Аптаның үздік блогы: Бақытты 500 теңге немесе Iphone - 31

Аптаның үздік блогы: Бақытты 500 теңге немесе Iphone - 31
жеке
блог

    Қаланың дымқыл тартқан тротуарының бойымен аяңдай басып сұр күртелі қыз келе жатыр. Өзі ешқайда асықпайтын сияқты. Ертемен ашыла қоймаған дүкеннің терезесінен өз бейнесін көріп, тағы  кідірді. Иә, бұл мен! Менің сұлбам, менің бейнем... Бұрын соңды тарақ атаулы нәрсені танымайтындай түрде тұрған қоңыр бұйра шаштарым бүгін де әдеттерінен жаңылмапты... Ал аяғымдағы ескі ақ "конверстер" ақ болуынан қалыпты... 

     Таңғы сағат жетілер шамасы... Саяхатымды жалғастырып келем.  Жолдың ар жағындағы жарнамаға көзім түсті. А, бұл атақты судай   жаңа Iphone -6 ! "Мені сатып ал, қатардан қалма, мен саған лайықпын! " деп тұрғандай. Мұны көргенде өз телефоным есіме түсті. Телефон деймін ау ,бұл бір үлкен планшет. Әпкемнің сыйлығы. Негізі ғаламторға ғана арналған бұл құрылғыны мен телефонға айналдырып, бейімдеп алғанмын. Көшеде кейбір үлкен апалар көріп: "Қызым ау, телевизор ұстап жүрмісің?" дейді кейде. Қоғамдық көлікте   отырғанда тіптен қызық, біреу телефон шалып қалмаса екен деп, иманыңды үйіргендей отырғаның сол. Қырсық шалып , анам соғып қалса   бүткіл автобустағы жұрт үйдің ыдыс-аяғын дұрыс жумай кеткенімнен хабардар болып отырады. Осындай ыңғайсыз ностальгиялар есіме түсіп, күліп жібердім . Шамасы, қатты күлсем керек, аялдамада тұрған ағаның жүзі қатты таңданған күйге енді. Құдды бір "Бұл Индия емес, Америка!" дегенді естіген Колумб дерсің...

     Кезекті, тағы бір қолайсыз сезімнен соң, жолдан өтіп, әлгі жарнамаға жақындап бардым... Иа, осы жылдың жаңалығы кеудесін керіп  қойып тұр. Мұндай Iphone-6- ның иесі болу қуаныш шығар... Ал менің қуанышым өзгеше... Менің қуанышым арзанырақ тұрады... Осындай     суық күндерде ішкен бір шынаяқ ыстық шәй- мен үшін қуаныш.     Таңертең тұрып түнде қардың жауғанын көрсем -қуаныш. Жексенбі    сайын ас үйден шыққан анамның бауырсағының иісі - қуаныш...       Көшеде жүріп, оқыстан тауып алған майда тиынның өзі қуаныш...     Мұны тым ұсақ нәрселер дерсің... Бірақ шындығы осы- мұндай  сезімдерді ешқандай Iphone-6 да , 7 де , тіпті болашақтағы 31- ші Iphone да бере алмайды...Әрине "тістелген алмалық компания" ондайды шығарып жатса. Осыдан соң мен де осындай "ұсақ бақытты" бейтаныс адамға сыйға тартқым келді . Қалтамда күтірлеген 2 көк қағазды алып, қарандашпен шимайлата жөнелдім. Біріне "Күнің сәтті өтсін,        бейтаныс" деп , ал екіншісіне " Алла бақыт нәсіп етсін! " деп жаздым. Бірін ұшырып жібердім, ал екіншісін кітапханаға қайтаратын       кітабымның ішіне қыстырдым... Иа ,бұл кәдімгі 500 тенгелік еді. Аз да болса тосыннан табылып, әлдекімді қуантса екен дедім. Біреудің   кәдесіне жараса екен дедім. Кім білер , ғайыптан тайып менің       сәлемдемемді сіз табарсыз, бейтаныс.  Сонда біле жүріңіз: ең бай   адам- өз қажетін үздіксіз өтейтін адам емес, кішкене нәрсеге қуанып, азғантайды қанағат тұтқан адам.

Әсел Құрман