"Секілдімін шаршаған өлең сенен..."

"Секілдімін шаршаған өлең сенен..."
жеке
блог
Секілдімін шаршаған өлең сенен,
Күндерімді қайғымен тең өлшеген.
Бүгілген-ді бүгінде тізелерім,
Кеше ғана өр мінез, өр еңселі ем.

Ей, өлеңім, жігерімді жасыттың,
Күнде сыйлап тамшы қайғы, қасық мұң.
Шабыт-қамшы сауырды кеп сүйгенде,
Жалқы сырын ақтарды кеп жасық түн.

Сырласым да, мұңдасым да болып ең,
Кейде жұмсақ, кейде қатты, долы де ең.
Айтшы, маған, бағым бе едің баянсыз,
Әлде менің маңдайымның соры ме ең?

Шаршадым мен сенен де, өмірден де,
Қуаныштан қалуда көңіл кенде.
Бақыттымын дегенмен кеудем менің,
Сен туасың қайғыға көмілгенде.

Жазбай-ақ қояйыншы осы мен деп,
Сырласып қара түнде отыр ем кеп.
«Өлең – сенің өмірің» деген күбір,
Естілді уытыма сосын ем боп.

Бәрібір өлең сені тастай алман,
Алмаймын арыла да құс-қиялдан.
Өлең, сені сүйемін,сезімімді
Ғаламда ғаламаттық күш тияр ма?
 
https://vk.com/public82616988