Аралық

Аралық
жеке
блог

Әуелде қалаға алғаш келгенде қала мені, мен оны жатырқадым. Қала бауырына баспады. Содан, не керек, ауылымды сағынғаннан ба, жат қаладан жылылық таппағаннан ба, бұрын үйден жырақ шығып көрмеген қара басым  жанардың мөлдір моншақтарын кірпігіме тізді. Жүректі ауыртып, санаға салмақ түсіріп өткен күннің шаң басқан беттерін қайта парақтап, кешегі қызық пен қазымыр тірлікті еске салып жанға жұбаныш таптым. Бір күні, қала көшелерінің бірімен қадам басып келемін. Табанымда тапталып тас жол жатыр... Тас қала...Үмітім мен сенімімді табаныңа салып таптап едік, енді сені табаныма салып келемін... Аяғымды тас жолға батырып жіберердей қаттырақ баса түстім. Қайдам, қанша қатты бассам да, тіпті секірсем де тас жолдың менің ет пен сүйектен жаралған табанымнан зәбір көрмесі хақ.

Таң...Әдеттегідей сергек оянғам жоқ, ұялы телефонымның оятары тынымсыз шырылдап, маза бермеген соң ұйқымнан ояндым. Ех, Тас қала...Мұнда тіпті, ауылда күнде көретін құланиектеніп атар таңды да жанардан жасырасың-ау. Недеген тас едің...Күніне бір ғана рет күн ғажайыптың бізге көресетер ғажайыбын көзден тыс етесің. Таңғы астан кейін сабаққа кеттім...Таңғы ас деймін-ау...Қыртысы қатты бөлке мен мұз боп қатқан сары май...әуелде солай еді..бүгінде ол да жоқ. Жоқ деймін-ау, бар ғой, тек оны дайындайтын дәрмен жоқ, дәрмен бар, ұйқына қия алмайтын дәрмен.

Бірсарынды зулаған күндер жалықтырып, ауылды қатты аңсадым.

Сол бір сағыныштың көрінісін өремде өріліп, кейіннен қағазға түскен өлең бейнеледі:

Ауылға сағыныш

Ауылым, жырым едің түнде өрілген
Шабытымды іздер ем түндеріңнен.
Түндеріңді сағындым,ей, ауылым
Сағынғаным көрінер сүлдерімнен.

Ауылым, әнім едің шырқап салар,
Әнімнен ауыл қызы шын бақ табар.
Ымыртта жағалаған көшелерің
Бүгінде парағыма шумақталар.

Еске алайық, жылап тұрып соны бір,
Енді әкелмес сол күндерді мына өмір.
Шәуілдеген сары ала ит кешегі,
Қанталап ед тістерінен жоным бір.

Сара жүрек сағынышты кеш ұқты,
Деп отырып: «мына, қыз да кешікті».
«қойдау деймін қырсық әке жібермей» 
Торушы едік қыз шығар деп есікті.

Басылушы ед үнсіз ғана аяқ тең,
«бүгін вечер болмас енді, ай, әттең.
Күбір-күбір әңгімені есітіп,
Қуушы еді қыз әкесі таяқпен.

Сол бір күндер қалды білем есте нық,
Болмағандай шығамыз ау кешке түк.
Торуылдап тағы келдік үмітпен
Естен шығып таяқ салған естелік.

Болса да күн тым-ақ аяз, үскірік,
Тұрса-дағы боран ұлып, ысқырып.
«Бүгін шықпай демалам ғой» дегенді
Бұзады бір көшедегі ысқырық.

Құлпыратын сыныптастың жүзі шын,
Вечер деген ұлы той ғой біз үшін.
Табылғанда азық-түлік, әуен, үй,
Екі-үш қырды асушы едік қыз үшін.

Тарқамайтын таңға дейін ұласып,
Ондай тойға болмайды екен кім асық.
Сол кештерді, вечерлерді сағынып,
Аңсап қатты көңілім жүр құлазып.

Ех, ауылым, саған жетем бір күні,
Көңілімнің түгесіліп кірбіңі.
Күтіп алсын мені атан ұлдарың,
Күтіп алсын түз де солмас қыр гүлі.

Ех, ауылым,құшағыңның гүлдерің,
Сан құшып ем,иіскеп,жұтып,бүр демін.
Құшаққа сап, сан аймалап түндерде
Ерінге кеп жанасқан көп үлпі ерін.

Сол бір күндер,сол бір ауыл кештері,
Көкейімнен ақтарды жыр дестелі.
Ойлаушы едім Алматының әсте тек
Астанадан болмайды деп еш кемі.

Қайдам, бірақ, ауылыма жетпейді,
Бола берсін көшесі де көп мейлі.
Бола берсін Көктөбесі, Медеуі,
Самалы да маңдайымнан өппейді.

Туған ауыл, ораламын,ораламын әсте мен,
Болмасыншы келмес мүмкін келер деген бәс терең.
Мен оралам, туған ауыл,қырларыңа төсіңе,
Жырларыммен, көзден көлкір жаспенен.


Ауылымды сағындым.....

***

Қара төбеттің, дауысын қызыл әтештің...

Сыздайды сызаты көбейген жүрегім,
Естілер сызынан күңгірттеу күрең үн.
Таң күліп атса да күлмейді жадырап,
Күн бойы қиналып, іздейді түн емін.

Ақтарып азаптың азалы жырларын,
Түн бойы шимайлап парақты былғадым.
Ызаға булығып, ызалы күйіммен,
Байқамай қалыппын қаламның сынғанын.

Шу қала, шуылың шаршатты жанымды,
Қайтеймін көшеңді, көшелік шамыңды.
Саған кеп жігерім шыныдай шағылды,
Өкпелеп, өксідім, соға кеп санымды.

Алматы, арманым жетелеп келген ем,
Ойлап ем бермес деп барсам мен кем бедел.
Неліктен, әкелді тағдырым мені айдап,
Әлде сен
сынды мен
пендеден 
кенде мең?

Жолдар да, көшелер жатырқап жүр білем,
Олардан жасқанам, жабырқап, сыр бүгем.
Түнімен толғанып,таңдарда көз ілмей,
Даламды, тауымды ойға алам күнімен.

Өзенде жүзіп, ескекті мынау қате еспін,
Ауылда маған көрінбес еді-ау жат ешкім.
Қалаға келіп сағынып жүрмін ауылды,
Қара төбеттің, дауысын құрғыр әтештің.

Қала да мынау қараңғы мұңға батырды,
Түнімді мұңды, таңымды ұйқысыз атырды.
Сағынтып исін айран мен сүттің, қымыздың,
Сағынта түсті сәйгүлік қасқа атымды.

Сағынамын деп айтпап едім-ау бұрын мен,
Ауылдың,шіркін, тіршілігінен түңілгем.
Қараң қаланың қасірет сыйлап тұрғаны-ай
Алқа етіп маған қайғысын сан рет түн ілген.

Барып ем іздеп жиен әпкемнің ауданын,
Жайлаған екен біздің ауылдай тау маңын.
Есіме түсіп еңселі тауым Қазығұрт
Жата қап сонда, төсіне келді аунағым.

Қайран ауылым, жасыл қырыңды,
Сағынған ұлыңмын.
Жасыр мұңымды,
Жат қала.
Жасын жырымды,
Қалаға емес,
Арнаймын саған
Ақ дала.

***                                                                                                              

Сарылып сендерді сағынып жүрмін ғой,
Сараңдау тағдырға бағынып жүрмін ғой.
Кетем деп ауылға қағынып жүрмін ғой,
Мазақтап, мазалап жанымды мың түрлі ой.

Сағындым ауылдың қырларын, белдерін,
Көңілім аспанда, ал өзім жердемін.
Қазір-ақ жетер ем қанатты қаға сап,
Әттең-ай, құс емес жай ғана пендемін.

Сағындым ауылым, сары ала күзіңді,
Сол күздей бүгінде санам мың бұзылды.
Қара бұлт қаптаған күңгіртеу күз аспан,
Айтатын секілді өткеннен үзінді.

Сағындым ауылым, сағынып жүрмін тек,
Көңілдің түсі де ақ емес сұрғыл тек.
Сағыныш санама салғанда сан сынақ,
Мендегі туатын жылауық жыр мұңлы ед.

Күнім – қайғы, түн-тынымсыз, таңым-мұң,
Тыныштығын таппай жүрмін жанымның.
Көңілімнің басылмастан алаңы,
Өксік толып, тыныс бітіп, тарылды үн.

Қысқасы сол...ауылымды сағындым.

***

Кетіп барам...

Емтиханда тебіндім жорғасынып,
Мерейімді үлгердім зорға асырып.
Алматыға қош айтып кетіп барам,
Енді міне бұл күні жолға шығып...

Сағынышым өзекті жүз өртеді-ақ,
Жетіп барам ауыл саған ертең-ақ.
Кеңсірігі кәусаріңді сіңіріп
Бауырыңда ойнақтамақ ерке лақ.

Қалмақ енді таңсық болып нала,мұң,
Жоққа айналып жүректегі жара мың.
Қуанғанын қарасаңшы тәйірі
Сағынышқа сабақталған сананың.

Ауыл сені еске алып ем күнде жүз,
Оранғанын ойға салып гүлге түз.
Күндіз тірлік шалдықтырып сендегі
Жанға бақыт сыйлар еді түнде қыз.

Көп естелік, көріністер, бейнелер,
Елес беріп тым-ақ тәтті күйге енер.
Өткеніңнің өткен болып қаларын
Ойлағанда жанарға жас үймелер.

Ауыл сенің қыраттарың, белдерің,
Шақырады: тентек құнан, кел,бері.
Арман қуып шапқыладың шалғай тым,
Сен кеткелі тарылды ғой ел демі.

Кетіп барам саған бастар жолда мен,
Сағынышқа болып тұр-ау жол тағы ем.
Аз күте тұр,құнан болған құлыншақ
Қуантады, далаңды мың жортады ен.

Жетіп барам түс ауғанда, кеш кіріп,
Тарам-тарам жолдарыңды бес тіліп.
Жаратушым ертеңімді оңғарса
Көкейіңе орнықпасын еш күдік.

Тықыл-тықыл...
Пойз іші...
Мен жатырмын шат күліп.
Жүрегімнің есігін кісендеулі қақты үміт.
Он үш сағат...
Сағыныш...
Аңсар ауған ауылға
Сағат санап өз-өзімде жатырмын-ау қатты үгіп.

Он үш сағат...
Он бір минут...
Он бір сағат...
Бітті-ау тағат.
Түнім жарым...
Сезбеппін - ау
Тыным барын 
Көздерімнің
Жұмылғанын...

 

Бүгінде сағынамын ауылды. Бірақ...

Арманым-ау,
Бір сенен қуаттандым,
Қуаттандым нұрынан шуақ таңның.
Білмеймін бір өзіңе мін артқан кім?
Алматы, сен маған ұнап қалдың.

Ұнап қалдың, ұнаттым көшеңді көп,
Көктеміңді ұнаттым нөсерлі деп.
Қысыңды да сүйдім мен, жазыңды да,
Күрең күзді,
Мұқаң кеткен қол бұлғап, қош енді деп.

Қош енді деп, кетер де ауылға мен,
Таппап едім жаныма ауырған ем.
Қимастықтың қиярда қылын нәзік
Сұрақ туды: «қалды осы,ауылда нем?»

Ауылда нем қалды осы шынында ерек?
Кеш түсінген жан қалды құнымды ерек.
Ауыл кешін шулатқан ысқырықтан,
Боп кетті ғой,
Алматыда туған жыр түйіндірек.

 

Осылай бүгінде аралықта қап қойдым.