КҮЙСАНДЫҚ

Өмір жайлы сұрай берме сен менен, 
Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем. 
Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар, 
Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген. 
                               ( Мұқағали Мақатаев ) 
 
Бірі өмірді - ағын суға балайды, 
Ал, кейбірі "тау шыңы"-деп қарайды. 
Ақ қырауға малындырып самайды, 
Кейбір жандар салдыруда сарайды. 
Қайран өмір...
Тентіреткен талайды! 
 
Төріне кеп "өмір" - дейтін қыстақтың, 
Мәңгі жасап қалар дейсің қыстап кім? 
Өмір дейтін - сазгер салған әуен ғой,
Мен өмірді - күйсандыққа ұқсаттым. 
 
Боялмаған!
Пернелері қызылмен...
Қарашы өзің - ақ, қара жол тізілген. 
Жүрегінен күй шығарып, маужырап, 
Талай сазгер, сол әуенмен көз ілген! 
 
Қателесіп шертесің ғой әуелде, 
Бәрі солай, еркегің не, әйел не!
Күйсандықта... 
Қай пернені басуың, 
Байланысты өзің салған әуенге!
 
Дулат Әбдікәрім 12.11.2014


Бөлісу: