Миллионер болу үшін не керек?

«Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деп ежелден атам қазақ айтып кеткен.  Дәл осы сөздер бүгінде жақсы қолданыста. Үлкен-кішілі жиындарда тілек ретінде, отырыстарда қарапайым әңгіме,  кейде тіпті азды-көпті өсек арасында да қолданысқа ие танымал сөздер тізбегіне айналып кеткеніне кім болса да келіседі. Көпшілікке осынша ұнамды болған бұл сөздердің сиқыры неде екенін, жұртшылыққа жағатындай қандай қасиеті бар екенін терең ойға шомбай-ақ, астарын ақтарып алысқа бармай-ақ ұғынуға болады.

Енді жұрт аузынан түспейтін сиқырдың құпиясын ашып көрелік. Ең алдымен бұл сөздер көбіне кімдер арасында танымал деген сұраққа жауап іздейік. Ойлап, аздап бақылап қарасақ танымал, қалтасы қалын, «жолы болғыш» жандар көп ауыздарына ала бермейтіні байқалады. Шынымен, өмірі жақсы қалыптасқан азаматтар бастарына бақ тілеп қайтсін. Бір жағынан қолындағы алтынды, жиған абыройының барлығын тек бір бақтың арқасына іліп қоймайды, әрине. Жеткен шыңына тірек болған өзінің талабы, үлкен еңбекқорлылығы, қажымас қайраты екенін алға тартады. Сөздерінің жаны жоқ, бос әңгіме, құр мақтанушылық  десек тағы болмайды. Себебі еңбекқорлық, талап, ақыл дегендер жарқын болашақтың берік кепілі екенін бала кезден сіңргенбіз.

Сонымен, мақсатқа жетудің сыры неде? Өз бойында талап болу керек пе, әлде бағын болса жеткілікті ме? Бұл кез-келген философиялық ойлардағыдай дау тудыратын пікір. Осы іспеттес жағдайларда әркім қайықтың басын өзіне қарай тартып, өзіндік пікірдің дұрыстығын дәлелдеуге тырысады.    

Бірақ нақты мысалдар келтіру арқылы барлығы адам талпынысына байланысты екенін түсіндіру қиын емес. Мәселен аттарын күнде естіп, жетістіктерін өзімізше саралап жүрген  Марк Цукерберг, Бил Гейтс, тіпті Бред Питті келтіруге болады. Алғашқы екеуі бірінші долларлары қалталарына түсе бастағанда миллионер болу деген, тіпті «Форбес» журналындағы тізбекті қолымызға аламыз деген ой болмаған. Олар тек өз сүйікті істерімен айналысқан және соның жолында көп еңбектеніп, тер төккен. Ал Бред Питт актер болу үшін мамандығын тастап, «Галливудтты» бағындыруға өзге қалаға көшіп кетеді. Бірақ жолы болмай көлік жүргізушісі, жиһаз тасушы, тіпті «El Pollo Loco» мейрамханасында үлкен балапан киімімен жарнама таратушы болып та жұмыс атқарады. Бұдан өз дегенінен қайтпайтын, арманына адал, сөзіне берік адамның анық бейнесін көруге болады.

 « Өзі сүйген мамандықты таңдаған адам кейін бір күнде жұмыс істемейді» деген ұлы Конфуцзыдың сөздеріне мен тағы «Өзі сүйген мамандықпен айналысқан адам сол істің хас шебері болады» дегенді қосар едім. Қорыта айтқанда, біздің мақсат ақшадан, материалды құндылықтардан жоғары болғанда ғана шынымен де үлкен байлыққа кеңелеміз. Біз иемденетін байлық тек материалды құнылықтармен шектелмейді, сонымен қоса рухани миллионерлерге айналатынымызға кепіл бола алады. Ең бастысы дұрыс бағдар мен ерік-жігер болғаны.    



Бөлісу: