"Көктөбе-Анабұлақ" шипалы емдік суы

"Көктөбе-Анабұлақ" шипалы емдік суы
жеке
блог

Қазығұрт өңірінде «Көктөбе» шипалы суы» деген атпен танымал бұлақ бар. Қазақстан мен Өзбекстанның түкпір-түкпірінен бұл су туралы жұрт аузынан естіп іздеп келетіндер көп. Оның мыңдаған ауру түрлеріне шипалылығы туралы халық аузында аңызға айналған әңгіме көп. Осы аңызға айналған бұлақтан біз де бір жұтым су жұтып, жүзімізді жууды, әрі жұртшылыққа таныстыруды мақсат етіп, жолға шыққанымызды әңгімелейін.

 

Қазақстанның Қазығұрт ауданы мен Өзбекстанның Бостандық ауданын Қаржантау сілемдері бөліп жатыр. Екі ортадағы шекара осы таудың суайырық жотасынан өтеді. Қаржантаудың батыс жағындағы тауалды үстіртін Көктөбе деп атайды. Біз іздеген «Көктөбе шипалы суы» бұлағы осы қырқада. Оны соңғы кездері Анабұлақ деп әспеттейді екен.


Аудан орталығы Қазығұрт кентінен Қақпақ ауына қарай жолға шықтық. Қақпаққа кіріп барғанымызда 21 шақырым жол жүріппіз. шипалы бұлақ ағатын учаскенің қожайыны Тасбалта ақсақалдың үйіне қонақ болып, ары қарай Көктөбеге жол тарттық.

 

Ирелегендеген топырақты қара жолмен тау жотасына қиялап келеміз. Астымыздағы «Ауди» көлігіміз таулы жолға арналмағандықтан, баяулатып әрең шықтық. Тау қырқасына шыққасын айналаны бағамдап алдық. Артымызда терең сай, айнала айқын көрінеді, алдымызда тағы да қыраттар тұрды. Таудың күнгей беткейлі тастақ жолымен құлдырап төмендеп, топырақты бозаң жолын шаңғытып қайта түстік. Тау шатқалын аралай, иір жолмен жылжи отырып, сонау түкпірдегі бір қонысқа келіп тоқтадық.

 

Төменде сарқырап тау өзені ағып жатыр.

 

Өзеннің біз тоқтаған қоныстың маңында екі сарқырамасы бар екен.

 

Бірі кішірек те, екіншісі тым терең. Соның біріне Тасбалта ақсақал өз қолымен су электр станциясын орнатыпты.

 

Ақсақал ерінбейтін, еңбекқор кісі екен. Мәшенені алға оздырып жіберді де, маған өз шаруасын таныстыруды осы жерден бастап кетті. Бұл кіші электр станциясына керекті жабдықтарды Үрімжіден алдыртыпты. Әрбір деталіне дейін өз қолымен құрастырыпты. Бүгінгі күні осы жерден 6 кБт электр қуатын өндіреді екен.

 

Шипалы бұлақ жоғарыда екен. Екеулеп жоғары көрілдік. Айналаны таныстырып, әңгімелеп келеді. Әр әңгімесінің өзіндік тарихы, сыры бар. Анйаладағы 25 гектар аумақ, әлгі кішігірім тау өзенінің екі беті осы кісінің меншігі екен. Болашақта бұл жердің бәріне бақ егіп, көгалдандырмақ жоспарын да ашып тастады. Жоғары өрлеп, бұлаққа жеткенше біршама ентігіп қалдық. Бұлақ басын жануарлар ластамасы үшін там соғып қойыпты.

 

Бұлақ тамның ішінен құбырмен сыртқа ағады.

 

Бұл бұлақтың қысқаша тарихы былай екен: Ертеректе, Кеңес заманына дейін бұл жерлерде қаңлылар мен шанышқылының араншы рулары жайлапты. Кеңес занында бұл аумақты жайлаған елдің бәрін тың игеру мақсатымен басқа өңірлерге көшірген. Содан кейін тек бірен-саран қойшылардың ғана жайлауы болып келген. Бұлақтың шипалылық қасиетін 80-шы жылдары «Қызылтаң» (қазіргі Қақпақ) колхозының зооветеринары Сымайыл деген кісі анықтапты. Ол кісі асқазан жарасымен ауырып, дәрігерлер жаза алмағасын тау қойнауындағы бір шопан үйінде жатып, тек қана осы бұлақ суынан нәр татады екен. Жағдайы жақсарады. Араға бірталай уақыт салып дәрігерлерге қайта тексеруге барғанда асқазанындағы жараның жойылғанын біледі. Содан бұл әңгіме елге тарайды. Ауруына ем таппай жүрген кісілер осында келіп су ішуді жиілейді. 1986 жылға дейін бұл бұлақтың басында 5 мыңға жуық адам емделіп жатыпты. Күнде бұлақ басында 5 литрлік банкамен кезек үзілмеген. 1986 жылы жұқпалы аурулардың тарауы қаупі туғасын, жергілікті СЭС өкілдері мен партия мүшелерінің дабылымен бұлақ басындағы емделушілерді қуып, бұлақтың көзін бетонмен жапқан. Одан кейін жасырынған бірді-екілі емделушілер болмаса жоғарыдағыдай жаппай топтанған емделушілердің қосыны тұрмапты.

 

1993 жылы Тасбалта ақсақалдың шешесі өтіне тас байланып ауырыпты. Тәшкеннің дәрігерлеріне емдетеді. Жарытымды ем болмағасын осы бұлақтың суын күнде пайдаландырады. Тамағына, шайына, тіпті күнделікті жуынуына да осы бұлақтың суын алдырады. Тәшкендік дәрігерлерге қайта тексертсе, өтінен тастың түскенін айтыпты. Содан кейін Тасбалта ақсақал қолындағы бар қаражатын жұмсап, осы аумақты сатып алып, шешесінің құрметіне «Анабұлақ» деп атау беріпті. Тасекең бұл бұлақтың шипалы қасиеті, емделіп, сауығып кеткен кісілер туралы бірнеше нақты мысалдары келтірді.

 

Қазіргі таңда бұлақ басында суды ыдысқа құятын кішігірім цехы бар екен. Ыдысқа құйылған суын Қазығұрт кенті, Шымкент қалаларында кең танымалдылығын, өтіміділігін айтты. Қаржылай қолдаулар болып жатса, цехты кеңейтіп, жатып емделушілерге арнап орталық ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Осы жылдың басында Алматыдағы Республикалық Ішкі аурулар және кардиологиылық зерттеулер институтынан зерттеуден өтіп, қорытындысын алғанын алға тартты. Тасбалта ақсақал институт мамандарының сөзіне сілтеме жасап, бұлақ суы ішкі аурулар, ас қорыту, зәр шығару, жүрек-қан тамыр ауруларына емдік қасиеті бар екеніне тоқталды.

 

Егер, мүмкіндігі туып, қаржылай қолдаушылар табылып, бұлақ басынан емдеу орталығы ашылса, «Көктөбе-Анабұлақ» шипалы суы грузиндердің «Баржоми» суынан еш кем бола қоймас.