Олар өмірге құштар, өнерге ғашық
блог
Он сегіз мың ғаламның иесі, Жаратушымыз әрқайсымыздың маңдайымызға түрлі тағдырды таңбалаған. Сыйы бөлек. Өлшеп берген несібесіне шүкіршілік айтып, тіршілік атты керуеннің көшіне ілесіп жүрміз. Сол көште сан түрлі адамдармен жолығасың. Сан қилы тағдырларға кезігесің.
Мақсат Сәрсенбаевпен мен Шымкентте өткен қолөнершілердің көрмесінде таныстым. Оның бойындағы қайсарлық, өмірге құштарлық мені тәнті етті.
Әйтпесе соққан дауылға төтеп бере алмай, морт сынып, кететін адамдар көп ғой арамызда.
Ол 4 жыл бұрын болған оқиғаны қазір есіне алғысы да келмейді. Тағдырдың жазуы шығар, жалындап тұрған жас шағында мүгедектер арбасында таңылды.
Мойыған жоқ. Ата-анасына, бауырларына салмақ түсіргісі келмеді.
Сөйтті де мүгедектерді оңалту орталығында ем қабылдап жүріп, қолөнер бұйымдарын жасауды үйреніп алды. Жанын түсінетін, өзі секілді тағдырлас, мұңдас достар тапты.
Ол қазір қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр. Мүгедектердің құқығын қорғау үшін, олардың мәселелерін де жиі көтереді.
- Бізді көргеннен «Ой, ана арызқойлар келе жатыр» дейді қазір көбісі. Айта берсін. Өз құқығын білмейтін замандастарым көп. Ал мен оларға бей-жай қарап отыра алмаймын. Құқығым тапталса, талап етемін. Өзгелер «мүгедектерге оңалту орталығына берілетін жолдамадан, жәрдемақыдан қағылып қалармыз» деп, іштен тынады. Дұрыс емес. Ізімізден еріп келе жатқан мүмкіндігі шектеулі қыз-жігіттер қағазбастылық мәселесіне келгенде қиындық пен қағажу көрмес үшін, қазір біз өз құқығымызды қорғай алуымыз керек, - дейді ол.
Мақсат – ынталы, талантты, қанағатшыл, ізденімпаз. Білімін жетілдіру үшін түрлі тақырыптағы семинар-тренингтерден қалмайды. Байқауларға белсене қатысады.
Ол былтыр «Даму» кәсіпкерлікті дамыту орталығында 9 ай білім алған. Ал жақында несиеге қол жеткізді. 3 миллион теңге. Қытайдан тапсырыспен станоктар алдыртып та қойды. Сандық, есік, терезе, бесік, тағы басқа бұйымдар жасамақшы.
Өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандар үйінде бір зейнетақыға қарап жатпаса дейді. Жанына екі адамды жұмысқа алған. Одан бөлек моншақтармен, биссерлермен безендіріп жасаған сыйкәделерін балабақшалар мен мектептерді аралап сатып, бірге жасаған достарына ақшасын тең бөліп береді.
Мақсат көлігін қолмен басқарылатындай етіп жасатып алған. Жүре алмайтын, үйінен шығуға мүмкіндігі жоқ достарын салып алып, концерттерге, саябақтарға, ауруханаларға, жәрмеңкелерге тасып жүреді.
Оңтүстікте 2 миллионнан астам тұрғынның 3,6 пайызын, яғни 96 мыңнан астамын мүмкіндігі шектеулі жандар құрайды екен. Өмірге кірпіш болып қаланып кетсе екен бәрі.
Мен күйреуіктердің қатарына жататын шығармын. Болмашы нәрсеге іштей мазасызданып, өз-өзімді кінәлап, қиындықтан шыға алмай жүремін.
Сондай кезде Мақсат пен оның достарын ойлаймын. Сабама түсемін. Менікі түкке тұрғысыз мәселе екенін, оған неге сонша бас қатырғанымды ойлап күлемін. Ұяламын.
Олар өмірді сүйеді. Бізден артық.