ДӘН

ДӘН
жеке
блог

Осыдан 550 жыл бұрын жер бетінде, қазақтың даласында  астан-кестеңі шыққан шайқастар мен күйреулер болып жатты. Жеңіске жеткеннің ермегі өлтіру ғана.

Беліне ораған арқаны бар, тоз-тозы шыққан күрмесін киіп, айналасы отқа оранып жатқан жапан даладағы жалғыз қалған киізі көк түтіннен түсін қарайтқан кигіз үйдің алданда жас бала отыр. Беті күс-күс, көзінен шыққан жас бетіне жеткен кезде, жатырда жатқанында бетін жалай өткен жау қылышының ізі қалған тұсы тұз сепкендей ашып жатыр. Бала шыдап тұр.  Қолына ұстаған белгісіз бір өсімдіктің дәнін көтеріп, қара желге қарсы бетін беріп жүріп келеді. Межелеген жеріне жеткен кезде қолындағы дәнін алып: « Менің жасым сенің суың, нәрің. Мына топырақ бағыбаның. Мына дала Анаң. Мына таулар Әкең. Сен Қазық болып қаласың осы жерде».

   Кенеттен естілген айғай дауыс, шу баланың құлағын тұндырып бара жатты. Бірақ, оған қарайтын шама жоқ. Киіз жаққа, аттылардың суық сұсты бейнелеріне қарап тұрып іштей «бесіктегі періштені де аман алып қала алмаған мен бейбақтың қолынан осығана келді» -деп, дәнін жер-ананың қойнына тыға берді. Қаралы аттың дүбірі сәл бұрын жер қойнына еніп кеткен өсімдіктің топырақ бетін ұңғыта қазып шауып өтті.

Жылдар жылжып, сағаттар сырғып жатты. Кешегі топырақ астына көміліп жатқан белгісіз өсімдік жер бетіне өсіп шыққан жоқ. Бірақ, көз көрмейтін тереңдікте тамырын жая берді, жая берді. Оны о-о-о бастан сезген желтоқсанның аязы ғана.

Жылдың төрт мезгілінде де өліп қалмай тамыр жайған өркеннің ішкені бабаның төгілген қаны, ананың жасы болды. Қасіреттің уы оны өсірмеді. Оны өлтірмеді. Қайта жет қабат жер астына сүңгіте берді.

Беліне ораған арқаны бар, тоз-тозы шыққан күрмесін киіп, үй алдында асыққа таласып, жеңіліп қалған баланың жасы, осыдан бес ғасыр бұрын қасірет жасына көміліп қалған белгісіз өсімдіктің кеудесіне тәп-тәтті шырын болып тамды. Қуаныштың жасы... Оянып кетті. Тамыры тереңге тартқан өркен оянып кетті. Дүние дүр сілкініп, желтоқсанның  аязына арқасын тосып келген, сары даланың төсіне маңдайында жанған лағылы күнмен астастып,  белгісіз өркен беріктігі бес елі  Бәйтерек болып бой көтерді.

Асығын тастай салып, жүгіре басып Бәйтеректің түбінде жатқан белгісіз өсімдіктің дәнін ары-бері қызыға қараған жас бала, көңілінде ештеңе жоқ қалған асықтарымен бірге  қалтасына үңгіте салып, тәуелсіздіктің ақ таңына арманын жалғап кетіп бара жатты... Қалтасы нұрға шомып жанып бара жатты...

Тәуелсіздікке мың тәубе!