Желден жүйрік жануар

Желден жүйрік жануар
жеке
блог

Сағымға оранып, әлдеқашан сары бел асып кеткен күндеріне көз жіберсе болды, алшаңдатып арғымақ мінген алып қазақтың жанарына жас келеді… Адамнан зият жылқы жануары туралы сан ғасырларды соңына тастап, сараланып жеткен бейнелі теңеулер аз емес. Әттең, қанатты тұлпарлар туралы жазылған Беленицкий, Толстов, Снесарев, Липец сияқты орыс ғалымдарының еңбектеріне пара-пар келетін қабырғалы дүниенің біздің буын тарапынан жазылмай келе жатқаны өкінішті!

Жер жүзіндегі екі жүз елуге тарта жылқы тұқымының елудейін өсіретін қазақ халқы – біздің ата-бабаларымыз жүйрік атты бар асылына, арман-аңсарының асқар шыңына теңеп, бауырындағы баласындай өбектеп, алдындағы ағасындай ұлық тұтқан. Өнерді өмір-салт еткен серітап халық жүйрік жылқыға қаншама ән арнады, күй арнады, жыр арнады десеңізші?! Ғафу сияқты арда ақынның жылқыны қазақ даласының екінші есіміне теңеуі, Ахмет ақсақал­дың ер қанатын сән-салтанаттың, сұлулық пен көркемдіктің идеалына балауы, Сәуірбек ағамыздың атты ердің тербелген бесігі деуі ел аралаған арда ерлердің сағымға орана бастаған даланы дүбірлеткен жел тимес жүйріктерге деген сағыныш сазы-тын.

Иә, жүйрік ат десе делебесі қозып, қиялы қиянды шарлап кететін нағыз қасқа қазақ бүгін де баршылық. Қанын сорғалатып қанша жазғанда да, көзге көрінбейтін, есесіне шиырып айтқан бір ауыз сөзі ғұмырлық азық болатын жазира да осы жүйрік ат тақырыбы ғой. Қайран жүйріктер, ел қорғаған бағзы ерлерден ажырап, басынан бағы тайып, базары тарқай бастаған замандарда жәудір көздері жасаурап, тілерсектері майысып, кеңес колхозы­ның көк арбасының тертесіне жегілді. Ол аз болғандай, кеңестік азық-түлік бағдарламасын іске асыру жолында арамтер боламыз деп талай пысықайлар даланы қан сасытып, етке көмді. Ат болатын жануарды шаң жұттырып, қара қойдың соңына салды. Жүйрік атқа жасалған қиянат – ұлттық рухқа жасалған қастандық екенін ол күнде біреу білсе, біреу білмеген де болар!..

Еуразия кеңістігіндегі түркі-монғол эпостарында ер қанаты – жүйрік ат пен халық қамқоры болған баһадүр-батыр тең дәрежелі, бастас тұлғалар ретінде тел суреттеледі. Көне эпос кейіпкерлері – бас қаһарманның аты өзімен бірге тізе біріктіріп жүріп, ерлік жасайды. Бір ғажабы, эпос жасаушы жыршы-жырау­лар бұл мәселеге ерекше назар аударып, айрықша көңіл бөледі. Өйткені, жүйрік ат – батырдың жебеушісі, жол бастаушысы, досы әрі ақылшысы. Қанатты тұлпарының айтқанына құлақ аспау – эпоста батырды сансыз сәтсіздіктерге ұрындырып отырады. Қаһармандық эпостарымыздағы батырдың жауға мінетін атының бейнесі көпқабатты және сан қырлы. Якут-саха халқының әйгілі “Олонхо” жырында батырды Байтал-Құдайдың баласы деп те суреттейтін мотивтер кездеседі. Мұндай мотив башқұрттардың “Бұзаншы батыр” жырында да сол қалпы ұшырасатындығы еріксіз таңғалдырады. Көптеген эпостарда арғымақ-құлын мен бала-батыр жас күнінен бірге өседі. Мысалы, қырғыздың “Манас” эпосында Алмамбет пен Сарыала, Алтай халқының “Маадай Қара” эпосында Көгудей мерген төрт құлақты биеден туған құ­лын­мен бірге өсіп, кейін мергеннің жауға мінетін атына айналады. “Көрұғлы” жырының көптеген нұсқаларында түркімендердің Көрұғлы батыры да Ғират атпен бір енені тел емеді делінеді. Сойылған аттың жалы, сүйегі мен терісі де табиғат-анамен тілдесіп, көшпенді өмір-салт тізгінін ұстанған халықтардың нақты культтерінен берік орын алған. Мұндай культтік және мифоло­гиялық жұрнақтар эпостарда да тамаша бейнеленген. Якут халқында жүйрік аттың құйрығын бақсы алқақотан зікір кезінде пайдаланады екен. Қазақта қасиетті қара қобызға ең жүйрік деген жылқының құйрығынан ішек тағатын рәсім-жоралғы болған. Бұл да батыр-бақсының ілкідегі тұтас тұлға кезінен қалған атрибуттар екені байқалады