Ерекше адамға хат...

Ерекше адамға хат...
жеке
блог

Бір кітапты іздеймін деп бір топ хат қолыма түсті. Соның ішіндегі соңғы жазған хатымды оқып, елжіреп кеттім. Соны блог етіп жазбақ болдым...

Сәлем хат

Амансыз ба, Әже? Денсаулығыңыз жақсарды ма? Үй іші аман ба? Немерелеріңіз өсіп жатыр ма? Бізде бәрі аман, мама мен папа жұмыста. Дина екеуміз оқып жатырмыз. Жиенің биыл 8-сыныпта. Мен 3-ші курста оқып жүрмін. Қалада ауа райы қайтерін білмей жүргендей: бірде жылиды, бірде қар жаудырып тастайды.

Жазға қарай жаңа үйге көштік. Көршілеріміз мәдениетті, көбі орыстар. Жылы жер.

Алматының күзі әдемі көрініс. Аулада ағаштар жапырағымен секунд сайын қоштасып жатады. Жаңбыр оларды өзімен бірге белгісіз саяхатқа алып барады. Ал біз күздің бұл әрекетіне көніп, жазды соңғы жылы деммен шығарып салып жатырмыз.

Ауыл маған жазды есіме салады. Аязды қыста, жаңбырлы күзде ауылды көзіме елестетемін. Сіздің маған шұбат құйып, ұрсып, ішкізіп жүргеніңіз, жеңгелерімнің нан пісіріп, тамақ дайындап асығып жүргені, кішкентай балалардың жылқыларды суарып, күтіп жүргені, бәрі-бәрі бүге шігесімен көз алдыма келеді.

Ыстық құм, тәтті сүзбе, тары-талқан, таба нан. Бірде-бір түнді нарда жатпай өткізбеймін. Далада жатып, ұйықтау қалада өскен бишара біз үшін бір ғанибет қой. Қайтатын күні сол нармен жылап қоштасатын едім. Есіңізде ме? Қалаға өзіммен бірге бір пакет құм алып кеткенде, біздікілерден ешкім ұрыспаған еді. Өздері де қимай барады ғой сізді, ауылды...

Рас, әже, сіздің қасыңызда біз сезімімізді білдірмей, іштен тынып отырамыз. Сізге «жақсы көремін» деп менен басқасы айта алмайтын шығар. Мүмкін сіз бұған сене алмайтын шығарсыз, бірақ жиендеріңіз сізді ауылдан кетерде қимайды, қалада жүріп сағынады.

Бізге бәрі мынадай сұрақ қояды: «неге демалыс алғанда сіздер ауылдарыңызға ғана барасыздар? Неге шетелге бармайсыздар бәрі сияқты? Қызық қой, теңіз, экзотика?»- дейді. Біздің жауабымыз ұранға айналды: «Әжеміз тірі тұрғанда ауылға баруды қоймаймыз».

Әже, расында да, ауыл бізді күткенше, біз де Киелі Маңғыстауға, туған өлкемізге барудан шаршамаймыз.

Жақында сізді түсімде көрдім. Жан-жағымызда не болғаны есімде жоқ, бірақ сіздің маған бір жайт айтқыңыз келгенін түсіндім. Оянып кеттім. Көп ойландым. Шешімге келе алмадым. Өзіңізден тікелей сұрауға мәжбүрмін.

Басқа хабарым жоқ. Бәріне сәлем. Немеріңізді сүйіп қойыңыз. Осы хатты оқып берген адамға рақмет. Аман отырыңыз.

Жиеніңіз Фариза.

Күз, 2013.

 

Әжесі бар адам бақытты... Мен бақыттымын. Жырақта жүрсем де, сізді ойлаймын, сізді сағынамын...

Сурет: gd.ru