"Бүгінім"- ертеңгі бағым

"Бүгінім"- ертеңгі бағым
жеке
блог

 Әкем  кемпір-шалдың  баласы  болған. Әжесі  оқымаған, бірақ өмірден үйренгені көп,  үйретері мол  өнегелі кісі  болған. Әкеме қыздың  тәрбиесі, келіннің  ата-ана,  ата – ене  алдындағы орны, жігіттің  қыздарға  деген  құрметі,  болашақ  жарына, қыздарына қалай  қарау керектігін  айтып отырады екен.  «Оны маған неге  айтасыз? Қыз емеспін ғой» деп налитынмын дейді әкем.

Мен – әкемнің  қызымын. Әлі күнге дейін еркелеймін, сырласамын, ақылдасамын. Кейде екеуміз жігіттер жайлы да сөйлесіп қоямыз ;) Оның мінезі сырт көзге  өте қатал болып көрінеді,  бейнесі - сұсты. Қыз болсам да, мамамның қасында отырып, үй шаруаларына белсене араласпаппын. Әкем бір күні  менің  осы қылығыма ашуланып: «барған жеріңде бізді  жерге қаратпасаң болғаны! Қашанғы менің  жанымда  жүресің? Сен де жат жұрттықсың!» деп, дастархан басында отырып бірден айтып салды. Жеп отырған тамағыма түйіліп қалдым да,  ренжіген сыңай танытып, орнымнан  тұрдым да далаға шығып кеттім.

Сабақтан тыс уақытта  үйдегілерге көмегім болсын әрі өз нәпақамды  өзім табайын деген мақсатта  жұмыс іздедім. Білім беру  орталығында  мұғалім  болып орналастым. Сабақтар әр кезде әртүрлі  өтеді. Кейде үйге барып та оқытамын. Кеше  бір тәте  қоңырау  шалып, қызына репетитор болуға шақырды. Түскі уақыт еді, үйіне барсам  пельмен түйіп отыр екен. «Көмектесе қойшы, ас ішіп болғаннан соң сабақты бастармыз» -  деді. Келісім бердім де, қамырды алып  дөңгелектеп жайып отырсам таң қалып: не істеп жатырсың? Енді оны қалай кесеміз?» - дейді. Қамырды  дөңгелектеп жайып, сосын оны  орап, төртбұрышты етіп кесіп, қамырдың шетінен қалып кеткен  қиқымдарын бір-біріне  қосып жабсырып,   пельменді гүлдеп  түйіп берсем, әлгі тәте повар  болып  жұмыс жасаған  жоқсың ба?» - деп,  гүлдеп түюді үйретуімді  сұрады.  «Ата-анаң сендей адамды тәрбиелеген қандай  жақсы адамдар еді! Барған жеріңде бағың ашылсын! Бақытты бол, айналайын!» - деп шәй ішіп отрғанда да қайта қайта тілегін айта берді. Қолымнан осындай іс келетініне таңғалдым, шыным. Ұяда не көрсе, соны іледі деген рас екен. Маған ешкім  үйретпеді, бірақ үйде мамам мен әпкем әртүрлі тағамдар жасап отыратын. Үйге келіп, сол көргендерім бойынша тағы жасап көрдім. Қолымнан келеді екен. Тәтенің  әлгі сөзін естіген соң әкеме деген  ренішім жойылды. Әкемнің ол  сөзді жанашырлықпен айтқанын түсіндім. Қыз деген – ата-ананың айнасы. Барған жеріңде  сенің  сырт келбетің, сөзшең  болғаның қызықты болуы мүмкін, бірақ  ол көпке созылмайды. Сен қандай болсаң – ата-анаң да сондай.  Себебі, жақсы болсаң да, жаман болсаң да бірінші сөз ата-анаңа бағытталып айтылады.

Қыздар, еркелік  өз жөнімен! Пысық, тәрбиелі, қарапайым қыз ертеңгі күні адал жар, супер келін, аяулы ана, ортасына сыйлы жеңге болады.  Әрбір қыз бір үйдің түтінін  түтететіні анық қой. От  жаққанда үйдің түтеп бықсуы да, жылуы да  бізге байланысты.

P.S. Пельменге мақтанбадым. Бірақ, кешегі күнім өзіме сабақ болды. Күнде бір адам ұзатылып, басына ақ орамал тағып отыр. Ертең де  аяулы әпкем, сырласым,  Алаштың  ақ маңдайлы қылықты қызы ұзатылғалы жатыр. Алладан бар тілеуіңізді тіледім, әпке! Бақытты болыңыз ;)