Тақырып қоя білесіз бе?

Тақырып қоя білесіз бе?
жеке
блог

Газет бетіне шыққан материалдың оқылуы көбінесе тақырыбының қалай қойылуына тікелей байланысты болады. Өйткені сәтті қойылған тақырып оқырманды бірден баурап алады. Оның да өзіндік сырлары жеткілікті.


кітап

 

Әдетте тақырыптың қойылуы мақалада айтылатын фактілерге тікелей байланысты. Көп іздене білетін журналист ресми материалдың өзіне де сәтті тақырып қоя алады. Бұл арада журналистің кәсіби шеберлігі мен тәжірибесінің молдығы, талантының дәрежесі шешуші роль атқарады. Тақырып кейде бір немесе екі сөзбен беріледі. Кейде кейіпкердің тұшымды бір сөйлемі тақырыпқа шығарылады. Кейде мақалада айтылатын ең негізгі ой-ұсыныс тақырып ретінде оқырман назарына ұсынылады. Кейде аллитерация және ассонанс тәсілдері қолданылып жатады. Тағы бірде мақал-мәтел тақырып жүгін арқалайды. Енді бірде жыр шумағының екі жолы тақырыпқа шығарылады.

Қалай болғанда да журналист оқырман назарын өз мақаласына аударуға тырысып бағады. Күнделікті газеттерге қарап отырсаңыз сәтсіз тақырыптар да өріп жүреді. Кейде бұған түсіністікпен қарауға да тура келеді. Өйткені газет жұмысы оперативтілікті қажет ететіндіктен ондағы жарияланып отырған мақалалардың барлығын құлпырған тақырыппен беріп отыруға уақыт жетісе бермейді.

тақырып

Сонымен қатар оқырмандардың назарын аудару үшін тақырып беріліп, оның астына тақырыпша қойылады. Мұның өзі материалдағы фактілердің мәнін нақты аңғартуға қажеттіліктен туындаған.

Қазақ журналистикасындағы белгілі тақырып қоюшының бірі Сейдахмет Бердіқұлов. Ол «Лениншіл жастың» редакторы ретінде әрбір мақала тақырыбын ойнақы берілуін қадағалап қана қоймай, көптеген тақырыптарды әп-сәтте өзі өзгертіп жіберіп отырған. Сонымен қатар тақырып қоюды публицистер Сарбас Ақтаев, Қайнар Олжай, Қали Сәрсенбай, Нұртөре Жүсіп, Талғат Батырхан да ерекше меңгерген. Қазақ журналистикасындағы белгілі публицистер олардың талантын мойындаған.  тақырып

Қазақ журналистикасында тақырып қоюдың хас шеберлері мол болғандығын айтып өттік. Мақала мазмұнын оқи бастағаннан-ақ сәтті тақырыпты бірден қоятын публицистер әдетте қазақтың шұрайлы тілін терең меңгергендер екендігі анық. Өйткені сәтті тақырып қою тілі бай публицистің қолынан ғана келеді.