Ит-мысықтар да қонақүйде "тынығады"

Шымкент көшелерінің бірінен ит пен мысықтарға арналған қонақүй көзге шалынды. Ондағы тіршілік, ондағы өмір қызық көрінді маған. Бас сұғып көрген едім. 
Қонақүйдің иесі – Владислав Клицкий екен. Ол ветеринария саласында 20 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Біраз жыл бұрын басқа қалаға қыдыруға кететін кезде итін қайда, кімге тастарын білмей басы қатады.  Содан “неге ит пен мысықтарға арналған қонақүй ашпасқа?” деген ой келіп, бірден жүзеге асыруға кіріседі.
Қонақүй мысықтарға, ұсақ тұқымды және ірі төбеттерге арналған. 15 орынды. Мұнда сондай-ақ ветеринария, күндізгі стационар, зоодүкен, тіпті әсемдік салоны да бар.
Әр бөлмеде үйшік,
жатын орын, ыдыс-аяқ,
тіпті қажеттіліктер сөресі де жеке-жеке қойылған.
Бұдан бөлек әр бөлмеде желдеткіш орнатылған. Қонақүй иесі алдағы уақытта теледидар да қоятынын айтты.
Қонақүй бағасы тәулігіне иттерге – 1500 теңге, ал мысықтарға – 1000 теңге.

Айтпақшы мұнда ит-мысықтар арнайы ваннада шомылдырылады.
Мені қызықтырғаны әсемдік салоны болды. Мұнда олардың жүндерін шашкептіргішпен кептіріп, арнайы шаш үлгісін қиып береді.

Ақшасын төлесеңіз, тіпті тырнақтарына да арнайы күтім жасалынады.
Сұлулық салонының қызметкері Алана Мәскеудегі «Милорд» әсемдік орталығында тәжірибеден өтіп, диплом алыпты.
Әсемдік салонындағы қызмет көрсету ақысы 300 теңгеден басталып, 8 000 теңгеге дейін барады.
Айтқандай, ит-мысықтарға арналған косметикалық заттарды арнайы тапсырыспен Италиядан алдырады екен.
Мекендеушілерге  күніне екі мезгіл тамақ беріледі. Иттер аулаға серуендеуге шығарылады.
Қонақүйде бірінші кезекте тазалыққа мән беріледі. Ит-мысықтар қабылданбас бұрын емхана дәрігерлерінің тексеруінен өтеді.
Егер денсаулығында қандай да бір кінәрат байқалса, қонақүйге қабылданбайды.
Ит-мысықтарын алып келіп, тапсырып кетушілер көп. Біз барғанда бос орын аз болды.
Барлық жағдайы жасалған қонақүйде «тынығып» жатқан ит-мысықтар кейбір адамдардан бақыттырақ көрінді маған)))



Бөлісу: