Салқам Жәңгір және оның заманы
жеке
блог

Салқам Жәңгір және оның заманы

Салқам Жәңгір - Қазақ Ордасының 15-ші ханы . Есім ханның  белгілі 3 ұлының бірі әрі бірегейі.Шежіреге сүйенсек , қазақ хандары Жошы ханның үлкен ұлы Орда Еженнен тарайды.Бергі жақтан алсақ Ақ Орданың соңғы ханы Барақ,одан Жәнібек , Жәнібектен Жәдік сұлтан , Жәдіктен Шығай хан , Шығайдың ұлы Есім хан.Салқам Жәңгір - Есім ханның ортаншы ұлы.Шын аты Жаһангер , парсыша жаулап алушы деген мағынаны білдіреді.Туылған жылы белгісіз , Берекет Кәрібаевтың айтуынша , шамамен XVI ғасырдың  соңы мен XVII ғасырдың  басы кезі деп айтуға болады.Ал кейбір деректерде  1608 жылы туылған деп те жазылып жүр.Бірақ мұның нақты дереккөзі жоқ болғандықтан , мұны  не дұрыс, не бұрыс  дей алмаймыз.

    Салқам Жәңгірдің даңқы 1643 жылғы Орбұлақ шайқасы арқылы шыққан.Одан басқа Жәңгір ханның тұлғасын толық ашатын деректердің аздығы қолбайлау болып отыр.Белгілісі  , Жәңгір ханды ерте жасынан ел ісіне араластыра бастаған.Оған дәлел  12 жасар Жәңгірдің әкесі Есім ханның тұсында Қалмақ еліне елшілікке баруы.Ал Берекет Кәрібаев ол туралы сирек болса орыс  және шығыс деректері кездесетінін айтады.Оның жеткізуінше И.Е.Фишердің Сібір тарихына арналған кітабында Жәңгірдің сұлтан кезінде,нақты айтсақ 1635 жылы  Жоңғарлардың тұтқыны болғандығы айтылады.Әйтсе де И.Е.Фишер бұл мәліметті нақты қайдан алғандығын көрсетпейді.Дегенмен кейінгі тарихшылар И.Е.Фишердің осы еңбегіне сілтеме жасайды.Ал Жәңгір сұлтан осы Жоңғарлардың тұтқыны болған кезінде,өзіне сенімді одақтастар тауып,тұтқыннан босағандығы айтылады.Оның саяси көзқарастары да,алдағы мақсаттары да осы кезде қалыптаса бастады.Осы орайда айта кету керек , Берекет Кәрібаев оның тағдырын Абылай ханмен салыстырады.

  Салқам Жәңгірдің даңқын шығарған Орбұлақ шайқасы қалай болып еді?Бұл аңыз ба?Жоқ әлде ақиқат па?Айтып кеткендей , Жәңгір хан жоңғар тұтқынында болған кезде , өзіңе сенімді одақтастар тапқан еді.Ол Батұр қонтайшы және Хұндүлен мен Далай тайшылар арасындағы бәсекелестікті тиімді пайдаланған.Батұр қонтайшы Хұндүлен тайшы мен Далай тайшыны, Салқам Жәңгірді басты жауым деп есептеген.Ал Хұндүлен мен Далай тайшылар , Батұр қонтайшыға бағынғысы келмеген.Қазіргі тілмен айтсақ оппозиционерлер.Яғни бұл уақыттарда Жәңгір хан өзінің одақтастары арқылы Жоңғариядағы саяси жағдайды бақылап отырған.Және алдағы уақытта үлкен соғыстың болатынын болжап , соған дайын отырды.Дерек бойынша Батұр қонтайшы 50 мың әскер жинаған.Бұл әскерге Хұндүлен тайшы мен Далай тайшы әскерлерін қосудан бас тартқан.Соғыс барысы Б.Кәрібаевтың айтуынша, 1643 жылдың қысы мен 1644 жылдың жазында болған.Енді ойлап отырсақ,егер Салқам Жәңгір соғыстың болатынын , олардың 50 мың қол бастап келе жатқаның білсе неге 600 ғана жауынгер дайындаған? Осы орайда М.Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» атты кітабында , осы кезге дейін тынымсыз соғыстарда , түмен-түмен әскер шығарған қазақ ордасынан,қалайша 600-ақ әскер шығады?Айбынды жауынгер халықтан осыншама аз әскердің шығуы нені білдіреді деген орынды сұрақтар қоя отырып,былай жауап береді:’’Орыс елшісі атап көрсеткен алты жүз әскер – ақиқат дерек екен.Тек Жәңгір сұлтанның барлық әскерінің саны емес,оның бір бөлігі ғана.Өз заманында –ақ Салқам Жәңгір,яғни айбынды Жәңгір атанған Ұлы Қазақ бастаған қалың қолдың Еуропалық от қарумен жарақтанған екпінді тобы.Салқам Жәңгір жасағында мылтықпен қаруланған алты жүз атарман бар екен!’’.Не десек те бұл соғыс Салқам Жәңгірдің , керемет қолбасшылығын,ақыл-парасаттылығын көрсетеді.Жердің географиялық ерекшелігін ескерген ол,соғыстың барысын өз қолында ұстап отырды.Бұрын-соңды көшпенділер пайдаланбаған,жаңа тактика , окоп (ор) қазып тасада жауды күтіп отырды.Әскерін екіге бөліп,таудың екі жағына 300 мылтықпен қаруланған әскерін қояды.Қалған 300 кісісін тосқауылға қояды.Айта кетерлік жайт бұл шайқастың нақты қай жерде өткені де белгісіз.Егер халық шежірелері мен аңыздарына сүйенер болсақ ,онда шайқас жоңғар Алатауында,Орбұлақ деген жерде болған.М.Мағауин,Ш.Уәлихановтың ‘’Ыстықкөлге сапар күнделігіне’’ сүйене отырып қазіргі Қырғыз Республикасы мен Алматы облысы Райымбек ауданының шекрасында өткен дейді.Шоқан Уәлиханов асудағы қолдан жасалған табиғи ескерткіш – Сантас үйіндісін сипаттай келе,оның қазақ-жоңғар соғысындағы елеулі оқиғамен байланыстырады.Соғыс барысына қайта оралсақ,Жәңгір хан соғысқа 600 әскермен ғана дайындалмаған.Алдын-ала Самарқан әміршісі Жалаңтөс баһадүрге хабар береді.Бейқам келе жатқан жоңғарлар,аяқ астынан мұндай шабуыл күтпесе керек.Екі жақтан атылған оқ жоңғарлардың жасағын қыра бастайды. Екі рет шабуыл жасаған,Батұр қонтайшының әрекетінен түк шықпайды.Осы кезде жоспар бойынша Жалаңтөс баһадүр бастаған 20 мың қол әскерін соғыс болып жатқан жерге жетіп келіп,жоңғарлар кері шегінуге мәжбүр болады.Сонымен қатар , Салқам Жәңгір бұл соғыста биологиялық және химиялық қаруларды да пайдаланған.Яғни деректерде көрсетілгендей сасықтекенің  түтінің пайдаланған.Сасықтеке дегеніміз – өсімдік , оны суға қайнатып , оған шүберек малып кептіріп , жағып жібергенде жан-жануарлар,адамдар уланып қалады.Ал қазақ әскерлері түтіннен қалай қорғанған деген сауалға келсек , тыныс жолдарын ешкінің майымен майлап , маска киіп алған.Егер түтін әсер етіп отырған жағдай да қымыз бен меңдуананы араластырып ішкен. Бұл соғыс Салқам  Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүрдің даңқын шығарса,Батұр қонтайшының абыройын түсірді.Енді Батұр қонтайшы қалайда Салқам Жәңгірден кек алуды ойластырады.Десе де Жоңғарияда онсызда өршігелі тұрған алауыздық,жақын арада Жоңғария мен Қазақ ордасы арасындағы соғысқа мүмкіндік бермеді.

  Жәңгір қай жылы хан болған?Жалпы Қазақ Ордасындағы хандардың  қай жылдары таққа отырғандығын тек  шамамен ғана айтылады.Жоғарыда айтылған Орбұлақ шайқасы кезінде Салқам Жәңгірдің лауазымы сұлтан болған.Ал оның алдында  тақта, Есім ханның үлкен ұлы,Салқам Жәңгірдің ағасы Жәнібек отырған.Бұл соңғы кезде анықталған мәлімет болып табылады.Т.И.Сұлтановтың пікірінше Салқам Жәңгірдің үлкен ағасы Жәнібек XVII ғасырдың 30 жылдары таққа отырды.Ал Салқам Жәңгір XVII ғасырдың 40 жылдарының ортасына таман таққа отырған.Шамамен 1643-1644 жылдар аралығы.Хан тағыңа отырған Салқам Жәңгір қандай саясат ұстанды?Салқам Жәңгірдің бүкіл өмірі ат үстінде өтті.Бір жағынан алып қарағанда ол,Батұр қонтайшының өзінен кек алуды ойлап,қайта соғыс ашатынын да білді.Осындай жағдайда ол өзіне одақтастар іздей бастайды.Жазба деректерде Мауереннахрдағы Аштархани әулетімен бейбіт қарым-қатынаста болады.Кезінде Есім ханның бір қызы осы әулеттің Имамқұли деген ханына ұзатылса,осы дәстүрді сақтап , Жәңгір ханның қызы Қазақ ханым Абд ал-Азиз ханға ұзатылады.Бұл құдалық байланыс ұзақ уақыт, қос әулет арасындағы достық қарым-қатынастың сақталуына әсер етеді.Әрі            Абд ал-Азиз ханның таққа отыруына Қазақ хандығының жанама әсері бар.Сондай-ақ, Шығыс Түркістанмен қарым-қатынасы Шах Махмуд Шорастың «Тарих» атты еңбегінде баяндалады.Онда Салқам Жәңгір ханның қысқа мерзім ішінде 5-6 елшілік жібергені баяндалады.Осы елшіліктің бірінде Жәңгір ханның ұлы ,кейіннен қазақтың ханы болған Тәуке сұлтан да болғандығы айтылады.Жалпы алғанда Б.Кәрібаевтың айтуынша бұл елшіліктің бірнеше мақсаты болған:

  1. Экономикалық байланыс,сауда жолдарын жаңғырту;
  2. Әскери одақ , алда болатын Жоңғарлармен соғысқа дайындық;
  3. Көршілермен бейбіт қарым-қатынас ұстау.

1652 жыл Батұр қонтайшы көптен бері жоспарлаған мақсатын іске асырады.Оның Салқам Жәңгірге кек сақтап жүргенін айтып кеткенбіз.Десе де Жоңғар елінің ішкі жағдайы бұған мүмкіндік бермеді.Батұр қонтайшы алдымен өзіне наразы топ Хұндүлен мен Далай тайшыларды біржақты етуі керек болды.1647 жылы екі тарап арасындағы келіссөздер болғандығы айтылады.Бірақ одан нәтиже шықпайды.Екі тарап арасында азамат соғысы орын алып,Батұр қонтайшы жеңіске жетеді.Ендігі мақсат Салқам Жәңгірден кек алу.1652 жылғы соғысқа әскерін Салқам Жәңгір хан өзі бастап шығады.Алайда ол арам пиғылды Батұр қонтайшының адамы тұтқиылдан  атқан оғынан ажал құшады.Осылайша қазақ жұрты ойламаған жерден даңқты ханынан айрылады.

  Сөзімізді қорытындыласақ Салқам Жәңгір Есімханның ортаншы ұлы. Тарихта даңқты Орбұлақ шайқасының басты тұлғасы. Ол ел арасында лайықты бағасын алғанмен,кейіннен кеңестік идеологияның әсерінен ұмыла бастаған тұлға.Қайтыс болғаннан соң, қасиетті Түркістан қаласындағы , Әзірет Сұлтан кесенесінің маңайына жерлеген.Басында үлкен күмбезі болғандығы айтылады.Уақыт өте күмбез қираған.Ал оны қалпыңа келтіруге заман мұрша бермеді.Осылайша біз даңқты ханымыздың нақты қай жерде жерленгендігін де ұмытып қалдық.Әйтеуір Салқам Жәңгірден бір белгі,Орбұлақ шайқасы қалды.Оған да тәубе делік.