Мен – кешегі, анасыз өскен баламын және баласының болашағы үшін ерекше алаңдайтын анамын! Мен өмір сүруге міндеттімін!

Мен – кешегі, анасыз өскен баламын және баласының болашағы үшін ерекше алаңдайтын анамын!  Мен өмір сүруге міндеттімін!
жеке
блог

Аллаһ ризашылығы үшін көмек сұраймыз!


Қадірлі оқырман...
Менің есімім – Торғын, жасым 29-да, көптеген ересек егде тартқан жандар «бесіктен белі шықпаған, әлі өмірдің ащысын татпаған» деп жасына қарап, адамның өмірлік тәжірибесі жайлы нәтиже шығарып жатады. Бірақ, өкінішке орай, өмір адамды сынайын десе, оның егделігі мен жасына да еш қарамайды екен. «Алла тағала сүйген құлын көп сынайды» деген сөз бар ғой. Осы сөзді естіген кезде, шынымды айтсам, не күлерімді, не жыларымды білмей қаламын. 
Біз, яғни мен және менің әпкем Толқын, бір әке, бір шешеден туылған екеу ғана едік. Анамыз ақылына көркі сай, өте мейірімді жан болған. Оған қоса, бір басына құдайым сұлулығымен қоса талантын да аямай берген, әнші кісі еді. Жас күнінде «Гүлдер» ансамбілінің жеке орындаушысы болған екен. Аты-жөні – Баекеева Мектепхан. 
Анам мен ес білгелі бері көп ауырды, ауруы күннен күнге асқына берді. Анамның бар мүшелері әлсіреп, толық жүруден қалды. Әпкем екеуіміз бала болсақ та, титтейімізден үй шаруасы, анамыздың күтімімен толықтай өзіміз айналысып, тым ерте есейдік. Ол кезде біз бала болып, бұл аурудың атын да білген емеспіз. Әлі күнге есімде калғаны - анамыз журегіндегі мұңын, өкпе-назын тірі жанға ашып, ақтарыла бермейтін, бар ойын ішінде сақтайтын сабырлы жан еді. Әпкем екеуімізге ұзақ, үнсіз қарайтын, тұп-тұнык тұнғиық жанарында шексіз, шетсіз уайым бар еді. Бала болсам да: "Анам не ойлайды," - деп алаңдайтынмын, сондай кездерде мен де үнсіз ғана қасына барып, иығына басымды қойып "мамау" деймін жай ғана, анам мандайымнан үнсіз иіскеп, "ботам-ау" дейді де, ары қарай еш сырын ашпайды...
Осылайша жан жүрегіне зор уайымын жүк қылып артып, 35 жасында анамыз дүниеден озды, ол кезде мен 10 жаста, әпкем 13 жаста еді. Әпкеміз екеуіміз бұған дайын емес едік, еш қорғансыз, екеуден-екеу болып, анамыздың артынан карап, мықтап қол ұстасып капыда калып қойдық. Қазаққа тән бір қасиет - баламен ашық, жасырмай сөйлесу деген нәрсе жоқ. Жанымызда қаншама үлкен жандар жүргенімен, бізбен ашық сөйлесер, мән-жайды тусіндірер, біздің жан журегіміздегі жараны байқар жан табылмады. Иә, біздің киім бүтін, карын тоқтығымыз бірінші орында болды да, жүрек жарамыз ескерілмей калды. Анамызды жерлеген күннен бастап әпкеміз екеуіміз де дәл анамыз тәрізді, бар сырымыз бен қорқынышымызды өзге жанмен бөліспей ішке жинайтын болдық. Анамыз жайында, "Ана" деген сөзді де мүлдем ауызға алмайтын болдық. Жасы үш-ақ жасқа үлкен болса да әпкем мен үшін анамдай болып кетті. 

Өмір сырғи берді. Біз бой жеттік, екеуіміз де жоғарғы білім алдық. Анамның өзгеге тәуелді болып, қауқарсыз болғандығы бала күнімде жаныма катты батқандықтан, менің өмірлік ұраным - "Бәрін өзім істеймін, өзім жетемін, өзгеден сұрамаймын, масыл болмаймын" деген ұстанымдар болды. Мектепте де, университетте де ең үздік баға алдым, жоғарғы оқу орнына Жаратқанның көмегімен грантқа түстім. Қаражатқа тәуелді болмау үшін оқу мен жұмысты қатар алып жүрдім, бәріне де өз күшім жететіндіктен де мен бақытты ем.
Әпкем де өз мамандығы бойынша жұмысын істеп жатты. Мен өз өмірлік жарымды кездестірдім, бір көргеннен-ақ шексіз сендім, сүйдім, тұрмысқа шыктым.


Әпкеміз екеуіміз мен тұрмысқа шығар алдында араға 11 жыл салып, алғаш рет "Мама" деген сөзді еске алып, анамыздың болғандығын, өмірден озғандығын мойындап бірге егіліп жылап алдық...
Мен келін боп түскен отбасы мені ерекше жылы қарсы алды. Жолдасымның анасы өте мейірімді адам, маған туған анамдай болып кетті. Араға екі жыл салып, мен де ана атандым, бақытымызда шек жоқ еді!
Қызым алты айға келіп калған кезде, мен әпкемнің жүрісінен бір кінәрат байқай бастадым. Жүрегім тулап, үрейленгеніп, әпкемді ашық әңгіме тарттым. Әпкем соңғы кезде әлсіреп жүргендігін айтты. Менің жолдасымның мамандығы – дәрігер. Ол жан-жақты сұрастырып, ең жақсы деген мамандарды іздестірді. Өзімнің тұла бойымнан әлсіздікті сезбесем де, әпкем тексерілу үшін емханаға бірге барып, бірге тексерілдік, анамның диагнозының қалай аталғандығын да тек сол кезде туыстардан сұрастырып білдік - "Прогрессирующая мышечная дистрофия, синдром Эрба" дәл жоғарыдан келген үкімдей болып, бұл атау әпкем екеуіміздің де өмірімізге енді... Бұл сұм ауру екеуіміздің де бойымызда бар болып шықты...
Бала күнімізде анадан айрылып, сол қорқынышты әлі де толық жеңе алмаған екі кішкене жүрек, одан бетер тас болып қатып, сырт көзден мүлдем тасаланатын болды... Тағы да әпкем екеуіміз бір-біріміздің қолымызды тас қып мықтап ұстағанымызбен, сырттай мұздай суық болып қатып қалдык. 
Мен өз уайымыммен де тек өзім ғана күреспек болып, жолдасыма да ең үлкен қорқыныштарымды айтпадым, өзімді оның алдында, онын отбасының алдында, кызымның алдында шексіз кінәлі сезініп, күн санап, тек өз жан дүниеммен ғана сырласатын болып, қорқыныштың астында қалып қойдым...
Жылдар өтіп жатты, күннен күнге әлсіреп келе жатқанымызды таныстарға, туған-туыстарға көрсетпеуге тырысып бақтық, бірақ, "ауруын жасырған - өледі" демекші, ауру өз үлесін асап, алып отырды. Біз көптен көмек сұрауға, "кембіз, мұқтажбыз" деген сөздерге жанымыз қас болғандықтан, ем табу жолында тым көп уақыт жіберіп алдық. 
Әпкем толықтай мүгедектер арбасына отырды. Мен де әлсіредім. Біз ем күткенімен ауру күте алмады... 
Осы жылдың көктемінде өкпеге тиген суықтың бірден асқынуының салдарынан әпкемнің жағдайы күрт нашарлады. Өліммен айқас басталды... Төрт ай алыстық. Жолдасым дарігер болғандықтан, медицина саласынан колдан келген бар мүмкін де, мүмкін емес те жағдай жасалды. 
Әпкем алғаш реанимацияға түсіп, жаны ерекше киналған сәтте менің бір барғанымда маған "Торғын, жаным катты қиналды, бірақ Құдай мені алмай жатыр» - деді бұл сөздерді естіген сәтте, жүрегім қақ айрылғандай болды... "Мені неге ойламайсың, мен өмір бойы сенен үлгі аламын, сен қандай болсаң мен де сондай боламын, жеңілме, мен үшін күрес, менің шешем жок" дедім. Білсеңіздер ғой, кейінгі төрт айдың ішінде осы айтқан, бір ауыз зілді сөз үшін қанша рет өкінгенімді...
Әпкем осы сөзден кейін өмірге ашынған аңдай жармасты, күресті, бірақ рух күрескенімен, тән толықтай жеңілді. 
Әпкем сөйлеуден де, өздігімен дем алудан, ауыз арқылы ас ішуден, аяқ-қолдың күшінен толықтай қалды. Тек қалам ұстауға оң колы мен екі көзі, журегі ғана тірі қалды...
Егер бұл өмірде тозақ болса, әпкем көзінің тірісінде сол тозақты көрді. Мен де, өзге еш бір жан да жан азабын жеңілдете алмадық...
Әпкемді көрген сәттерде мен сан рет, өліп тірілгендей болдым. Бауырдың ыстықтығы соншалык, ажалға да, азапқа да қимайды екенсің. Бірақ қандай азап көрмесін әпкем маған "сен қорықпа, мен жеңемін, бірақ сен маған уәде ет, сен күресуің керек, сен енді тоқтама, ем тап, қажет болса жаз, жарияла, сен жазыл, жүр, сен жүрсең мені жетелейсің, сен менің күшімсің" деп ақтық демі шыққанша маған күнде "ем іздеймін" деп ант еткізіп отырды. Ақтық сапарға аттанардан бір күн бұрын " жаным, мені кешірші, мен қатты қиналдым, сен маған «қидым» деп айта аласың ба" деп сұрады. Мен де кешірім сұрадым, сені жақсы көрем, бірақ сенің азабыңды көрген сәттерде, шарасыздықтан, сан мәрте "әпке, сені қидым" деп айтамын дедім... Осы сөзді күткен екен... Бір күннен кейін, көз алдына келген елестерге күліп, жадырап отырып, әпкем мәңгілікке аттанды... 
Анамыз қайтқалы, ұстасқан қолымызды еш бір ашпаған едік, азапқа төзе алмай, екеуіміз осылайша, өз еркімізбен қолымызды босаттық...
Міне, содан бері үш ай уақыт өтті, әпкем әлі де түсіме енеді, «Торғын тұршы, әлі ұйықтап жатырсың ба, мен қиналып жүрмін» дейді. 
Қазақ – намысшыл халық. Мен – нағыз қазақпын! Бірақ, енді намысқа жармаса алмаймын, біздің намысымыздың құны тым қымбатқа түсті, мен әпкеден айрылдым. Мен намысты, көкіректі болып, кызымды анасыз қалдырғым келмейді!
Мен, барша мені естіген жандардан, көмек сұраймын. МАҒАН КӨМЕК КЕРЕК!
Мен – кешегі, анасыз өскен баламын және баласының болашағы үшін ерекше алаңдайтын анамын! 
Мен өмір сүруге міндеттімін! 
Анамды соңғы сапарына дейін шығарып салып, қасында болған әкем үшін!
Әкем жарының ажалын көріп қажыды, енді, міне, дәл сол аурудың кесірінен тұңғышын да ақтық сапарға аттандырды... Ең болмаса менің бақытымды көрсе деймін. 
Сүйген жарым үшін! Бас қосқалы бері қандай қиындықтар болмасын мені қолдап-қорғап, мен үшін күрескендігі үшін және менің тілеуімді тілеп отырған бар жақындарым үшін, мен жеңілмей, бар жолдармен күресуім керек!
Өзімнің қызым үшін! Қызым еш уакытта да менің көрген қиындыктарымды көрмесе деймін... 
Менің қызым қазір алты жаста, табиғатынан өте жүрегі жұмсақ, тек өзім ана болып, осы жағдай өз басымда болғаннан кейін, анамның бізге қандай оймен қарағанын тусінгендеймін, Себебі соңғы кездері өзім де қызыма үнсіз қарайтын болдым, ішім күйіп жатады, болашағын ойлаймын, бірақ, айтуға қорқамын...


Менің қызымның тағы бір ерекшелігі – ол өзге балалар сияқты тамақтана алмайды, туа біткен ерекшелігі «целиакия» деген аурумен ауырады. Дүкеннен алған бір де бір тағамды жей алмайды, ұннан жасалған бар тағамдарға, яғни глютенге аллергиясы бар.
Казіргі кезде менің катаң кадағалап, тамақтарын шектеумен бергеннің нәтижесінде қазіргі қызым Аружанның денсаулығы өте жақсы, құдайға тәуба..
Әпкемнің аманатын орындауым керек!
Менің жүрегімде бір емес үш бірдей адамның үміті, арманы, өмірге деген суйіспеншілігі бар. Ол – анам, әпкем және өзім. 
Бізде болмағанымен, шет елдерде, ауруды толықтай тексеріп, жүз пайыздық диагноз қоюға мүмкіндік бар екен. 
Америка құрама штаттарында эксперименталдық емдер жүргізілуде, төрт жылдан бері сол елге хат жазып, әрдайым байланыста болғанымызбен шақырту ала алар емеспіз, әпкем шақырту келгенше күте алмады...
Мен өз күшіме сеніп тағы да төрт жыл күтуім қажет бола ма деп корқамын...
Егер осы іске колында билігі бар адамдар қатысса, нәтиже тезірек шыға ма деп үміттенем, сол себепті де көмек сұраймын. "Көп түкірсе – көл" дейді, атам қазақ. 
"Жұмыла көтерген жүк жеңіл", мен қандай да болса көмектен бас тартпаймын деп, ем іздеу жолында көмек көрсете алар жан болса, бей-жай қарамауларыңызды сұраймын.

Алдын ала көп рахмет... 

СЕНІММЕН: Торғын Қалелова (Әбдіқайымова)

Торғынға жәрдемдесем деушілерге мың алғыс! Торғынның халық банкіндегі есеп шоты: 4402577500100865, тел. нөмірі: 8 701 887 62 28