Аспан асты елінен аларымыз мол

Аспан асты елінен аларымыз мол
жеке
блог

Аспан асты елінен аларымыз мол...

Бүгін еліміздің мәдениетінің әлі де болса артта екеніне көзім жетті. Себебі, ТарМУ - дың жатақханасында тұратын, елімізге Қытайдан қоныс тепкен Гүлзат есімді қара көзімізбен кездейсоқ таныстығымыз қызу әңгімеге ұласты. Әңгіме, менің Қытай мен Қазақстанның арасындағы айырмашылық туралы сұрағымнан басталды. Арадағы айырмашылықты айқара таңбалап, мұнда мүлде басқаша екен деп, ойыма ойланатындай бірер сұрақтар салып берді. Мен оған Қазақстан мен Қытайдың арасында қандай айырмашылық бар дегенде ол, ең бірінші көзге түсетіні мәдениет деді. Тілдің шұбарлығын былай қойғанда, көшенің өзінде мәдениетсіздіктер көп екен мысалға, қоқысты кез-келген жерге тастау, ел көзінше балағаттап сөйлеу, саябақтағы жастардың анайылығы сияқты толып жатқан жайттарды тіліне тиек етті. Қара көзіміздің айтуынша , Қытайда адам саны көп болғанымен заңға талап мықты және адамдардың мәдениеті, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері бәрі басқаша, яғни сыпайы дейді. Кез-келген көшеде арнайы бейне бақылаулар орнатылған. Қандай да бір қылмыс немесе құқық бұзушылық орын алса, біріншіден арнайы бекітілген айыппұл төлейді, екіншіден бұл оқиға орнында пара беруді тежейтін тәсіл. Мені қызықтырған тағы бір сұрақ Қытайдағы қазақ тілі мәселесі. Онда қазақтар оқитын мектепте бастауыш сыныптар «ана тілі», жоғарғы сыныптар «әдебиет» пәні бойынша білім алады екен. Қандасымыз: ол жақтағы қазақтар көшеде де, үйде де бір – бірімізбен тек қазақ тілінде сөйлесеміз – деп, қуантып та қойды.
Жалпы қай жағынан алып қарасақ та, қытайлық қандасымыздың уәжіне келіспеске амал жоқ. Мәселен Қазақстанда орын алып жатқан келеңсіздіктердің басты себебі ол, қатаң бақылаудың төмендігінен көрінеді. Мысалы, көшеде немесе қоғамдық орындарда темекі шегуге, шемішке шағуға заң жүзінде тыйым салынғанымен, айтарлықтай нәтиже жоқ. Рас, заң қолданысқа енгенде ұсталып айыппұл төлегендер көптеп кездесті. Бірақ, уақыт өте келе осындай кіші қылмысты жасайтындармен қатар, заңды өз пайдасына қолданатындар да көбейе түсті. Олай дейтінім, қандай да бір қылмыс жасап ұсталған азамат пара беріп құтылып кетеді. Енді ойлап қараңыз, пара беріп құтылып кететінін біле тұра кез-келген адам мұндайға баса мән беріп, бас қатырып жата ма, әрине жоқ?! “Біз пара бермесек, ол алмайды” дегенді санаға сіңіру керек-ті. Ол да ерен еңбекті талап ететіні анық. Әлеуметтік желілердегі “Қазақстан жемқорлықты көп жасайтын мемлекеттер арасында бірінші орыннан үшінші орынға түсу үшін пара беріпті ” деген әзілдердің кейде шындықпен пара-пар екенін түсінесің. Бұл мәселенің екі жеңі бар десек, екінші жеңін өзіміз киіп отырмыз. Себебі мәдениет дегенде ең бірінші ойға түсетіні халық яғни, өзіміз. Халықтың менталитеті, сана сезімі төмендеген сайын осындай кемшіліктерге соқтығыса береміз. Көбінде осындай елеусіз мәселелерді сараптағанда салғырттыққа жол беріп қоямыз. «Менсінбеген қурайың көз шығарады» дегендей, елеусіз мәселеміз енді еңсе тіктегенде, есімізді алып жүрмесе болғаны. Өзгені сынай бергеннен гөрі, өзгенің бойындағы кемшілікті өзіміздің бойымыздан тауып, түзетуге талпынғанымыз абзал болар. Бұл тұрғыда аспан асты елінен азық қыларымыз аз емес деп ойлаймын.

Ерғали Қартайған