ЖҮРЕКТЕН ЖҮРЕККЕ... бұрын-соңды болмаған эстафета

ЖҮРЕКТЕН ЖҮРЕККЕ... бұрын-соңды болмаған эстафета
жеке
блог

          Осыдан біршама уақыт бұрын басталып, тоқтап қалған «Жүректен жүрекке» эстафетасы Сыр қызы Салтанаттың бастамасымен қайта жалғанды. Осы игі істі қайта бастамақ ниетін осында жариялап, кезексөз таяқшасын маған ұстатып, кітап жолдайтынын жазған.

         Кітап келген күні мен өзге қалаға бір себеппен аттанып кеткен едім, бір аптадан астам уақыт әдемі жодама мені үйде күтіп қалды. Сапардан келе сала ашып, қатты қуандым. Кітап атаулыны бұрыннан да сыйлыққа алып жүрміз ғой, бірақ алыыыыстан арнайы жолданып, ұзақ жол жүріп жеткен сыйлықтың жөні бір бөлек екен. Ата-анамыз әлі күнге дейін мақтанады ғой, кезінде одақтас елдердің түкпір-түкпірімен белсенді жастар байланысып, хат-хабар жазысып, сыйлық, ашық хаттар, құттықтау-телеграммалар жолдап, асыға күтіп, мәре-сәре болып жүретінбіз деп. Міне, сондай қуанышты сезінуге мұрындық болған, осы эстафетаны бастаған бұрынғы блоггерлерге, қайта жандандырған Сыр қызына және әлбетте, Массагет сайтына алғысым шексіз.

kitap

         Енді Алматыдан ат арытып жеткен кітабым туралы баяндайын. Төлен Әбдіковтың «Оң қол» деп аталатын әңгіме, повестер жинағы. Бұрын жекелеген әңгімелерін үзік-үзік оқығаным болмаса кітабын арнайы алып көрмеген екем (ол үшін ұяттымын да). Жақсылықтың ерте-кеші жоқ, кітаптың қызығына батып, есесіне бұл автордың басқа кітаптарын да іздеуге кірістім өз қаламнан. Кітаптағы әңгімелердің барлығының түйіні ұқсас, өмірдің мән-мағынасын, пенделік бақытты іздеген жандардың жан-дүниесіндегі арпалыс, үміт, өкініштері, күйініш, сүйініштері хақында.

         Кітаптағы алғашқы шығарма «Әке» повесі «Әкең хал үстінде, тез жет» деген телеграмманы ала сала ауылына құстай ұшқан Сайлау атты жігіттің өз әкесі туралы естеліктері. Әкенің балалар үшін тартқан еңбек бейнеті, тартқан азабы әдемі, жинақы баяндалған. Бес ағайынды әкесі сол әулеттің көзі тірі соңғы тұяғы-тын.

         Аталарымыз кешкен заманның тынысын түрлі оқиғаларды қатар өрбітіп, әдемі айшықтаған шығарманың оқырманға үйретері көп. Ғибрат ретінде өз күнделігіме осы әңгімеден көшіріп алғаным: «Өмірінде бір шалқып қуанып көрмеген әкемді көкірегіндегі бүкіл шер-шеменінен құлан-таза айықтырып жіберетіндей бір қуантсам деген арман менің көңілімнен кетпейтін. «Алдағы жазда», «алдағы күзде», «алдағы жылмен» мінеки енді өмірінің санаулы сәтінің үстінде отырмыз. Өміріңде не ата-анаға, не дос-жаранға көңілдегі жақсылығыңды жасай алмай, бүкіл уақытыңды өткізіп алу қандай өкінішті. ...Өмірдің мағынасын үнемі алыстан іздейміз. Әлдебір ұлы оқиғаны, ұлы әрекетті алыстан бастағымыз келеді. Дәл жанымыздағы негізгі мақсатқа уақытымыз жоқ. Оған алдағы жаз, алдағы күз немесе алдағы жыл бар...».

         «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі медицинаға тұтас бір дәуір әкелген данышпан доктор Эдуард Бейкердің көпшілікке беймәлім шығу тегі, балалық шағы және осынау атағы аспан тіреген дәрігердің ғылыми құпиясына негізделген. Мүмкін беймәлім боп қала берер ме еді, дәрігер дәл қазіргі беделіне риза кейіпте бақытты қарттығын жайбарақат қарсы алар ма еді, өзегін өртер өкінішті естеліктер мазаламас па еді, кім білсін. Барлығы да доктордың Италиядан арнайы сұхбат алуға келген журналист Ливино Палетеллимен бейресми әңгіме-дүкен құруынан басталады. Журналист айрықша қызықты жайттарды іздеп, Жер шарын кезгенін айта келіп, адамзаттың қатыгезденіп, тасжүректеніп бара жатқанын, бұған Бразилияға барған сапарында көрген сұмдықтарын көріп, көз жеткізгенін күйінішпен баяндайды. «...Индеецтер отанын қазір «Жасыл тозақ» деп атайды. Бірақ Амазонканы тозаққа айналдырған улы жыландар мен ауру тарататын масалар емес, түпсіз құрдым батпақтар мен ажал көлдері де емес, адам жегіш балықтар мен каймандар да емес... кәдімгі цивилизация мен мәдениет апармақ болған «ақ ниетті» ақ адамдар.» Ормандарда бейқам өмір кешіп жүрген жабайы (жабайы дейміз-ау, айналасына титтей зиянын тигізбей, табиғатпен толық үйлесімде өмір сүрген нағыз өркениет солардыкі еді) адамдардың «біздікілер» көзін құртып бітті. Каучук фабрикасының қожайыны арнайы баскесерлерді жалдап, цинта ларга тайпасын пулеметпен қырып салған. Тапаюна тайпасына мышьяк қосылған бірнеше жәшік қант сыйлап, «қарық қылған». Ал паташо тайпасының өкілдеріне жалған дәрігерлер жұқпалы аурулар жоламайды деген "мейірбан" ниетпен, әдейі шешек вакцинасын салып кеткен. Осылайша жер бетінен бүтіндей бір өркениет жойылып кетті. Осының бәрін үнсіз тыңдап отырған дәрігердің жағдайы сәт сайын нашарлап, журналистпен қоштаса сала есінен танып құлайды. Өйткені оның өзі сол «жабайылардың» бірі болатын. Жай ғана бірі емес, бірегейі, себебі мұның әкесі араку тайпасының даңқы шыққан әйгілі емшісі еді, өзінің туғандағы есімі Кияку болатын. Ауылдарын ақтар шауып, өлерінің жақындағанын сезген әкесі жас баласына түрлі ауру-сырқауды емдеудің құпиясын айтып, бойына сіңіріп баққан. Повестің осы тұсынан бастап Кияку өмірге келген табиғаты бай өлке, ондағы адамдар, қасиетті мерекелер, салт-жоралғылар, бәрі-бәрі ғажап әңгімеленген. Ақ адамдардың бұлардың жеріне жасаған жойқын-жойқын шабуылдары, ауылдың өртенгені, бала-шаға босып, бастары ауған жаққа үдере көшкені, жаралы көсемді жау арасынан алып келем деген ағасының мерт болғаны... бәрі дәрігердің жан-жүйесін шымырлатып, жүрегіне қорғасын құйғандай аһ ұрғызып, жазылмайтын жараның бетін тырнай түсті. Адами айуандықтың, қатыгездіктің құрбаны болған тайпаластарының ішінен жалғыз тірі қалған Киякуды шала-жансар күйінде каучук фабрикасында жұмыс істейтіндердің негр қызметшісі тауып, асырап алады, Эду деп ат қойды, қабілетін таныды, оқытты... Міне, ол бүгінде медицинаның теңдессіз білгірі. Бірақ осыншама атақ пен беделдің, даңқ пен дақпырттың бұл үшін құны дәл қазір бес тиын екенін анық сезінді. Өйткені ол осынау Әлемде жалғыз еді. Иә, ол жалғыз, дәл бұл сияқты, бұған ұқсас Жер бетінде қандас, бауырлас, ауылдас ешкім жоқ. ...« - Сонда олардың жазығы не? Бразилия орманында жаратылып, өсіп-өнгендігі ме? Әлде қисапсыз байлығы ма? Иә, иә, дәл солай. Бұл күнде жердің кеңдігі мен байлығы да халықтың сорына айналған. Болмаса XVII ғасырда темірден зат жасап, мәдениет құрған, Пастерге дейін жыланның уына ем ойлап тапқан, Европаға картоп пен помидор егуді, қызыл бұрыш пен темекі егуді үйреткен 2 миллион индеецтен бірнеше жүзі қалғанына кім жауап береді? Мен осылардың бәрін құлағыммен естіп, көзіммен көрдім. Көрдім де, бұл бүкіл адамзаттың арына басылған өшпес қара дақ деп түсіндім...» деді ме әлгі журналист? Баяғыда бала күнінде ауылға бір ақ нәсілді адам келгіштеп жүргенде осы тайпадағы ең кәрі шал Янумака одан қатты қорқатын. «Ақ адам келсе жақсылықтың нышаны емес, олар бізге тек орны толмас қасірет, апат алып келеді. Ондай заман басымыздан бұрын да өткен. Олар жүрген жерін тозаққа айналдырады» деп отырушы еді ғой, оған ауылдастары мән бермей, ақ адамның әкелген сый-сияпатының қызығына бататын. Сол Янумака шал өлер шағында «Тозақ оттары жымыңдайды!..» деп сандырақтапты деседі...

         Кітаппен тақырыптас «Оң қол» әңгімесі мистикалық жанрға келіңкірейді. Психиатриялық ауруханаға түскен Алма есімді қызды емдеген дәрігердің атынан баяндалады. Алманың дерті – түн болып, көзі ілінісімен өзінің оң қолы өз мойнын қылғындырып өлтіруге талпынады екен. Яғни, менің қасым – оң қолым деп түсіндіреді, оң қолы өзінікі еместей сезінеді. Ал оның жақындары өзіне қол жұмсағысы келеді деп қорқады. Ішкі тұлғаның екіге жарылуы, яғни бір дененің ішінде екі түрлі «жан иесінің» кезектесіп, не қатар өмір сүруі сирек те болса кездесетін психологиялық дерт. Өзін өлтіріп қоймасы үшін дәрігер әр түн сайын Алманың жанында отырып күзетеді, оң қол түн ортасында мойынға жақындай бере дәрігер күштеп, қайыра ұстап қайтарып отырады. Кереуеттің басына оң қолды байлап қойып та жүреді, ол болса бұлқынып, бүкіл дененің мазасын қашырып бітеді. Күндіз түк болмағандай, Алма сау қалпында жүреді.Емдеуші дәрігері бас дәрігерге қызды құтқару үшін жалғыз амал қалғандығын – оң қолды операциямен кесіп алып тастау туралы ойын білдіргенде, басшылық бірден келісе қоймай, ойлануға уақыт барын айтады. Ал келесі күні дәрігерлер Алманың оң қолы өз мойнына сіресе жабысқан күйі өлген денесінің үстінен түседі...

         Кітапта бұлардан басқа да қызықты әңгіме, повестер көп. Бәріне шолу жасар едім, жазбаны шұбатпайын дедім. Аталмыш кітапты бір емес, әлі талай мәрте қайта оқитынымды, әр оқыған сайын жаңа нәрселерге бойлап, басқаша ойлар түзетінімді түсіндім. Бір сөзбен, керемет кітап!) Рахмет Саған, Сыр қызы!

sdfg

         Мен өз кезегімде эстафетаны жалғай отырып, Есіл еркесіне Сайын Мұратбековтың «Жабайы алмасын» жолдадым. Ақтаудан аманат арқалаған почтаның Астанаға қашан жетерін білмедім, жол тосып жүрген Әйгерімнің өзінен хабар күтем).