Бөлінгенді бөрі жейді

Бөлінгенді бөрі жейді
жеке
блог

«Жеті атасын білмеген – жетесіз!» - дәл осындай мақсатпен біз бала күнімізден арғы ата-тегімізді жарысып жаттап өсеміз. Әрине, мен ата-тегімізді, руымызды, жүзімізді айна қатесіз білгенімізге қарсы емеспін, сонда да осыған қатты берілгеніміз соншалық - қазақпен қазақ арасында алшақтық пен бөлінушіліктен көрініс алады. «Біз Ұлы жүзбіз, біз Орта жүзбіз, ал біз Кіші жүз едік» - деп өз руын мақтап, асқақтап, өзгені даттап та жатамыз. Тіпті халық аузында көбіне Ұлы жүз өкілдері ғана жоғарғы үкімет басшылығында қызмет атқарады деген сөз бар.

Халқымыздың өз тарихын біліп, ел ғұламаларының жетістіктерін, батырларының ерліктерін асқақтап айту арқылы патриоттық сезімдерінің баршылығын көрсетуі дұрыс. Алайда бір шаңырақ астында өмір сүре тұрып, бір бірімізге қызғанушылықпен қарау қоғамымызға еш пайдасын тигізбейді. Бұл қылығымыз өзімізге байқалмағанымен, жат елге тым ерсі. Осының салдарынан ұрысып, аяғы төбелеске айналатын жайттар да кездесіп жатады.

Руға бөлінгенмен қатар қазіргі уақытта тіпті жерге, қалаға бөлінетінімізді де шығардық. Жан-жақтан анталаған жау қызғанышпен қарап, аңдып отырған заманда қазаққа қазақ қас болып жатқанына жаным ашиды. Бұлай жүре берсек түбі халқымыздың бір біріне бөтен боп кетері бәрімізге аян. Қазақ «бөлінгенді бөрі жейді» деп бекер айтпаған. Ал төртеу түгел болған жағдайда біздің береке-бірлігімізді ешкімнің бұза алмасы хақ.  

Еліміздің болашағын, келешек ұрпағымызды ойлап, бөлінбей, жұмылған жұдырықтай болайық, ағайын!