Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Мен сізге ғашықпын

Мен сізге ғашықпын

Мен сізге ғашықпын

   Автобус асығар емес, алдыға жүргеннен тұрғаны көп. Терезеден тысқа телміре қарап отырған маған ол жүре ме , жоқ, тұра ма бәрі бір, қиялыммен қыдырып отырмын. Тас көшенің тар құрсағын кеңіткен талдар тұнжырай бастаған, қазанның қара дауылы қуған жапырақтар желмен жарысып жерге құлап барады. Студенттік өмірімнің әрбір күні талдан құлаған әрбір жапыраққа “мініп” алып маған қош-қоштап бара жатқанын ойлап мен мұңайсам, сылдыраған сырғалары сарғайып, сыңғырлаған күлкілері азайғанын ойлап талдар мұңаяды. Бірақ мың бір талдан менің мұңым басымдау! Ботакөз қыз мен тағы сені ойлап отырмын...

   Ерте, ерте, ертеде бір ханның сұлу қызы болыпты, оған сол ханның қойшысы ғашық екен...

   Ботакөз, сен ханның қызы емессің әрине, менде қой соңында жүрген жоқпын. Бірақ біздің арамыз бәрі бір алыс. Мен студент, сен оқытушысың ғой, өйткені. Алайда мен үшін сен маған сабақ өту үшін емес, мені ғашық ету үшін кезіккендейсің. Кімнің кінәсі екенін қайдам, біз бір бола алмаймыз. Мүмкін бәріміз кінәліміз... Сенің қателігің меннен ерте өмірге келгенің, менің қателігім сеннен кейін өмірге келгенім, тағдырдың қателігі бізді аудиторияда кезіктіргені болар.
 
Сабақта, ең алда бізге қарап сен отырасың, ең артта саған қарап мен отырамын. Тәртіп үшін көзбен жасқап ұстағың келетін көп студенттің ішінде сол көзіңізге ғашық біреудің отырғанын сезе алдыңыз ба еке? Әй, сезесіз-ау сірә, мөп-мөлдір жанарың менің ғашықтықтан “қан толған” көздеріммен әлдеқалай ауада кезіге қалғанда оқыс жерге қарап кететінін аңғарған едім...

Корпустан-жатақханаға дейін, жатақханадан-корпусқа дейін қанша мәрте жүріп өткенімді білмеймін, бар білерім корпусқа қарай сені көру үшін кетіп бара жататыным да, жатақханаға қарай сені ойлап қайтып келе жататыным ғана. Мені өзіңмен тәңертең жолықтырып, кешке қоштастыратын жапырақ жауған сол жолда сенің елесің еріп жүреді маған. Сіз мен үшін оқытушы емес, бұрымы бұлғаңдаған ботакөз қыз болып қалсаңыз жарар еді...

-Қуан, сабаққа дайындалып келдің бе?
Бұл тау бұлағындай сыңғырлаған сұлу апайымның дауысы. Мендей тау баласы тау бұлағын қаншалық сүйетінін білесіз бе?

-Ия, сізді көзіммен аймалап, жүрегіммен құшуға дайындалып келдім.
Бұл менің ішкі ойым. Жүрегім осыны ойлағанымен ауызым сабақ айтуға дайын екенін ғана жеткізе алды. (Әрі қарай мен айтқым келмейтін, сен тыңдағың келейтін сабақтың сылдыр сөздері...)

Біздің арамызда болатын диялог осы ғана. Сізді сүйетінімді айтуға көзімнің ғана батылы барады, “көз-сатқын”-деген осы болса керек. Сабақ біткенше саған телміріп қарайды да отырады...
-“Қуан, маған неге тесіліп қарап отырсың?”-деп иығымнан жұлқып қалғанда сасқанымнан орынымнан атып тұрдым. Жоқ, мені қозғаған ботакөз апайым емес, орын бермегеніме ашуланған әлде бір әжей екен, мен өз-өзіме келе бастағанымда “осы күнгі жастар орын бергенді білмейді”-деп күбірлеп менің орыныма жайғасып жатты.

Мен оқытушысына ғашық студентпін. Оқытушы апай дегеннен гөрі сүйкімді қарындас деуге лайық ботакөз бойжеткен мені бірден баурап алған болсада, оқытушы-студент арасындағы шекара мені іштей іңкарлықпен ғана шектелуге мәжбүр еткен еді. Ғашығың қол жетпес қиянда болғаны қиын екен, көзің жеткенмен қолың жетпейді, жүрегің жеткенмен тілегің жетпейді...

Алақаныңнан сусып шығып бара жатқан асылды алып қала алмаудың қасыретін сездіргендей сол апайым жақында үйленіп кетті. Ғашық көзбен күні бойы аялай қарап отыратын студентінің ішкі ойын танығанымен тағдыр талғамына бойсынған болатын. Ерте туып, кеш қалған шәкіртінің құшағынан заманы бір азаматтың алақанын артық көргені дұрыс та шығар, бәлкім...

Асықпай аяңдаған автобус келесі аялдамаға келіп кідіргенде күйеуге шығып кеткен сүйікті апайымның елесін іште қалдырып көліктен түстім. Қоңыр күздің қою самалы қойныма кіріп, мойнымнан қытықтап әлек. ҚазҰУ қалашығын құшағына еркелей енген сиқырлы күз сары түске бояп үлгірген, сары күздің соншылық сұлулығын сүймеске амалың қайсы? Мен күзге ғашықпын!... Мен сізге ғашықпын!...

1
Рейтинг: +1

Жазылған уақыты: 29 қараша 2014, 04:03

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.