Журналистикада "сіз-біз" деген жоқ

Журналистикада "сіз-біз" деген жоқ
жеке
блог

Бұрынырақта тілші болудың қандай қиын екенін ойлап, бола алған адамның өзгелерден сатылап биік тұратынына тамсанып жүретінмін. Журналист қауым сондай бір ақылды, кәсібіне адал болып көрінетін. Біраз аға-әпкелерімді танып, біліп, соларға еліктеп, кеңесін тыңдайтынмын. Өздерін де менің ойымдағыдай биікте ұстайтын. Бірақ кейін сол кісілердің мәтіндерін қарап отырып, 6-7 сынып оқушыларының жазғаны ма деген ойлар келді. Себебі олар - қалай жазуды емес, не жазуды ойлаған адамдар. Әйтеуір қазаққа жақса, қазақ ұнатса, сол ісіміз арқылы "біз де бір ел жанашыры деген мәртебе алсақ" деген ой-ауан сезілді. Бірақ журналистиканың басқа салалардан кем болмаса артық емес екен деп түсініп жүрмін. Ауыз бар екен деп айта беруге де болмайды...

Қазақ ұнатпайтын, бірақ білуі тиіс дүние жазылса ұлардай шулап, бір-бірін қостай кететінді шығарды. Сол журналист аға-әпкелер бір-бірінің мақаласын оқымай ма, оқымақ түгілі қадағалай ма - оны білмедім, бірақ, меніңше, бір-бірін мойындау-мойындамау деген секілді мәселеге көп бас ауыртқан сияқты. Ал қалайша жазу керек, қандай ракурста жазу керек екенін бейсаналы түрде қалайда жаза салатын сияқты болып көрінеді. Әйтпесе Болатбек айтқан "болып табылатын", "деп күтілуде", "оқиға орын алды", "алдын ала хабарланғандай", "пайызды құрайды", "болуда, айтуда, жүргізілуде", "үстіміздегі жылы", "ағымдағы жылы", "аталмыш" деген таусылмайтын қате сөздерді сол кісілер өкіртіп, тіпті бір әріппен басталатын сөйлемдеріне де сыйғызып жіберетін еді. Әлі есімде. Соларға еліктеп, келсе де, келмесе де жаза бердік біз. Енді сол жазбалар үшін ұят қысып, ыңғайсыз күйде боламын.

Бірақ мен оны ойдан шығарыппын ба? Неге айтпаймын? Сол сөздерді бас редактор болғандардың, өзгеге ақыл үйретіп, кейде менменси қарайтындардың әлі де (!) айтып жүргенін көріп, қызды-қыздымен қолдай салатынды шығардық. Олармен "сіз-біздесіп" жүрген соң ақырын ғана, көңіліне тимесін деп айтып та көрдік. Айтатыны "Қарағым". Қарағым деген сөздің мәнін түсінбей айтып отырғанын тағы көріп налисың. Ендігі журналистикада "тренд", "тенденция" ғана болады. Енді сол кісілердің, сол кісілерден үйренген менің қиналатынымды ойласам кірер жер таппай кетемін. Бірақ менің әлдене түсініп, әлі де "аурудан" айығып кетемін деген үмітім (әлде дәмем) бар. "Біреулер базардан келе жатыр, біреулер онда бара жатыр".

Аттарын атай алмасам да, ішімдегіні бір шығарып алдым. Енді артыма қарамауға уәде беремін. Айтарым осы, рақмет!

Негатив үшін кешірім сұраймын!