Алматыда күн күркіреп, қар жауды

Алматыда күн күркіреп, қар жауды
жеке
блог

Көктем мен күзде найзағай ойнап, күн күркіресе бір сәрі. Бүгін қақаған қыста Алматыда күн күркіреп, қар жауды. Естімеген елде көп дейін десем, білетіндер бар болуы керек. Ал өзім алғаш рет есітіп, алғаш рет куәгері болдым.

Табиғаттың тылсым сырына басында сенбеген де едім. Таңғы асқа отыра бергенде гүрілдеген дауысты құлағым шалды. Жұмысқа келе жатып, тағы бірнеше рет естідім. Аң-таң болады екенсің. Мүмкін таңғы ұйқымды аша алмай жүрмін бе деп болжадым. Жұмыс жақта Көктөбенің ескі бағандарын құлатып жатыр екен. Оның даусы да көкті күркіретіп тұр. Бірақ, оның Алматы аспанын күркіретердей күші қайдан болсын деп ойлап қойдым. Бірақ, расымен де бүгін күнкіреп қана емес, найзағай ойнағанын байқаған жандар да бар екен. Табиғаттың бұл тылсымы бір жағынан қызық көрініп, ғаламтордан ақпарат іздей бастадым.

Сөйтсем, расымен қыс мезгілінде де күн күркіреп, қар жауады екен. Табиғаттың бұл тосынсыйы 7-8 жылда бір-ақ орын алатын көрінеді. Ауа-райын болжайтын синоптиктер қыста күн күркүреуін салқын атмосфералық қабатта орын алатынын айтады. Көбінесе полярлы фронт циклондары тән аймақта жат құбылыс емес. Ал оның соңы қардың қатты борауымен аяқталатынға ұқсайды. Бірақ, ұзаққа созылмайды екен. Дәл осындай құбылысты бүгін Алматы аспанынан да байқадық. Түс ауа күннің көзі ашылып, манағы боран болмаған секілді кейіпке еніп шыға келді.

Бетін аулақ қылсын, кей елдерде қыста күн күркірегенді жақсылықтың белгісі ретінде бағаламайды екен. Ағашқа түскен найзағай ашаршылық болатын жылды, қыста болатын найзағай үлкен дауылдың тұратындығын білдіреді. Табиғи және өзге де апаттардан белгі беретін көрінеді. Бұл – халық ырымына байланысты түсінік қана. Бораннан кейінгі шыққан күн – жақсылықтың нышаны болғай. Бастысы – еліміз тыныш, басымыз аман, бауырымыз бүтін болcын!