Кезексөз: "Мен Массагетке қалай келдім?"

Кезексөз: "Мен Массагетке қалай келдім?"
жеке
блог

16 желтоқсан күні massaget.kz порталы 3 жасқа толады. Осыған орай жаңа эстафета таяқшасы ұсынылған екен. Ендеше жалғастыра кетейін.

Сайтымыз Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында  үшжылдық атаулы күнін атап өтпек. Ал дәл сол күні менің сайтта жұмыс жасағаныма аттай 1,5 жыл толады екен. Негізінен о баста сайтқа практикадан өту үшін 2 қыз және мен келгенмін. Сол күні өз тапсырмаларымызды алдық. Бір қыз ертесіне-ақ жұмыстан бас тартса, екіншісі екі аптадан кейін тұрмысқа шығатынын айтып, практикасын жалғастырмады. Кейіннен маған көмек қолын созуға Қарлыға Бүйенбай келді. Екеуміз жүктелген тапсырманы бір ай көлемінде орындап шықтық. Сосын сайтта күніне екі ақпарат жариялау жүктелді. Алғаш рет материалдарымыз шыққанда қуанғанымыз әлі есімде (Қарлыға шығып қойған материалдарды қайталап жазып қоятын кейде)))). Ал жұмысқа қабылданғандағы сезімді айтып жеткізу тіпті мүмкін емес. Өйткені, сайттың аурасы мен жұмысы өте қатты ұнаған еді. Содан бері сайттың басты мақсатын ту етіп ұстанып келеміз. Қызметке қабылданбай тұрып-ақ сайт туралы хабарым мол болатын. Қызметкерлердің де біразын жақсы танитынмын. Тез арада тіл табысу аса қиынға соқпады.

Бұл сурет Массагетке алғаш келген күні түсірілген еді. Жылы қарсы алған Айгерім мен Ақерке аздап фотошопты білетінімді білетін еді. Түсірген суретімді өңдеп берулерін сұрады. Ал мен болсам, осылай өңдеп берген едім. Фотошоп болса да, қазір бұл сурет те алғашқы күннен бір естелікке айналды.

Көп оқырмандар байқап жүргендей, massaget.kz сайты 3 жыл көлемінде талай өзгерістерге ұшырады. Қызметкерлер қатарында да үш толқын ауысқан екен. Сондай толқындар кейде қолданушылар арасында да байқалып қалады. Бүгінгі қазақ интернет-журналистикасының дамуына үлес қосып отырған сайт оқырмандары күн санап өспесе, төмендеген емес. Нағыз жанашыр қолданушылары да бар. Бұл, әрине қуантарлық жағдай. Бәріміздің де сайтты қалай танығанымыз есімізде болар...Сондықтан да бұл эстафетаны жалғастырып, сайттың дамуына септігімізді тигізе берейік. Кезексөзді өзіммен бірге қызметке қабылданған әріптестерім Жолдас Өрісбай мен Қарлыға Бүйенбай, және белсенді оқырмандарымыздың бірі Сәкен Шынболатовқа ұсынамын.