Айнұр Ильясовамен "қыздар арасындағы" әңгіме

Айнұр Ильясованы "Келинка Сабина", "Побег из аула-2", "Побег из аула-3", "KZландия. Сокровище нации", "Сырғалым", "Бажалар", "Ду-думан", "Қыздар арасында" кинолары мен телебағдарламаларында осы бір әдемі, өз рөлін барынша беріліп ойнайтын қыз маған "Келинка Сабина" киносынан бастап қатты ұнай бастады. Еш жасандылықсыз рөлді сомдауы көзіме бірден шалынды. Айнұрмен бірге шәй ішіп, онымен сұхбаттасудың реті түскен еді. 

АК: Айнұр, салем. Жалпы кино әлеміне қалай келдің? Кинода комедиялық рөлдерді сомдау қиындық тудырмай ма? Алтыншаш рөлін сомдау ұнады ма? 

АИ: Жоқ, қиындық тудырмайды. Өзім театр актрисасы болып бастағаннан кейін кез-келген рөлді алып шығуға тырысам. Алматыға келгелі театрда ойнаудың мүмкіндігі болмады, "Әзіл-мәзір", "Дудар-ай", "Әзіл-кеш" бағдарламалары арқылы алғаш рет комедиялық рөлдерде өзімді сынап көрдім. Осы рөлдер арқылы таныла бастадым. Кейіннен Нұртас Адамбайдың "Побег из Аула" атты сериалына түстім. "Келинка Сабина" фильміндегі Алтыншаш рөлі өзіме ұнайды, ол еркін, ерке келіншек. Өзіме берілген рөлді барынша шынайы ойнап шығуға тырыстым. Меніңше барлығына ұнаған сияқты. 

Ал өзімнің арманым, психологиялық драмаларда ойнау. Өзімді басқа қырымнан танытқым келеді, әрі өзіме сондай рөлдер жақын. 

АК: Тарихи киноларға шақырса түсер ме едің?

АИ: Әрине, қуана келісер ем, өкінішке орай менің түр-әлпетім тарихи кинолардағы қазақ қыздарын сомдауға келмейді, сондықтан ондай ұсыныс түсуі екіталай. Дегенмен, үлкен киноға түсу арманым. 

АК: Жақын күнде өзіңді "Қыздар арасында" бағдарламасының жүргізушісі ретінде көріп қалдым. Аша Матай бастап жүргізген бағдарлама көрермендері сені қалай қабылдады? Жалпы бағдарлама жүргізуге қалай қарайсың, бұл шоуға қалай келдің? Шынар апаймен жұмыс істеу қиын ба?

АИ: "Қыздар арасында" бағдарламасына кастинг болды, сол кезде өзім аздап ауырып тұрғасын жақсы өте алмадым деп ойладым. Бірақ, олар хабарласқан кезде қуандым. Сол кезде "Күнтізбе" бағдарламасынада ұсыныс келді, мен өзім "Қыздар арасында" бағдарламасын таңдадым.

Ашамен түсірілген барлық сериясын қарап шықтым Ашаның өзін ұстауы, тақырыпты ұсына алуы (подача), іс-қимылы, көрермендермен жұмыс жасауы бәрін бақыладым.  Қатты қобалжыдым, себебі көрермендер бір жүргізушіге үйреніп қалады ғой, бағдарлама шыққасын ғаламтор беттерінде жарияланған пікірлерді қарап шықтым. Ешкім нашар демеседе, аздаған кемшіліктерімді айтып берді. Мысалға, Шынар апай көп сөйлеп менің текстімді аз санағандар болды. Басында қысылғаныммен артынан өзімді еркін ұстай білдім. Шынар апаймен алғаш рет жұмыс жасауым осы болды, біздің бірігіп бір істі қалай атқарғанымыздың бағасын көрермен берер. 

"Қыздар арасында" бағдарламасының қыздарға берері мол деп ойлаймын, ол жердегі тақырыптардың қолдайтын жағында қолдамайтын жағында екі жақты қарауға тырысамыз, арнайы мамандарды шақырамыз. Тіпті өзім білмейтін жаңа нәрселерді білдім. Бүгін бағдарлама талқылауында болып қайттым, ойымда жүрген қыздарға қатысты тақырыптармен бөлістім. 

АК: Ғаламтор бақылаймын деп қалдың, қандай әлеуметтік желілерді қарайсың онда жазылған негатив пікірлерді көңіліңе аласың ба? 

АИ: Көбіне екі әлеуметтік желіні қолданам, фейсбукта өз ойларымды жазсам, ал инстаграмда халықтың сұрауы бойынша әдемі, позитивті Айнұрды ұсынамын. Егер пікірде шынайы сын айтылып жатса ескерем, ал егер жеке басыма өтіп жатса онда ол адамға міндетті түрде блок қоям, әзірге менде 25 000 ғана оқырман бар, әзірге өздерін ұстай алмайтын адамдар менде кездеспеді.

АК: Өмірдегі ең үлкен сыншың кім?

АИ: Өмірдегі ең үлкен сыншым - анам. Не істесем де, қандай бағдарлама, кино, сериалға түссемде бірінші анамның пікірін күтем. Анам "ана жерде өзіңді былай ұстапсың, мына жерде тым көп күліпсің" десе келесіде соны жібермеуге тырысам. 

АК: Кинодан басқа қандай қызығушылығың бар? Шынайы өмірдегі Айнұр нені жақсы көреді?

АИ: Спортты, тауға шығуды, атпен серуендегенді ұнатамын. Фитнеспен айналысам, жақында фитнестен "атлет" деген атақ алдым. Көбіне сол табиғат аясында демалғанды ұнатам. 

АК: Саған қандай жігіттер ұнайды? Егер шыққан күеуің "үйде отырасың, бала қарайсың, киноға түсу деген енді жоқ" десе қалай қарайсың? 

АИ: Сіз айтқандай талап қоймайтын жігіт таңдауға тырысам))), себебі мен сол киноға түсу үшін анамды тастап Алматы қаласына қоныс аудардым, маған түсіністікпен қарайтын жан керек. "Қандай жігіттер ұнайды?" дегенге келсем, өзіне сенімді, байсалды, алдына қойған мақсатына жете алатын, көзі ашық- көкірегі ояу жігіттер ұнайды. 

АК: Қазір танымал актрисалар қатарына қосылдың. Өзіңді жұлдыз сезіну немесе райдер қою деген сияқты мінездер пайда болмады ма? 

АИ: Өзімді әлі жұлдыз сезіне қоймадым, рас көрген кісілер "мынау актриса ғой" деп жатады, суретке түсуге тырысады. Бәріне жақсы қараймын, сені танып жатса қуанасың ғой, бірақ "мен жұлдызбын немесе танымалмын" деген сияқты ойлар әлі келмеді. Райдер дейтіндей ешқандай талабым жоқ, тек гонорарды ғана талқылауға тырысам. 

АК: сұхбаттасқаныңа рақмет, үлкен рөлдерден сені көре берейік! 

P.S. "Қыздар арасында" бағдарламасын 7- арнадан күн сайын 13:00 де көре аласыз. 



Бөлісу: