Кезексөз: Ерекше қызығушылығым

Кезексөз: Ерекше қызығушылығым
жеке
блог

Достар, одан да өзіміз туралы айта отырайық. 

Жаңа кезексөз бастайық. Бұл кезексөзде әр адам өзінің бір затқа деген құштарлығын жазуы керек. Сүйікті ісі туралы да айтуға болады.

Өз басым жылтыр заттарға ерекше құмармын. 

Киім-кешек болсын, ыдыс-аяқ болсын, міндетті түрде жылтырап тұрғанына жүгіремін. Анам да, әпкем де, сіңлім де "бірыңғай жылтыр болып кетесің" деп бұл талғамымды құптай бермейді. Маған салса, жылтыр көйлек, жылтыр туфли, жылтыр аксессуар тағып жүрер едім. :) Бірақ айналаңмен санасуың керек... 

Салпыншағы бар заттар да мені қатты қызықтырады. Ал ең сүйікті түсім - күңгірт алқызыл.

Одан кейін кітап жинау - сүйікті ісім, кітап көрсем, үйге алып кеткім келеді де тұрады. Кітаптың ортасында өзімді жайлы әрі бақытты сезінем. Болашақта үлкен кітап сөрем болса екен деп армандаймын. Кітаптың көзге көрінбейтін сиқыры бар. Оған жансыз зат ретінде қарауға болмайды деп ойлаймын. Кітаптың иісі, кітаптың тұрысы - өзгеше әлем, ал кітаптың іші - тұнған байлық...  

Міне, осымен тоқтайын. Кезексөз таяқшасын Қарлыға Бүйенбай, Ғазиза Ұзақ, Нұршат Әлімқызына ұсынамын. 

Сурет: enteral.blog.rulady.tochka.net