахан), Сарытау, Самара, Орынбор облыстарының қазақтары атап өтетін. Бүгінде барлығы да Наурызға әрі жаңа жыл, әрі Күн-Түн теңесімі ретінде мазмұн беріліп, 21-22 наурызда мерекелеу қолға алынып келеді.

Мәселе неде? Мәселе қазақтың Жаңа жыл ұғымы мен ежелгі дейтүркілік Күнге табыну дәстүрінен бастау алатын, бүгінде парсылық (кейбір журналистер мұны «шығыстық» атап айдан аспаннан шығарып жүр) мазмұн беріліп жүрген Күн-Түн теңесімі мерекесінің шатасып кетіп отырғандығында. Түркілер көктемгі «теңесіммен» шектелмеген, күзгі теңесім қарсаңында Чук (шұбаш), Сабантой (қазақ, башқұрт, татар, шұбаш), Ақ ай (маңғол, қалмақ) мерекелерімен келсе, оған қоса қысқы және жазғы Күн тоқырауы да «Нартуған» (қазақ, башқұрт, татар, шұбаш), «Корачун» («Түнек құрысын» мағынасында – мажар-қыпшақтар, кейбір Сібір, Саян түркілері), сондай-ақ Ысыах (саха) атап жүр. Қысқасы, Күн-Түн арақатысына байланысты мерекелердің барлығы Күнге табыныс көріністері және аса ұлы мерекелер болып табылады. Парсылар соның тек қана ортаңғыазиялық түркілерден ауысқан көктемгі нұсқасын мерекелеп келеді.

          «Амал» мәселесіне келсек,  мазмұны аса ежелгі жұлдызшылардың, астрологтардың іліміне қатысты жайттан бастау алады. Аспандық үдерістер бойынша бұл күндері Амал жұлдызы мен Күн бір түзудің бойына шығып, Жерден қарағанда беттесіп тұрғандай әсер етсе керек. Және де осы жайт қыстың кетіп, көктемгі үдеріске келтіретін ғарыштық түрткі болып табылмақ. Сол себептен де қысы аса қатал далалық көшпелі түркілер үшін бұл үдеріс қыспен бірге ескі жылмен де қоштасу болып табылған. Яғни, Амал мен Күннің «көрісуі» далалықтардың да ежелгі көкірек түйістіру (көк+ірек, адамдағы Көк қақпасы) дәстүрінің туындауына түрткі болған.

 

Амалды мұсылман ақын Рабғұзи (Насреддин) «Көктем» өлеңінде былайша суреттейді:

Күн енді де Тоқтыға,

Амалменен беттесіп,

Мұз бен қарды ерітті.

Қайран қалған жұрт десті:

Осы қыс болып па еді? 

 

Бүгінгі Наурызға телініп жүрген Наурызкөже асы шын мәнінде көктемгі аласапыранды, қардың еріп, қызыл судың жүріп, жер бетіндегі болып өткен топан су мифінің жұрнағы ретінде Жаратушыға мойынсұну ишарасын білдіреді.

 

Сонымен, біз бір емес екі бірдей көктемгі мерекенің біріккен мазмұнын қысқаша қарастырдық. Алайда Наурыз бен Амал бір бірін толықтырмаса, қайшы емес. Сол себепті де, аталмыш мерекелерді бейресми түрде 14-22 наурыз аралығында мейрамдағанымыздың жөні бар. Оның үстіне халқымыздың бір бөлігі әлі күнге солай етіп келеді, ал ресми түрде төл танымнан бас тартқандай болмай, оны кеңіте түскеніміз абзал, мерекелер жыймасын «ана аймақ, мына өңір» демей,біртұтастандырған жөн.

Бүгін Астанада наурыздың ақша қары түсті. Қазақ «Қардың басын қар алар» дейді, бұл - қыстың емес, оның қоштасу қары, Көктемнің нағыз белгісі!

 

Сонымен, құрметті ағайын,

бүгін 14 наурыз қазақша Жаңа жыл, Ұлу (улитка емес, айдаһар) жылы кірді.

Ескі жыл есіркеп, Жаңа жыл жарылқасын!

Жаратушымыз тілегімізді қабыл етіп, еліміз аман, жеріміз жайнай түссін!