Қасқырдан - Қыранға
блог
Әууу-у-у-мин десіп, аян берген түсімде,
Мен бұл үнді білем бала күнімнен.
Қай ғасырда қара қостың ішінде,
Айға сіңген ашты даусын сіміргем.
Қайсар Қауымбек
Үш күн болды ауыл үстінен құзғындардың торуылдағанына. Қан иісін үш күн бұрын сезер құзғынның бұл торуылы бекер еместей. Ауыл азаматтары аттарын алыс арқандамай, сойыл-садақтарын босағаға жақын іліп, төрт тараптың таңдалғанынан тарпа бас салар сұрапылға тас түйін дайын отыр. Аспанның батыс бөлігін отқа орап күн батқанда, ауыл адамдары соңғы рет бақұлдасқандай көздерімен қызыл арайды шығарып салып тұрды. Тек бесікте жатқан сәби ғана батқан күнді көре алмады.
Үркер жамбасқа ауғанда найзаларына қызыл шашақ іліп, аттарының тұяғына киіз ораған бір топ әскер ауыл үстінен қарап тұрды. Сол түні қанғанынша қайралып, қансыраған қаншама қайқы қылыш қынабынан суырылмады. Сол түні қаншама сойыл босағаға сүйеулі қалды. Қаншама халық қырылып, ер азамат біткен бетпе-бет келіп соғыса алмаған жауына лағнет айтып көз жұмды.
Жау әскерінің басшысы ауылды кім қырғанын жасыру үшін, бүкіл ауылды топырақпен көмдіріп, артында төбешік қана қалдырып кете барды. Әскер басына бір жауынгері:
- Өліктерден жебелерімізді суырып алайық. Жебемізден танып қалар - дегенде:
- Жоқ. Топырақ астында қалғаны - қабірге айналғаны. Ал ешбір көшпенді халық туысының қабірін қорлап, әруағын қозғаған емес.
Әскер дүрк көтеріліп терістікке тартып кеткенде, төбешік тілсіз қала берді. Төбенің маңында қыбырлаған біреу болса, ауылды қырған әскердің ермек үшін өлтірген бөлтіріктердің енесі ғана. Ол сол тұсқа ғана алғаш рет бөлтіріктерінің емізу уақыты өтіп, емізігінің сыздағанын сезген. Сезген де, кеудесін өксік қысқандай айға қарап ашына ұзақ ұлыды.
- Әуууууу...
Жер беті алагеуімденіп, киіз үйлердің сықырлауығы қаратылған беттен қызара күн шыққанда, ыңырсып жылаған нәрестенің үнін естіп, құртқа төбе маңында жалғыз емесін түсініп, Бөлтіріктерін өлтірген пенденің бөлтірігін айналшықтап біраз жүрді. Бірақ, емізігі сыздап бара жатқан соң, амалсыз нәрестенің аузына тосқан еді. Нәресте құртқаны солпылдатып сорып жатқан уақыттан тура он жеті ғасыр өткенде, сол сәбидің ұрпағы саналатын, қасқыр емген Қазақтың Керей ханы ауыр ой үстінде отырған.
- Апа, құмалағыңыз не дейді.
- Әскеріңнің басын үш бөрі бастағандай.
Керей хан орнынан жеңіл көтеріліп:
- Бұл да бір құдайдың қолдағаны болар! Көтеріліңдер. Көтеріңдер бөрілі байрақты.
Керей мен Жәнібек бастаған қалың қазақ қара шаңырағы мен құт мекеніне айналар қасиетті қарт Қаратауды бетке алып жылжи берді, жылжи берді. Көш басында Керей ханның қолында қыраны, Жәнібектің қолында бөрілі байрағы бартын.
Көш соңынан кәрі қаншыр ұзақ қарады. Дәл баяғы бөлтірігінен айрылған қаншырдай ұзақ ұлыды.
- Әууууууу...
Бейне-бір қимастай ұлыды. Өзі емізген ұрпағының болашақ ұзақ өміріне ақ жол тілегендей ұлыды. Ендігі қазақтың тағдырын қыранға табыстағандай еді.
Сол шақтан бастап Қазақ аспанында құзғын емес, қыран қалықтады. Ұшқан құстың қанаты емес, мойыны талар болса, Қазақ көгінде қалықтаған қыранының мойыны талмасын. Биікке самғасын.
- Әууууууумин...