Мен білетін құрбымжан…

Мен білетін құрбымжан…
жеке
блог

Бұл кім дейсіз ғой…? Құрбымжан деуіме себеп, ондаған магистрант арасынан көп уақыттан бері білетін, біліп қана қоймай көптеген қызықты әрі ұмытылмас шақтарды бірге өткізген  кең маңдайлы, қыпша бел, кей кездері мінезі де шашы сияқты тіктеніп кететін Сыр сұлуы Мәншүк, мен үшін Мәке қыз.

Мәншүк десе ең алдымен есіме оның ұзын шашы мен бірінші курста фаеде көргендегі үндемес қалпы келеді. Ауылдан Алматыға алғаш оқуға келгенде, анау-мынау сұрағы көп аңғалақ боп жатақхана  студенттері шауып жүреміз, ал Мәке болса аспай -саспай үндемей байыппен,елден де қалмай бәріне үлгеріп, үлгілі боп жүреді.

Ә дегенде балмұздақ студенттердің бәрі көзге түскісі келіп, біреуі әнімен, біреуі биімен масаттанып, ендігілері мен спорт шеберімін деп жыл басы белсенді боп, жыл аяғы жатақхана белсенділері тұрмақ, жатақхана тұрғыны қатарынан таппай қалғанбыз. Ал, мен мінезіне тәнті Мәкең төрт жыл тұрақты түрде жатақ тұрғыны болды, сонымен қатар ұйымдастырылған іс–шараларға да үнемі ат салысып, алған міндетін тиянақты етіп атқарды.

Табиғаты әсемдіккке, алуан түрлілікке құмар… мүмкін жан жақтылғы  шығар, қарап көріңіз мен қазір тізбектеймін: театр мен кинотеатрдың тұрақты көрермендерінің бірі, журналистика мен медиа, блог деген әлемнің шеберлік сыныптарында қабілетін шыңдаушы, әлеуметтік желілердің бірнешеуінің басын ұстаған журналист, домбыра мектебінің де оқушысы болған,түрлі музейлерді тамашалаушы, қорық, саябақ, ұлылардың мазарына да барушы, саяхатшы айта берсем әлі де жетерлік …

Саяхатшылығы маған қатты ұнайды, бұл оның тазалық пен әсем табиғаттың, таза ауаның кереметін сезініп, жанын жадыратып, жаны қалағанын орындап, қаланың күнделікті бітпейтін күйбен тіршілігінен сәл де болса демалайыншы деген өзіне үлкен құрметі болар деп шештім.

Медеу, Алма арасан, Үш қоңыр, Есік көлі, Таңбалы тас қысқасы Алматының маңайындағы үлкенді-кішілі демалыс орындарының көпшілігіне  барып, суретке түсіріп, шет елдіктерше тамашалап, танымды дүниелер жазушы. Бұл жақсы қасиет, себебі Алматыда туғаннан тұрып келе жатқан жергілікті халық жаңағы аталғандарыдң біріне барса, біріне бармады.

Бұл Мәншүктің ата баба тарихына деген,елге, жерге деген ерекше құрметін көрсетеді, менің өз басым осы жазбаны теріп отырып, неге тұңғыш президенттің туған жеріне бармасқа, енді барамын деп ой түйдім, іргеде тиіп тұрып бармаймыз, анау америкалықтар сол жерді көру мақсатымен біздің елге келеді емес пе… о тоба.

Енді қызылордалық ханымның табандылығына, шыдамдылығына тоқталайыншы, осыдан екі жыл бұрын бір топ достар болып Қарағанды, Қарқаралы, Астана, Семей, Жидебайды шарлап тағы да тарихпен танысып, сол жолдан менің тойыма да қатысып қайтты. Тойға келген достарымның айтуы бойынша алдын ала жол билетін алмағандықтан пойыздың ішінде отырарға орын болмай, тек тұрып тұрған, тұруға әрең орын тапқан соң тамақтануға қайдан мүмкіндік болсын, сөйтіп шаршап шалдығып, ұйқы көрмей жүріп, тойды  Мәдинаның Алматыдан келген достары  деген абыроймен ерекше етіп өткізіп, тағы да пойызда тұрған қалпы сапарларын жалғастырған. Артық сөз жоқ, шаршадым деген уәж жоқ не деген пенде мынау деп тамсанасын…

Келесі кезекте шет елде жасаған саяхатымыз арқылы Мәншүктің мен үшін меймәлім қасиеттерін сіңіріп, өзімен жақындасып кеттім, тіпті бір көрпе жамылып, тырқылдасып кеш батырып, талай тамсаныспен таң атырдық. Бәрі есімде… Сөйтсем дос болғанға құшағы да ашық, мінезі де ашық, досы көп, «ақшасы да көп» күлегеш қыз екен. Бір шиқылдап күліп бастаса онысын тежеу біз үшін оңай емес, себебі бізді де елітіп, шек сілеміз қатқанша күлдіріп, кешті қызыққа айналдыратын  кербез. Өте байқампаз, ұқыпты, әр нәрсеге есебі мықты елгезек ару.

Достық, туыстық қарым қатынасы, сыйластығы ашылмаған терми, олардың көңілін елеп ескеріп, әрқайсына сыйлық алып, тебіреніске түсетін бауырларына қамқоршы, айтпақшы асты дәмді етіп дайындаушы бүгінгі күлім көз, ертеңгі аяулы жар. Себебі махаббатқа өте мөте тұрақты, қазақ ақынының жүрегін бар болмысымен тебрентіп, жыр шумақтарының басты кейіпкеріне айналған Қызылорданың аппақ күрішінен де ниеті ақ, асыл жан. Тілерім тек ақ жол!

Егер тоқтатпасам Мәншүк ханымымның мінезінің көп тұсын бүгін айтып бітпеспін, себебі барша адам атаулы ерекше жаратылыс қой, сондай ақ топтағы бірнеше жанды да осылай жақсы көріп кеткенім рас…

Осындай таныс дос құрбы берген Аллаға, тағдырға ризамын, осы тапсырманы берген Клара апайымызға да мың алғыс,себебі жанымызда жүрген жақсы адамдарды кейде ескермей кетеді екенбіз,

Сендер аман болыңдар жақсы адамдар

Жаксы адамдар бұзылмас тас қамалдар.

Табаныңның астында жатады әлі

Пенделіктен өресі аспағандар.

Сендер жайлы шырқалар асқақ ән бар

Күйіп кетсін көре алмас патшағарлар,- деп біраз дамылдап, көп ой түйіп, кәдімгідей қобалжып, түрлі психологиялық мінез ауытқуларын бастан кешіріп, ренжіскен, сөзге келіспей қалған жақындарымды, достарымды, көптен көріспеген таныстарды, өзімді де кешіріп, көзімнің жасын бір сығып алдым, сөйтіп менің бүгінгі психологиялық сабағым осылай бастау алды …

 

 Сағат 13:49, 27 қараша, 2013

 Ұлттық кітапхана, Алматы қаласы

Болатханқызы Мәдина

ІІ курс магистранты