Алыстан жеткен аманат

                 Шеткері тігілген боз үй мұның тұрағына еріксіз айналғанына бүгін төртінші күн екен. Келген күнгі әдетінше судан басқа ештеңе татпастан, сазарып отыра-отыра, шаршай бастағасын құс жастыққа жантайып, шаңыраққа найзадай кірпіктерінің астынан ұзақ қадала қарады. Мезет сайын небір ойлар шырмалып келіп, басын мең-зең етіп жіберді. Сол ауыр ойлардан мынау әрбір дүниесі таңдай қақтырып, небір әсем өрнекпен көмкерілген бау-басқұрына көз сүріндіріп, жарасымды жасақталып, сән-салтанаты келіскен алты қанат үйдің өзі қараңғылық жайлаған тар қапасқа айналып, тынысын тарылтып, еңсесін езгендей-ақ. Айдап әкелген күннің ертеңіне екі әйел келіп жуындырып, мынау асыл маталардан тігілген киімнің бәрін кигізіп кеткен еді. Әбден қалжыраған мұның қарсыласуға да шамасы жетпеген. Сүйрік саусақтарымен күмістен соғылған бойтұмарының бедерін мазасыз сипай берді. Ұзатылып бара жатып, туған жерінің бір уыс топырағын орап салып, мойнына таққан анасының бұл естелігі ең қадірлі дүниесіне айналарын ол кезде ойлап жарытпапты. Көзі ілініп кетіпті, бүйірінен біреу түртіп оятқандай болды. Сол тұсы бүлкілдей ме? Жым-жырт үйге жан бітіргендей шолпысын сыңғыр еткізіп бұл орнынан ұшып тұрды. Оқыс тұрғаннан басы айналып, бүрмелі көйлегінінің етегіне сүріне жаздап барып керегеден ұстай алды. Демін қысқандай көрінген оқалы камзолының қапсырмасын шешті. Қолын ішіне басып, жымиып қойды.
                ...Сол күні ерінің аңнан оралуын тағат таппай күтіп еді. Қуаныштан жүрегі алып-ұшып, хабарын жұбайына жеткізгенше дегбірсізденіп, сырттан шыққан әр дыбысқа елең қағып, біресе керегенің желкөзінен сығалап, біресе үй алдына жүгіріп шығып, терістікке көз жіберумен болған. Түн жамыла бір-ақ келген отағасы мұны оятып алмайын деп тықыр білдірмей келіп, көрпесін қымтап жапты. Әкелген олжасын еппен орналастырып, қару-жарағын орнына ілді. Түндікті жауып келген бойы бірден ұйқыға шомды.
                Таң алакеуімде дүбірі дүниені дүр сілкіндіргендей қалың қол бұл ауылға лап қойды. Тұтқиылдан келген шабуылға бейқам отырған ауыл ерлері үй-үйден көйлекшең шыға келіп, жалаңқол қарсыласа жөнелді. Қапелімде не болғанын түсіне алмай абдырап қалғандардың бастары доптай домалады. Өліспей беріспейтін талай боздақ ақтық деммен ақырғы рет ерлік танытып жатты. Айнала у-шу, азан-қазан. Әп-сәтте ауыл іші қанға бөкті де қалды. Ұлардай шулаған қыз-келіншекті шаштарынан сүйреп жүріп аттарына өңгеріп, суыт жүріп кете барған жау қолына лағынет жаудырып бірен-саран шал-шауқан, қарт кемпірлер ғана қалды. Көз алдында әкесі найза ұшына ілініп, шешесі шыңғыра жылап, жат қолында кетіп, зәре-құты қалмаған балалар ботадай боздап, басы ауған жаққа безіп барады...
               Мұның айрықша сұлулығына сұқтанған жоңғардың бір беделдісі олжаланған қыз-келіншектердің ішінен жалғыз өзін бөліп алып, арнайы үй тіктірді, ерекше күтімге алуды бұйырды. Дәмесі зор кексе кісінің еркіне еркімен бағынбаса да, ертеңіне сенімі бұлыңғыр-тын.
                Ойы сан-саққа жүгіріп, шідерлі аттай айналаны түгел кезіп шықса да бұл қапастан құтыла алмасын түсініп, әрі қарайғы өмірінің мәнсіз өтерін ойлап, өлімге іштей дайындалып та қойған еді бүйіріндегі бүгінгі бүлкілге дейін. Өйткені қарғыс атқыр дұшпан ауылдың астын үстіне төңкеретін күні көрген азабынан іштегі нәрестенің сау-тамтығы қалмаған шығар деп ойлаған. Керегені жағалай жүріп, төменіректегі кебежеге жақындап, асқазан жұбатар бірдеңе іздей бастады. Өзін қиса да құрсағындағы сәбиін өлімге қимақ емес. Жалғызы емес пе?! Өзінің қанынан жаралған кішкентай ғана тіршілік иесінің жүрегі соға бастағанын ері байғұс ақыры білмеді ғой. Ол өлген болса... жоқ! Мұндайды ойлауға болмайды қазір. Көз алды тұманданып, қорқыныш, ыза мен кек араласып, атқақтаған жүрегі жарылардай шырқырап жүргенде отағасының жараланып, қансырап жатқанын көзі шалған. Қол созым жердегі азаматына жеткізбей қарулы қолдар мұны да қағып әкеткен. Адам бойында өлмейтін, өшпейтін сәуле болса, ол үміт болар. Ол тірі, әлі-ақ жауынан есесін қайтарады, шақалағын қолына алып, бақыттан жүзі әлі-ақ бал-бұл жанар деген үміті мұның санасынан көшпестей орнықты. Құрсақтағы аманатты аман жеткізем десе – жармасары, қарманары үміт қана.
                Асығып айлар, жылжып жылдар өтті. Тағдырына бойұсынған мұның тұла бойы тұңғышы бойжетіп те қалды. Одан кейін тағы екі құрсақ көтерді. Қаны қазақ боп туған қызғалдағының жан-жүрегіне де тегінің кім екенін там-тұмдап тұндырып, әлі келгенше сіңіре берді. Осы жылдарда ел жаққа елеңдемей, атамекенін ойламай, жүрегін сағыныш кернемей көз іліп көрген емес. Ел құлағы елу, тұтқын боп келіп жатқан қандастарын көрсе жүрегі аттай тулап, солармен бір тілдескенше мігір таппайтын. Соңғы уақытта бұған үйірсектеп жүрген үсті-басы жара қайыршы бала бірде күтпеген жерден мұның қолынан шап беріп ұстап, үй артына бұрып әкетті. Мұның екі көзі атыздай болып, қорыққаннан айқайлап жібере жаздады. Аузын алақанымен баса қойған қайыршы жағдайын асығыс түсіндіруге көшті. Сөйтсе әлгі баланың еш кемістігі жоқ, сөзі түп-түзу. Ең бастысы – қазақ! Сол күнгі қуанғанын-ай, көзінің жасын бір сығып алды. Қайыршының киімін киген тыңшы баланың айтуынша халықтың басы бірігіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, тайлы-тұяғы қалмай, жаппай әскер түзіп жатқан көрінеді. Бытырап жүрген қаймана қазақтың басын қосып, үш жүзге аттандап жүргендердің алды Әбілмансұр деген өжет жігіт деседі. Жақын арада қазақтың басынан да қара бұлт кетіп, күні жарқырап шығады, шаңырақ қайта тіктеледі, ел жақтан қуанышты хабар естисің деп әңгімесін қысқа қайырып, ойға батырып кетпеп пе еді.
               Өз қарақан басының ендігі ретте жоғалтары жоқ шығар. Бірақ өзге балаларынан ерек көретін қызы дегенде шығарға жаны бөлек, оның алдағы өміріне құрған жоспары да жоқ емес-тін, Құдай сәтін салса. Алайда артта қалған елі жаудың тепкісінен қойдың құмалағындай шашылып, әл-ауқаты жеткені дария асып үдере көшіп, қалғаны есінен танып, халық болудан қалса, біржола өзге жұрттың көлеңкесіне айналса менің пәтуасыз ойымнан не қайыр, қызым қайда барса да азаптан арылмай өтер деп мұңая қалатын. Әлгіндегі қайыршы баланың сөзі сөнуге таяған үміт шоғын қайта үрлеп жіберді. Жатқан-тұрған сайын Тәңірінен ойлағанын оңынан оңғаруын тілеумен жүрді.
                Тілегі көп ұзамай орындалды да. Соңғы жорықтан айдап әкелінген тұтқындарға түнделетіп барып, жасырып тамақ, суын таси жүріп, көзіне айрықша жылы ұшырасқан, қызымен қатарлас бір жігіттен жөн сұрады. Неше күн нәр татпай, ұйқы көрмей, қорлықтың небір түрін кешіп жүрсе де жігері жасымапты, көзінің оты өшпепті. Белін бекем буынған бұл не де болса ойға алған істі межесіне жеткізуге бекінді. Бірде жасырын, бірде қарауылдарға кәдесін ұсына жүріп жас жігітпен күнде келіп кездесіп, шаруаның жайын түсіндіріп жүрді. Ақыры ай сүттей жарық бір түнде, қайыршы баламен ұйымдасып жүріп, ебін тауып қарауылдан құтылып, жігітті біржола босатып алып шықты. Сыртта өзі ақ қасқа ат мініп, жетегіне ерттеулі күрең арғымақ ерткен бойжеткен тұр екен. Анасының аузынан түскендей сұлу екен, жігіттің қадала қарай қалғанынан ұялып жанарын төмен салып, ақша жүзіне лып етіп қан жүгірді. Жібек көйлегінің кең етегін тақымына қыса басып, ат үстінде қасқайып, орнықты отырғаны ұзақ сапарға бек дайын екенінен хабар бергендей. Шағи бешпентінің сыртынан қынап тұрған күміс кісесін жолда бұлғаңдап кедергі жасамасын деп шашбаулы бұрымын бастырып салыпты. Бұлар әкелген киімді асығыс ауыстырып киген жігіт қыздың жетегіндегі атқа қарғып мініп, тізгінді ұстай алғанда күрең ат аспанға бір атылып барып, жөнеле бергенде қыз да атына қамшы басты. Қарсы алдында көл-көсір жатқан құла дүзді қақ жарып, екеу құйғытып барады.
                Көзі боталап, суыт жүріп кеткендердің артынан бұл ұзақ қарады. Дүниеге әкелген сәтінен бастап сәбиімен бірге әлдилеген жүректегі арманы ақиқатқа айналды. Қазақтың қанынан жаралған қымбат қазынасын өз ұлтының ұланына қосқаны бәлкім, өміріндегі жалғыз да болса ұлы жеңісі болар. Тізерлей отыра қалып, алақан жайып Жаратушыдан медет тіледі. Балалары аман-есен елге жетсе ертең-ақ ес жинап, тексіз дұшпанын жер жастандырып, тасынғандарды өз қанына тұншықтырар. Әбілмансұр тіктеп жатқан қасиетті шаңыраққа уық шаншысар, талай Мансұрды, талай Тұмар мен Ұмайды өмірге әкелер, кәрі тарихтың көне парақтарына түбі түркі, жаны хас сақ, аты қазақтың аңызға бергісіз ақиқаты мәңгі өшпеске орын тебер. Өлермендікпен қорғап қалған өміршең болмысы ұлан-ғайыр даласының аспанында қыран болып қалықтар, Көк Тәңіріне қарап, Ұлы рухтан күш алған көкбөрі болып ұлыр, талайдың тезінен, тозақтың өзінен аман қалған барыс болып айналасына айбат шегер. Сөйтіп, қайта өлмеске мәңгілікке тірілер. Одан асқан арман да болмас сірә.

                              



Бөлісу: