Пункт №4 немесе ең қызық адам

Пункт №4 немесе ең қызық адам
жеке
блог

   "Кездейсоқтық" деген жоқ... Тағы бір мәрте соған көзім жетті. Былай ғой...  Жыл аяқталып қалғасын жаңа жылға жаңа мақсаттарымды жаздым: 

  1. -4 келіге арықтау,
  2. -Киім киу стилімді гранждан ретро-винтажға ауыстыру,
  3. -Әр жұма сайын рухани тазарту жұмыстарын жүргізу,
  4. -"Опшым" бұрынғыдан да қызығырақ тұлғаға айналу...

Әсел Құрман

Осылайша тізімім жалғаса береді. Сол күні  ғаламтордан мақсаттар тізімімдегі №4 пунктіне  қатысты керемет қызықты кітап тауып алдым. "How to be interesting" деп аталады. Яғни "Қалай қызықты боламын" деген. Авторы Джессика Хэги. Маған қажетті нәрсе ғайыптан тайып қолыма түсе қойғанына таң қалдым. Бұл кітаптан гөрі біреудің жеке күнделігіне көбірек ұқсайды. Іші сұмдық идеяларға толы, әзіл де, философия да бар. "Әй, Джессика өзімдей бір қылжақбас екенсің" деген сөзбен кітапты тәмамдадым. Енді,өздеріңмен бөліспесем, ар азабынан қиналатын түрім бар.

    Әдеттегі сұр күндерді қанық түстерге бояғыңыз келсе мына кеңестердің пайдасы тиеді деп ойлаймын:

  • Жақсы сөзге сараң болмаңыздар. Өзгеге бағытталған орынды мақтау сөздер,қолдау. қолпаштау әрқашан қуаныш әкеледі. Бірақ көпшілігіміз оның тегін екеніне қарамастан, сараңдық танытамыз. Құдды бір қалтамызды тесіп бара жатқандай. Қазақтардың "Жақсы сөз-жарым ырыс" деген мақалынан түйгені осы болар Джессидің.
  • "Үйкүшік" болмаңыздар. Шынайы өмір әрқашан  тек 3 D  форматта көрсетіледі. Таң қаларлық тұлғаларды кездестіру және естен кетпес сәттерді өткізу мүмкіндігі 4 қабырғадан алыс жерде арта түспек.
  • Басқалардың ойына түкіргеніңіз бар болса, күте тұрыңыз олар да сізге түкіреді. Өзгелердің пікіріне құлақ аспай, тек өзінің ғана ақылымен әрекет ететіннен асқан  қызықсыз адам жоқ.
  • Гаджеттерді сөндіру. Смартфон, теледидар, компьютерге тәуелді болмай бір жұма өмір сүріп көріңіз. Әлемнің Ұлы қызықтары тек технология саласында емес.

Әсел Құрман

  • Өзіңіздің оғаш қылықтарыңызды қабылдай біліңіз. Бетпердені шешеміз. Гримды сүртеміз. Өзгелерді көшіруді қойып, тек өзіңізге ғана тән, ерекше  тұстарыңызды көрсете біліңіздер.
  • Көп тамсану қажет. Бойыңыздағы нәрестені оятыңыз. Жылдар бойы мектеп, айнала, қоғам тудырған цинизмді  түйіншекке түйе тұрып, болмашыға қызығып, балаша  қуана біліңіз.
  • Униформадан құтылыңыз. Елдің кигенін кие бермей, жеке стиліңізді қалыптастырыңыз.  Адам көркі- шүберек.
  • Кездейсоқтықпен ойнаңыз.Қандай да бір жағдайда бір шешімге тоқталуға қиналсаңыз кубик немесе тиын лақтырыңыз, бөтелке айналдырыңыз. Бұл өте қызық.
  • Жанжақты болыңыз. Өзіңіз шешіңіз  атақты ғалым қызығырақ па әлде виолончелде ойнайтын, ілмек бізбен тоқи алатын, арасында теңізде жүзген кемелерге қарап отырып, өлең шығаратын   ғалым қызық па?
  • Көмек көрсетіңіз. Елге, қоғамға, өзге адамдарға не тарту ете аласыз? Не нәрсе ұсына аласыз? Уақыт? Қоғамдық көліктегі орын? Қабілет? Мақтау сөз? Қаражат? Таза шұлық?  Сіздің ұсынғаныңызды қажет ететіндер әрқашан табылады.

Сонымен , ееееееең қызықты адам болуға қалай қарайсыз? Кітапта мұнан да көп қызықты кеңестер бар.  Мен өзіме ұнағандарын  ғана жаздым.

Жаңа жылыңызбен

Сүйікті Массагет.кз оқырмандары, Жаңа жыл  жадымыздан жақсылықтарымен өшпейтін жыл болсын, Ин ша Алла!  Жаратушымыз жарылқасын. Әр қайсысыңызды құшақтадым!!!