"Сұңқарлықтар" ассамблея шешімін қолдайды!

 

       Ақпан айының он алтысы күні БАҚ өкілдерінің қатысуымен Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жастарының Қазақстан Халықтар ассамблеясының Президент сайлауын мерзімінен тыс өткізуге қолдау көрсету мақсатында митинг өтті. Көпшіліктің айтуы бойынша бұл шешім әлемдік дағдарыс алдында тұрған еліміз үшін қабылданған бірден – бір дұрыс шешім. Митингтің мақсатын жалпы түрде Қазақ Ұлттық университетінің жастар ұйымдары комитетінің жетекшісі Нұрлан Әбдіқадыров түсіндіріп өтті.

       Президентті кезектен тыс сайлау туралы ұсыныс осыдан бірнеше күн бұрын ғана Халықтар ассамблеясы тарапынан ұсынылған болатын. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтпақшы «Болашақ жастардың қолында». Біз, ҚазҰУ жастары барша халықты дәл осы ұсынысты қабылдауға шақырамыз. Біз Елбасымен біргеміз. Осы орайда Айдана Дәуренқызы бастап отырған «Сұңқар» студенттер кәсіподағы да өсер елдің өрендері ретінде ассамблея ұсынысын қабылдайтынын әрі сөзсіз қолдайтынын мәлімдеді. Елеулі істері бар студенттік ұйымның төрағасы Айдана Дәуренқызы барша «Сұңқарлықтар» атынан бұл ұсыныс хақында өз пікірін айтып өтті.

       «Үлкен өмір жолына қадам басып келе жатқан біздер ертеңгі ел болашағы үшін қызмет ететін жастармыз! Биылғы Елбасының асыға күткен жолдауы кезектен тыс болды. Біз де, қатарында 11 000 студенті бар «Сұңқар» студенттер кәсіподағы Қазақстан Халықтар ассамблеясының игі бастамасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мерзімнен тыс сайлануын толықтай қолдаймыз!»

       Баршаға мәлім бейбіт өмірдің нұрлы жолын жасап отырған Елбасымыздың стратегиясы, сарабдал саясаты бүгінгі күнге дейін ешкімнің көңілін қалдырған емес. Қазақстан Халықтар ассамблеясы ұсынып отырған бұл шешім қабылданбаса 2016 жылы парламент сайлауы Президент сайлауымен қоса өтпек. Алайда, әлемдік саяси тұрақсыздық пен экономикалық дағдарыстың  зардаптарын ескерер болсақ бұл ассамблея тарапынан өте ұтымды ұсыныс болмақ. Тағы бір ескерер жәйт, парламент сайлауымен тұспа  тұс  өтетін Президент сайлауы конституциялық нормаларға сәйкес келмейді. Тағы әлемдік дағдарыстың зардабының бір ұшы экономикамызға кері әсерін тигізсе әлеуметтік жағдайдың да нашарлай түсуі анық. Біздің елімізге тұрақтылық қажет. Осындай жағдаяттарды ескере отырып «Сұңқар» студенттер кәсіподағы барша жастарды уақытынан тыс сайлауды қолдауға шақырады.

       «Сұңқар» кәсіподағы 15 жыл бойы студенттердің әлеуметтік жағдайын, сонымен қатар өзге де қиындықтарын шешіп, қайырымдылықпен де айналысып келеді. Қатарында жүрген әрбір ұйым мүшесі еліміздің гүлденгенін, әрі Елбасының сындарлы саясатын қолдай отырып, мызғымас бірлігі жарасқан елдің болашағы үшін тер төгуге қашан да дайын. «Сұңқар» студенттер кәсіподағының төрағасы Айдана Дәуренқызы өз сөзінде айтып өткендей кәсіподақ мүшелері ассамблея ұсынысын сөзсіз қабылдайды.

       Митинг барысында Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің жастар ұйымдары комитетінің жетекшісі Нұрлан мырза жастар атынан үндеу жариялады. Университет жастары да үндеумен таныса отырып келісімдерін беріп қол қойды.

        Үндеу мазмұны бойынша төмендегі шешімдер айтылды.

       «Біз, ҚазҰУ – нің студент жастары, тәуелсіз Қазақстанда туып өскен, білім алған және білім алып жатқан, өзінің бүгіні мен ертеңіне нық сеніммен қарайтын, өз болашағын дамыған, қуатты, гүлденген Қазақстанмен байланыстыратын жас Қазақстандық буын өзіміздің азаматтық ұстанымымызды жариялаймыз!

       Біз Нұрлы болашаққа бастайтын «Нұрлы жол» - Елбасы жүргізіп жатқан саяси бағыт деп танимыз. Сондықтан, біз бүгінгі таңда әлемдік деңгейде қалыптасып отырған саяси – экономикалық ахуалды ескере отырып осындай сындарлы сәтте еліміздің болашақ дамуының сабақтастығын толық қамтамасыз етуі үшін қазіргі президент, Елбасы, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сенім білдіріп, кезектен тыс президент сайлауын өткізу қажет деген бастаманы қолдаймыз!»



Бөлісу: