"Жоқ" дей алу...

"Жоқ" дей алу...
жеке
блог

Өмір болған соң, бәрі де болады деп жатады. Біреуден көмек сұрайсың, біреуге көмектесесің... Мен көптен бері ойымда жүрген "жоқ" дей алу мен "жоқ" дей алмау мәселесін қозғағым келіп отыр. 

Біреуден көмек сұрау - шын мәнінде ыңғайсыз жайт секілді. Бірақ өмір кейде осы нәрсеге мәжбүрлейді. Сол кезде кімнің кім екені анықталады. Дос деп жүргендер алдыңнан сәлемсіз жонын көрсетіп өте шығады... 

Бірақ көбіне адамдар не көмек сұрасам да, тауымды қайтармай, қолдан келгенін жасап келіпті. Әсіресе ауадай қажет уақыт күттірмейтін түрлі құжат мәселесінде жақсы адамдардың көмегін көп көрдім. 

Өзіме келсем, біреудің шарасыздығынан пайда көріп қалу, оңай олжаға кенелу сияқты ойлар үш ұйықтасам, түсіме кірген емес. Бірақ өмірде болып жатқан түрлі оқиғаны естіп, жағаңды ұстайсың... 

Жаның ашығаннан, кейде көмек сұраушы адамға деген құрметтен басыңды бәйгеге тігіп, оның мәселесін шешіп беруге асығасың. Мысалы мынадай оқиға жиі болады: Пәленше Түгеншеге жол жүру құжатын алып беремін дейді. Пәленше ол мәселені шешіп беру үшін одан ешқандай ақы дәметпейді. Бәрі шын көңілден. Бірақ Пәленше мәселені шешуде біраз қиындыққа тап болады. Сондағы бірінші сөзі: "Ойбуй, Түгеншеге алып берем деп айтып қойып едім! Ұят болды-ау!" 

Міне, біз осындаймыз. Көмек сұраушы адамның алдында міндетті сияқтымыз. Керісінше өзіміз көмек сұраған адам бізге қол үшін созуға міндетті сияқты... Өйткені "адам күні адаммен" дейміз...

Тек тұрмыстық жағдайда ғана емес, махаббат мәселесінде де өзге адамның көңілі үшін өзіңді қинап "жоқ" дей алмаудың ақыры көбіне жақсылыққа апармай жатады. Немесе құрбың сені отырысқа ертіп кеткісі келеді, сен қанша шаршап тұрсаң да, құрбыңның көңілі үшін "жоқ" дей алмайсың... 

Қарап отырсақ, біздің тұлға ретіндегі еркіндігіміз осылай шектеледі екен. Ал ешкімнің көңіліне қарамайтын адамды қоғам қабылдамайды... 

Осы мәселеге қандай пікір айтасыздар?  

Сурет: forex.hexun.com