Әже туралы қандай мақал білесіз?

Әже туралы қандай мақал білесіз?
жеке
блог

Қазақ халқының мақалдары өте мағыналы әрі олардың тәрбиелік мәні зор. Иә, қазақ халқы мақалды тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні деп санаған. Яғни, даналық пен ақылдың, астар мен мағынаның тоғысқан жері. Қандай жағдай болса да, қандай тақырып болса да барлық тақырыпқа қазақтың мақалы табылады.

Бірақ, қазақ мақалдарында: әрбір баланың сүйікті адамы, барлығымыздың жанашырымыз, ата-анамыздың анасы, аялы алақан иесі әже туралы мақал санаулы екенін білеміз бе? Санаулы емес, мүлде жоқ десем де, қателеспеспін. Әже туралы бәрімізге таныс бір-ақ мақал бар. Ол - «Әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ» деген мақал. Әже туралы мақал іздегеніңнің бәрін табатын ғаламторда да жоқ екен. Сол бір-ақ мақал - ғаламторда да, біз білетіні де сол бір мақал. Сонда біздің данышпан халқымыз данагөй әжелерімізге арнап нақыл сөз, мақал айтпаған ба? Әлде, біз оны ұмыт қалдырдық па? Дегенмен, дана халқымыз әжелерімізге мақал арнамады дегеніміз қисынға келмес. Мүмкін, бар мақалды қадірлемей, ұмыт қалдырған болармыз. Немесе мақалдарымыз бізге жетпеген де шығар. Әлде, мақалдарымыз бар, - мен дұрыс ізденбеген шығармын. Егер, әже туралы басқа да мақал білсеңіздер, айта отырыңыздар. Мақалдарымыз жайлы ой бөлісейік!

Сурет: anatili.kz