Ар алдында бәрі бірдей

Ар алдында бәрі бірдей
жеке
блог

-         Әй, кім еді...?!

-         Иә, айта беріңіз бастық.

-         Сен кім едің?

-         Мен бе, адам...!

-         Ой, жоға. Жұмысыңды айтамын.

-         Ә-ә-ә, мен осы жердің кірін жуып, кірген-шықаннан есеп алатын...

-         Тоқташы, не деп созып кеттің. Атауымен айтшы.

-         ВАХТА-БЕК!

-         Вахта дегенің жөн. Бек дегенің не тағы?

-         Өзімше қойған атым ғой. Мән бермеңіз.

-         Қалай мән бермеңіз. Мен бастықпын. Бәріне мән беруге міндеттімін. Давай дұрыстап айт!

-         ВАХТА...б... ВАХТЕР!!!

-         Жәй, айғайлама. Так, вакхтер былай істе, мына стекло бос тұр.

-         Қай?

-         Үй, сен мені мазақ қылып тұрсың ба? Мына үлкен стеклоны көріп тұрған жоқсың ба? Көзің шыққыр!

-         Үлкенді көріп тұрмын. Стеклоны көріп тұрған жоқпын.

-         Енді не көріп тұрсың миғұла?!

-         Әйнек!

-         Әй, сен тым шектен шығып кеттің. Давай миды ашытпай, жұмысқа кіріс. Мына стеклоны бүгін түннен қалмай безендір

-         Не қыл...?!

-         БЕЗЕНДІР!

-         Немен, ненің құрметіне?!

-         Жарықтармен, суреттермен, НОВЫЙ ГОД келе жатыр ғой.

-         М-м-м-м. Аяз ата келейін деп жатыр ма?

-         Так, а ты шутканы жақсы айтасың. (күлді). Давай ертең тәңертең есіктен кіргенде мен айтқан жұмыстың нәтижесін көретін болайын.

-         Кешіріңіз, бүгін желтоқсанның басы. Әлі тәуелсіздік күні бар емес пе?!

-         Басы ма ортасы ма ол сенің шаруаң емес, менің айтқаным саған заң. Ал, тәуелсіздікке келсек, сол күні бір плакат жаса да соған «Тәуелсіздік күні құтты болсын» деп жаз да, осы безендірілетін жарықтардың бір жеріне іле сал. Кейін алуға оңай болу үшін.

-         Бірақ...

-         Молчать! Все, давай мен кеттім.

-         ...

Таңмен тұрып бастығы ерте келді. Есігін ашып, кіре салғанда көз алдында тұрған әйнектің бетіне жазылған қып-қызыл қанды жазуды көріп зәресі төбесіне жетті.

-         ВАХТА ВАХ...

« Менің қаным Қайраттың қанына артық емес. Менің жұмысым жерден төмен адамдардың жұмысы болғанымен арымның алдына бес тиын. Жұмыстан кеттім. Айлығым сізге «премия», тәуелсіздік күні қарсаңына берген. Құрметпен, ВАХТА-БЕК»-дегенді оқып біткен бастықтың көзіне қып-қызыл болып қан үйірілді. Есік ашылып, есіктен хатшы қыз кірді де

-         С наступающим...! - деп тұрып қалды.