Әке шімірікпеді... немесе Сіз жаңа ғана балаңыздың психикасын бұздыңыз. Жарайсыз!

Әке шімірікпеді... немесе Сіз жаңа ғана балаңыздың психикасын бұздыңыз. Жарайсыз!
жеке
блог

Әкелер, өз балаларыңыздың өміріне балта шаппаңыздаршы, Құдай үшін! 

Мен бұл жазбаны дүкенде бір әке мен оның баласы арасында болған жағымсыз жайттан кейін жазуға бел будым. Ызадан, шарасыздықтан жаздым. Және бір өтінерім, бұл мақаланы соңына дейін оқып шығыңыздар. Білемін ол көлемді, бірақ білуге тұрарлық маңызды нәрсе.
Бұны білу маңызды. Бұны барлығына тарату қажет.
Біз Ной екеуміз тауарларды қайтаруға кезекте тұрғанбыз, сол жерде кішкентай баланы көрдім (алтылар шамасындағы бала). Ол өз әкесіне қарап, жұмыстарын бітірген соң балмұздақ әпересіз бе деп жасқана сұрады. Әкесі сондай бір өктемдікпен баласына қарап, оған оны жайына қалдырып тыныш тұруын сұрады. Бала сол мезетте қабырғаға сүйеніп, ренжігеннен қозғала алмай есеңгіреп тұрып қалды.
Кезек баяу жылжып, бала жаңағы әке ашуын ұмытып ыңылдап әндете, ақырындап әкесіне қарай жақындай бастады. Әкесі бұл жолы да баласын аяған жоқ, бар ашуын лық еткізіп төге салды. Бала тағы да именіп қабырғаға жабысты.
Өз перзентімен келген бақытты аямай аяғымен таптай салуға қалай ғана дәті барды екен? Бұл әрбір бала үшін бәрінен де алып, ғажайып адам болуға мүмкіндік берілген қысқа ғана уақытты қалайша бағалай алмайды? 
Біз сатушы сөресінің алдында үшеуміз қалдық. Бала тағы да әкесіне жақындады. Әкесі сол сәтте кезектен шығып, баласының иығынан қатты қысып тұрып, қорқыта былай деді: «Егер сен тағы бір дыбыс шығарсаң немесе ана қабырғадан алыс кетсең, үйге барған соң таяқ жейсің». Бала тағы да қабырғаға жабысты. Бұл жолы ол қозғалған да жоқ, бір де бір дыбыс шығарған да жоқ. Оның жүзінен ешқандай белгі білінген жоқ, сұлық тұрды, жаңағы балалық қызығушылықтың ізі де қалмаған. Еңсесі түсіңкі, балаға тән емес ауыр уайымды көрдім. Оның әкесі баламен әуре боп жүргісі келмеді, ал баланың балалығына балта шабу – ол үшін ең оңай шешім болды. Әке оған шімірікпеді. 
Біз неліктен осыншама көп баланың бұзылып өсетіндігіне таң қаламыз.
Бұл қатты айтылған болып көрінуі мүмкін. Адамдар менің Ноймен арамыздағы қарым-қатынасымды көреді де көп жағдайда мені көкке көтереді немесе менің баламды өзге әкелерден гөрі әлдеқайда қатты жақсы көретіндігім туралы асыра мақтап кетеді. Неткен бос сөз! Мен бұны түсінген емеспін және ешқашан түсінбеймін де. Өз ұлыңды жақсы көру, өсіру, жақын тарту, ойнау, онымен әңгімелесу – бұл барлық адамның қолынан келетін қарапайым нәрселер ғой. Бұл кез келген әкенің қолынан келеді. Әрқашан. Сөзсіз. Және менің басқалардан ерекше асып бара жатқан дәнеңем жоқ. Мен бар болғаны өз ұлын жақсы көретін әкемін және оның қауіпсіздігі мен дансаулығы, амандығы үшін бәрін жасаймын. Мен өз балама күш көрсетіп, оның еңсесін түсіріп, ар-намысын таптағаннан гөрі бетіме тиген күректің немесе балтаның соққысын көтеруге дайынмын.
Сөзіме сеніңіздер, мен мінсіз әке емеспін. Және әрқашан солай болып қала беремін. Бірақ, сайтан алғыр, мен ең жақсы әкемін және менің ұлым өмірінде қандай соқпақтар болса да, өзін жеңімпаз болып сезінетін болады. Неге дейсіз ғой? Себебі мен әкенің бала өміріне және оның өзіне сенімділік деңгейіне қалай әсер ететіндігін білемін. Менің барлық әрекеттерімді, айтатын сөздерімді ұлымның өз бойына сіңіретіндігін жете түсінемін, бұл оған пайда да зиян да әкелуі мүмкін. Мен тек кейбір әкелердің осыны қалайша түсінбейтіндігіне күйінемін! 
Әкелер! Таңертең перзентіңіз оянғанда немесе жұмыстан келген кезде жүзіңіз нұрлана ма? Сіздерден күнделікті көрген көңіл күйдің олардың ізгілік пен зұлымдық туралы барлық түсініктерін қалыптастыратындығын түсінбейсіздер ме?
Әкелер! Сіздер балаларыңыз туралы қандай сөздер айтасыздар, түптің түбінде балалар сол сөздерге лайық боп өсетіндігін ұғынбайсыздар ма? Адамдар әрқашан оларға тағылған айыптарға сай болып қалыптасады. Шынымен де сіздің ұлыңыздың қылығы «сіздің өміріңізде болған ең орынсыз қылық» па? Бұл расымен де «ең сорақы әрекет» пе? Сіз шынымен де балаңыздың нақұрыс екендігіне сенесіз бе? Олай болса, ол бұны шындай қабылдайды. Жарайсыз! Ойланыңыз. 
Әкелер! Сіздер шынымен де балаңызбен ойнау үшін жиырма минутқа компьютерді немесе телевизорды сөндіру сіз үшін қиын екендігіне біреу сенеді деп ойлайсыздар ма? Баланың өмірге сеніммен қарауы олармен әкелері ойнай ма, және ойын барысына олар бар жанын салып кірісе ме, соған байланысты болатындығын неге түсінбейсіздер? Сіздер өзі олармен күн сайын ойнаудан бас тартудың балаларға қаншалықты зиян келтіретіндігін білесіздер ме? 
Әкелер! Сіздер ашу кейде қолданылатын немесе әдеттегі үйреншікті қажеттілік болады деген топас идеяға біреу иланады деп ойлайсыздар ма? Сіздер ашудың өзін бақылай алмайтын, бірақ өзгені бақылауда ұстағысы келетін адамдардың дөрекі сипаты екендігін түсінбейсіздер ме? Өмірде ең жақсы тәрбие әдістерін үйрете алатын тамаша кітаптар мен курстардың бар екендігінен хабарыңыз бар ма? Және ең бастысы, отбасында ашу мен қаһар үстемдік құрған кезде, баланың сағы сынатындығын немесе ешкімге бағынбай теріс жолға түсіп кететіндігін көрмейсіздер ме? Сіз бала жанының нұрланғанына селк етпейсіз, сіз тіпті олардың сіз барда қорқыныштан бүрісіп қалатын кездерде де еш мазасыздық сезінбейсіз, сізге бәрібір. Сіздің өз балаларыңыздан қалағаныңыз шынымен де осы ма? Олардың сізден қорыққанын тілеп пе едіңіз?
Әкелер! Сіз расымен де балаңыздың сіздің аялы алақаныңызды күтетіндігін сезінбейсіз бе? Қызыңызды немесе ұлыңызды еркелетіп басынан сипағанда, арқасынан қаққанда перзентіңізбен арада қандай берік рухани байланыс орнайтындығын неге түсінбейсіз? 
Әкелер, естеріңді жиыңдар! Сіздердің қамқорлықтарыңызға Құдай аманат еткен баға жетпес періште-жандар қайталанбас бірегей және өте сезімтал. Сіздердің барлық айтқандарыңыз бен айтпағандарыңыз олардың қабілеттеріне, олардың өмір бойғы жетістіктері мен бақытына тікелей әсер етеді.
Сіздер балаларыңыздың қателік жасайтындығын, және аз жасамайтындығын ұғынбайсыздар ма? Ұлыңыздың сәтсіздігін бетіне басқанда немесе қызыңыз сүрініп кеткенде, бірдеңені төгіп алғанда өзін түкке тұрғысыз сезінетіндей ауыр сөздер айтқан уақытта, балаңызға қаншалықты үлкен зиян келтіретіндігіңізді түсінбейсіз бе? Баланың еңсесін езу, жасқаншақ ету түкке түрғысыз оңай шаруа екендігін түсінсеңіздер ғой. «қанша рет қайталауға болады, не деген миғұласың!» деген сөздерді де айту оп-оңай. 
Сіздерге айтарым бар: жаңа ғана баласынан айрылған ата-ананың көзіне үңіліп көрдіңіздер ме? Мен көрдім.
Сіз баланы жерлеу рәсімінде ағыл-тегіл жыладыңыз ба? Мен жыладым. 
Сіз ішінде бала жатқан ағаш табытты ұстап көрдіңіз бе? Оның ішінде жатқан бала мәңгілік сапарға кетті, оның күлкісі енді ешқашан естілмейді. Мен көрдім.
Сіздер бұндай қайғыны ешқашан көрмесін деп Құдайдан тілеймін. Жер бетіндегі ең жақсы ата-ана болуға ең болмаса бір рет те болса тырысып көріңіздерші.
Әкелер! Балаларымызға оларды жақсы көретіндігімізді айтатын уақыт жетті. Әрқашан. Махаббатымызды көрсететін кез келді. Олардың бітпейтін сұрақтарына қуана-қуана жауап беретін, олардың пәк күлкісіне шаттанатын кез келді. Балаларымызбен байланысты нәрсенің барлығына қуанатын кез келді... 
Жақсы әке болу үшін не істей аламыз деген сұраққа жауап беретін кез келді. Бізге бәрінен бұрын ненің маңызды екендігін айқындайтын уақыт келді. Үйге келіп, шын мәнінде әке болудың уақыты келді. 
Әкелер! Ұлдарымызға әйелдерді қалай аялау керектігін көрсететін уақыт келді. Қыздарымызға олардың қандай құрметке лайық екендіктерін көрсететін уақыт келді. Кеңпейілділік, мейірімділік танытатын кез келді. Әлеуметтік нормаларды ысырып тастап, балаларымызға салауатты өмір салты сабақтарын үрететін уақыт келді! Дұрыс гендерлік рөлдерді көрсетіп, оның керексізін сызып тастайтын уақыт келді. Сіздің ұлыңыздың алқызыл түсті ұнататындығы шын мәнінде маңызды ма? Бұл біреуге зиянын тигізе ме? Ұлыңызға белгілі бір түс ұнағандықтан, оның бір кемістігі бар деп айтудың ұлыңызға қаншалықты зиян келтіретіндігін неменеге көрмейсіз? Ұлымыз бен қызымыздың белгілі бір нәрселерде өзінің басқаларға ұқсамайтын пікірі болғандықтан ғана, оларға «еркекшора» қыз немесе «нәзік» ұл деген айдар таққаннан ұтарымыз не? Бұлардың шын мәнінде ешқандай маңызы жоқ қой!
Әкелер! Ұлдарыңызбен сөйлескенде жайлап сөйлесіңіз. Қыздарыңызбен сөйлескенде сабырлы болыңыз. Сіз оның мектепте жалғыз отырып, достарының болмағанын, өзін сыйламағанын қалайсыз ба? Немесе сыныбында абыройлы болып, жеңіске ғана лайық болғанын қалайсыз ба? Бұлардың қайсысын болса да беру біздің құзырымызда екендігін қалайша түсінбейміз? Балаларымыздың әлеуметтік табысқа жетуінің кілті біздің қолымызда екендігін неліктен ұғынбаймыз? 
Әкелер! Сөзіміз бен ісіміз қабыспай жатқан кездерде біз балаларымызға кері әсер етеміз. Біз балаларымызға шешім қабылдауға, бір нәрсеге сенуге және ол туралы әлемге жар салуға, соған сай өмір сүруге (дін, саясат, әлеуметтік нормалар) тым аз көмектесеміз. 
Балаларымызға нені ойлау керектігін бұйыруға құқылы емеспіз. Бірақ балаларымызды дұрыс ойлауға үйрету біздің қолымыздан келетін шаруа. Егер біз осы міндетті абыройлы атқара алсақ, балалардың өздері үшін не таңдайтындығы туралы және өз таңдауларына жету жолында қаншалықты табанды болатындығы туралы уайымдамауға да болады. Адам өз сеніміне, өз принципіне өмір бойы берік болады, ал біреудің жетегінде жүре беруін адам бір нәрсеге ұрынбайынша жалғастыра береді. 
Айтып отырмын ғой, әкелер! Әрбір бала балмұздақ сұрауға және ол өтініші үшін жазаланбауға құқылы. Балмұздақ сұрау, үлкендерден қорықпау, еркін өмір сүру – әрбір балаға туғанда берілетін құқық. Мен көрген баланың әкесі әке болу атына тұрмайтын бір бейшара. Әрбір баланың туғаннан бастап бақытты болуға, күлуге, ойнауға, еркін сөйлеуге, өз пікірін айтуға құқығы бар! Неліктен сіздер оның Құдай берген бұл құқығын аяққа таптайсыздар?! Әрбір баланың күшті, қайырымды, мейірімді, жаны жайсаң әкенің, теледидардан, интернеттен, спорттық ойындардан гөрі ұлын жақсы көретін әкенің ұлы болуға құқығы бар! Әрбір бала супер-қаһарман әкеге лайық! 
Бәлкім, шындық кейбір әкелердің өз балаларына лайық болмауында шығар. Бәлкім, шындық көптеген әкелердің «әке» деген аттан «садаға кеткір» екендігінде шығар.
Қатты айтсам, кешірім сұраймын. Мүмкін, жанымның бір бөлшегі сол бір сұрықсыз оқиғаны көре тұрып, сол адамға ештеңе дей алмауымнан өзін кінәлі сезінетін шығар. Бәлкім, жанымның бір бөлшегі бұл жазбаны ең болмаса бір әке оқып, оқығандары жанын тебірентіп, жақсы әке боламын деп шешсе, өмірде бір баланың өмірі жақсарса, онда бұл жазбаға кетірген әрбір секундымның текке кетпегендігі деп білетін шығар. 
Әкелер! Бала – Құдайдың берген баға жетпес сыйы. Және біз бұл қазынаны бүлдіру үшін емес, жарқырата түсу үшін жаралғанбыз. Сондықтан да бәріміз бірігіп әлемге өмірде жақсы әкелердің қаншалықты көп екендігін көрсетейік.
Автор — Дэн Пирс, жалғызбасты әке, өзінің «Жалғызбасты күлімсіреген әке» блогында.

Дереккөз: domrebenok
Аударма: АР

Орыс тілінен аударған: Арайлым Рахметова


Дереккөз: © AdMe.ru