Мамық қарға махаббат

Мамық қарға махаббат

Па, шіркін!
Жауысын-ай мына қардың.
Сезетін түрі бар ма мыналардың?
Ақ үлпек түскен сайын алақанға,
Ериді. Қимай-қимай жылап алдым...

Құйылып көмейіме құм шарабы,
Жауар ма мына мамық мұнша тағы.
Ұлпа қар аймаласып бір-бірімен,
Алдында тереземнің мұң шағады.

Шоғына қараңғының күйген көзге,
Мамығың жарық шашты тиген кезде.
Құдірет осы дедім көктен түскен,
Бетімді жалай өтіп сүйген кезде.

Биіктен көз тартады аспан андай,
Кеудесін әлі ешкім баспағандай.
Ақ мамық түсіп жатыр көктен Тәңір,
Қиқымдап ақ бұлттарды тастағандай. 

Нәп-нәзік екпінімен қапалақтап,
Көк зеңгір төккен жерге шапағат пәк!
Аппақ қар саған қарап сезбей қалдым,
Аяздың жібергенін шапалақтап.

Махаббат саған деген мамық әлем,
Мен сенің ақтығыңа табынар ем.
Ұйқыдан тұрған сайын сені іздейін,
Тастап кет тап өзіңдей таңыма рең.

10.12.2014ж



Бөлісу: