13 жасында торттың 40 түрін үйренген Бейбарыс

13 жасында торттың 40 түрін үйренген Бейбарыс
жеке
блог


   Жақында инстаграм әлеуметтік желісін ақтарып отырып ерекше бір жаңалықты көзіміз шалды. Орал қаласының он үш жасар тумасы қазіргі таңда түрлі тәттілерді пісіріп, өз кәсібін дөңгелетіп келеді. 
    Бейбарыс  Сұлтан-Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы №47 мектептің 7-сыныбын аяқтады. Небәрі он үш жасар жасөспірімнің мұндай қабілетке ие болуы көпшіліктің назарын өзіне аударады. Дәмді торттары арқылы халықтың алғысына кенеліп отырған Бейбарыс болашақта танымал кондитер болуды армандайды. Біз де осы сәтті пайдаланып жас кондитерді сұқбатымызға тарттық. 

-Мен торт жасауды сегіз жасымнан бастап үйрендім. Күнделікті таңғы асқа бір тағам пісіріп қоюды әдетке айналдырғанмын. Осылайша ютуб желісінен әртүрлі тәттілердің жасалу жолын қарап, өзіме ұнаған торттарды ақырындап жасай бастадым.
Бейбарыстың осы саланы әрі қарай алып кетуіне көптеген дүниелер себеп болған. Сонымен қатар, оның келешекке жоспарлаған үлкен мақсаттары да жетерлік.
-Бұл салаға келуіме түрткі болған Ресей қаласындағы атақты кондитер Ринат Агзамов. Мен өскенде  сол кісі секілді болғым келеді. Болашақта Қазақстанның әрбір қаласынан  өз цехтарымды ашу ойымда бар,-дейді жас кондитер.
Бейбарыстың қолынан шыққан дәмді торттарына тапсырыс берушілер саны да аз емес екен. Қандай торт түрлеріне жиі тапсырыс беретіні жөнінде де сұрап білдік:
- Әрине, тапсырыс берушілердің саны көп. Алдын ала тапсырыс берген тұтынушылар қайтадан тапсырыс беретін кездер де жиі кездеседі. Жасаған торттарыма алғысын білдіріп, жылы лебіздерін білдіріп жатады. Маған тұтынушылардың басым бөлігі «Сүтті қыз», «Вупи пай», «Сникерс» торттарына тапсырыс береді. Сонымен қатар, мусс қосылған торттарды, «Қызыл бархатты», «Фереро» және т.б торт түрлеріне жиі тапсырыс береді. Сұранысы жоғары торт түрлері деп айта аламын. Меніңше, бұл әрбір адамның талғамына байланысты.


Бейбарыс жасына қарамай әртүрлі курстарға қатысып, шеберлігін арттырып жүрген талабы таудай бала. Ол үнемі курстарға қатысып, білім көкжиегін кеңейтіп отырғанды жөн деп біледі:
 -Ай сайын әртүрлі курстарға қатысамын. Деңгейі әртүрлі курстарға барамын. Онда бару арқылы өзімді жан-жақты дамытқым келеді. Әзірге аспаздық байқауларда бағымды сынап көрмедім. Дегенмен төрт бірдей жерде шеберлік сабақтарын аяқтап шықтым,-дейді Бейбарыс. 
Күн сайын тапсырыс қабылдау, асүйде болу, сәндеу жұмыстарымен айналысу қыруар уақытты қажет ететін шаруа екені айтпаса да түсінікті. Мектеп оқушысы үшін біраз қиындықтар тудыратыны  рас. Алайда Бейбарыс бұл кәсібі сабағына еш кедергі кетірмейтінін айтады:
-Мектептегі сабақ үлгерімім жақсы. Төрт пен беске оқимын. Бұл кәсібім сабақ оқуыма ешқандай кедергі келтірмейді. Сабаққа да қатысып үлгеремін, екінші жақтан торттарды әзірлеп үлгеремін. Ең сүйікті пәнім-ағылшын тілі. Тіл білу қазіргі уақытта өте маңызды. Біздің басты құралымыз десем де болады. Ағылшын тілі сабағына өте белсенді қатысамын. Ұстазыма көмектесіп, үй тапсырмаларын міндетті түрде орындап келуге тырысамын.
Бейбарыстың кондитерлік саладан бөлек өзге де айнылысатын сүйікті жұмысы бар екен. 
-Әлеуметтік желіде бірнеше кондитерлердің сабағын қараймын. Жаңа айтып өткенімдей Ринат Агзамов, Полина есімді фудблогерлердің видеоларын қараймын. Орал қаласындағы және өз еліміздің бүкіл кондитерлерінің сабақтарын жібермей қарап шығамын. Сонымен қатар, ән айтуға қызығамын. Мектеп қабырғасында және басқа да іс-шараларда ән шырқағанды жақсы көремін. Мерейтойлар болып жатса таныстарым мені ән айтуға шақырады. Торт жасаудан бөлек ерекше қызығатын ісім осы деп ойлаймын. 
Қатарластарының арасынан ерекше дарынымен көзге түскен Бейбарыстың балалар кітабына деген қызығушылығы ерекше екенін сұқбат барысында байқадық. Ол болашақта түрлі шеберлік сабақтарын өткізіп, шәкірт тәрбиелегісі келеді екен. «Ұландық» достарын үнемі  алға талпынуға, ізденуге шақырған жас кондитер еңбектің арқасында ғана үлкен жетістіктерге жете аламыз дейді. Арманы асқақ Бейбарыстың ақ қанатты армандары орындалып, болашағы жарқын, аты әлемге мәшһүр кондитер боларына шын жүректен тілекшіміз!
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ