Ауылды аңсау

Ауылым, жырым  едің түнде өрілген

Шабытымды іздер ем түндеріңнен.

Түндеріңді сағындым,ей, ауылым

Сағынғаным көрінер сүлдерімнен.

 

Ауылым, әнім едің шырқап салар,

Әнімнен ауыл қызы шын бақ табар.

Ымыртта жағалаған  көшелерің

Бүгінде парағыма  шумақталар.

 

Еске алайық, жылап тұрып соны бір,

Енді әкелмес сол күндерді мына өмір.

Шәуілдеген сары ала ит кешегі,

Қанталап ед тістерінен жоным бір.

 

Сара жүрек сағынышты кеш ұқты,

Деп отырып: «мына, қыз да кешікті».

«қойдау деймін қырсық әке жібермей»                   

Торушы едік қыз шығар деп есікті.

 

Басылушы ед үнсіз ғана аяқ тең,

«бүгін вечер болмас енді, ай, әттең.

Күбір-күбір әңгімені есітіп,

Қуушы еді қыз әкесі таяқпен.

                                  

Сол бір күндер қалды білем есте нық,

Болмағандай шығамыз ау кешке түк.

Торуылдап тағы келдік үмітпен

Естен шығып таяқ салған естелік.

 

Болса да күн тым-ақ аяз, үскірік,

Тұрса-дағы боран ұлып, ысқырып.

«Бүгін шықпай демалам ғой» дегенді

Бұзады бір көшедегі ысқырық.

 

Құлпыратын сыныптастың жүзі шын,

Вечер деген ұлы той ғой біз үшін.

Табылғанда азық-түлік, әуен, үй,

Екі-үш қырды асушы едік қыз үшін.

 

Тарқамайтын таңға дейін ұласып,

Ондай тойға болмайды екен кім асық.

Сол кештерді, вечерлерді сағынып,

Аңсап қатты көңілім жүр құлазып.

 

Ех, ауылым, саған жетем бір күні,

Көңілімнің түгесіліп кірбіңі.

Күтіп алсын мені атан ұлдарың,

Күтіп алсын түз де солмас қыр гүлі.

 

Ех, ауылым,құшағыңның гүлдерің,

Сан құшып ем,иіскеп,жұтып,бүр демін.

Құшаққа сап, сан аймалап түндерде

Ерінге кеп жанасқан көп үлпі ерін.

 

Сол бір күндер,сол бір ауыл кештері,

Көкейімнен ақтарды жыр дестелі.

Ойлаушы едім  Алматының  әсте тек

Астанадан болмайды деп еш кемі.

 

Қайдам, бірақ, ауылыма жетпейді,

Бола берсін көшесі де көп мейлі.

Бола берсін Көктөбесі, Медеуі,

Самалы да маңдайымнан өппейді.

 

Туған ауыл, ораламын,ораламын әсте мен,

Болмасыншы келмес мүмкін келер деген бәс терең.

Мен оралам, туған ауыл,қырларыңа төсіңе,

Жырларыммен, көзден көлкір жаспенен.

 

 



Бөлісу: