Шетел телехикаялары бізге не берді?

Шетел телехикаялары бізге не берді?
жеке
блог

Соңғы онжылдықта телеарналардан көп бөлімді телехикаялар көптеп көрсетілуде. Әрбір телеарналардан күніне кемінде үш телехикая көрсетілімі өтеді. Әр үйдің жас баласынан еңкейген қартына дейін көкжәшік алдындағы ермегі сол. Әуелде латын америка елдерінің сериалдарынан бастау алса, қазір оның қатары түрік, корей, орыс, үнді сериалдарымен толықты. Алайда оның бізге тигізер пайда-зиянын елеп ескеріп жатқан ешкім болмады. Тек қазір шетел телесериалдарының көрсетіліміне тиым салу немесе оларды отандық өніммен алмастыру жайлы әңгімелер көптеп қозғалуда. Сонымен осы телехикаялардың әсері қандай болғанын саралап көрейік.

    Біріншіден, елімізге латын америка сериалдарының келуімен мәдениетімізге бірнеше өзгерістер енді. Ашып айтсақ, қыздарымызға арналған қазақи есімдердің орынын латын сериалдарының кейіпкерлерінің есімдері басты. Ол ғана емес, амандасқанда салтымызға жат сүйісіп амандасу осы сериалдардың көрсетілімінен кейін пайда болып, қазіргі таңда тіпті күнделікті өміріміздің қалыпты көрінісіне айналды. Сонымен қатар осы латын америка сериалдары қыз-келіншектеріміздің киім киісіне де, бет-бейнесіне де әсер етпей қоймады. Мысалы, қазада  ғана шашын жаятын, «қос етек көйлек» киген қазақ қызы шашын жалбыратып, етегін ақ саны көрінгенше қысқартты. Тағы бір айта кететін жағдай, тойларда ойналатын қазақы сарындағы әуендердің орнын «ламбада» басты.

   Жоғарыда айтылған елдердің ішінде корей сериалдарының орыны ерекше. Онда олар өз салт-дәстүрлерін, мәдениетін керемет қылып көрсетеді. Бір жағынан еш зияны жоқ: үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын сыпайы мінезіне сүйсінесің; көпшілік алдында сүйісу сияқты ерсі қылықтары жоқ, былай қарағанда үйренеріміз көп сияқты. Сіз де солай ойласаңыз – қатты қателесесіз. Ер азаматтарымыздың шалбары тырысқан тар шалбарға ауысып, шаштарын қыздармен жарыса өсіріп, бояп, құлақтарын тесіп, шыны керек қыздардан еш айырмашылығы болмай қалды. Корей сериалдарына деген қызығушылық оның мәдениетіне табынушылықты тұдырды. «Корей толқыны» деген термин қолданысқа енді. Корей әнін тыңдап, өздерін «идол» дейтін әншілеріне деген асқан фанатизм пайда болды. Олар секілді киіну, олардың жүріс-тұрыстарын қайталау, олардың өмір тынысынан хабардар болу сәнге айналып кетті. Бұл жастар арасында жаппай өріс алып жатыр. Енді корей сериалының салт-дәстүрімізге енгізген жаңалығын қарастырсақ. Сырға салу рәсімі кезінде өзіміз білетіндей сый-сияпаттарды қоржынға салып апаратын жұрт қазір корей сериалдарынан үлгі алып үлкен себеттерге салып апаруды әдетке айналдырды. Жарайды одан еш зиян көріп жатқанымыз жоқ. Ал енді бір нәрсе бола қалса, жастары «соджу» дейтін арақтарына жабыса кететінін жиі көреміз. Оған көз үйренген соң, бізде де арақ ішу үйреншікті көрініс болып кетпесіне кім кепіл бола алады. Әр елдің салты басқа, иттері қара қаса дейді ғой қазақ халқы,  корей сериалдарын тәрбие құралы дейтін азаматтарымызға айтарым, бұның бәрі өз ұлтымыздың салт-дәстүрінде де тұнып тұр.

Қорытындылай келсек, кино, сериал, қысқасы медиа – қазіргі таңда ұлтты тәрбиелеу құралы, тұнған идеология көзі болып тұр. Сериалдардың бәрін жаппай жаман дей алмаймыз, негізінен ол қабылдауымызға да байланысты. Кішкентайынан ата-әже тәрбиесін көріп, ертегі тыңдап, былайша айтқанда қазақи тәрбие алған жастарымыз өте аз, тіптен жоқтың қасы. Себебі қазіргі ата-әжелер балаға көңіл бөлудің орнына теледидар алдына жайғасып алып, арналарды кезек-кезек ауыстырып, сериал көреді. Уақыттарын босқа сарп еткендерімен қоймай, жаңағы кейіпкер тағдырына бола жылайды, уайымдайды. Бұның бәрі адамның жүйке жүйесіне әсер етпей қоймайтыны белгілі. Сонымен қатар балалар да сол сериалмен тәрбиеленеді, ертегінің орнына сериалдағы фразаларды жаттап өседі. Жоғарыда айтылғандардың нәтижесінде ұлтымыз ұлт тазалығын, өзімізге ғана тән қасиеттерін жоғалтып барады. Қысқасы, бұрыңғылар ел болам десең, бесігіңді түзе десе, қазір ел боламыз десек, үйіміздегі көк жәшікті түзеген жөн болар.