ҚЫЗ БЕН ЖІГІТ ДОС БОЛА МА?

ҚЫЗ БЕН ЖІГІТ ДОС БОЛА МА?
жеке
блог

Бұралаңы көп, соқпақты өмір жолында адам баласының ардақ тұтар тұлғаларынан бөлек жанына жақын, жүрегіне жылы шырай төгетін бірнеше асыл жандар бар. Олардың әуелгісі тоғыз ай құрсақ көтеріп дүниеге әкелген, «балам,балам» деп түн ұйқысын төрт бөлген аяулы ана. Ал екіншісі мінезі қатал, жүрегі нәзік асқар Алатаудай нар тұлға әке.Одан кейінгі кезекте бауыр, аға-іні, әпке, сіңлі, қарындас тұрары қақ. Осындай қаны бір арнада тоғысатын туыстарыңнан бөлек өміріңнің өңін сан гүлмен өрнектейтін тұлғалардың бірі – дос.

                Достық – асқан ұлы сезім. Тіпті, ең шынайы махабаттың өзі достықтан басталады демей ме? Ендеше, достықтың тұғыры махаббаттан да жоғары тұрады емес пе? Халық арасында, жалпы, бүгінгі қоғам арасында жігі екіге жарылған дау, талас бар. Олардың бірі- «қыз бен жігіт арасында достық болмайды, болған күннің өзінде соңы махаббақа ұласады» деген пікірден туындаған талас. Әуел баста мен де осы пікірді жақтап, осы пікірді санама сіңісті етіп, қызбен дос болу - ақымақтық деп санағам. Уақыт өте келе өмір маған өз пікірімнің қате екенін айдан анық етіп, тайға таңба басқандай етіп көрсетті.Көзбен көріп, қолмен ұстаған нәрсе ғана нақты дәлелді пікір тудыра алады. Менің өмірімдегі ең бір ерекше сәттердің бірі сол – достарымның арасына қыздардың да енуінен басталады. Ең алғаш 2012 жылдың қараша айларында болып өткен аймақтық пән олимпиядасында танысқан досым Қалмақан Аида есімді ару болды. Сырымыз мен мүддеміз бір арнаға тоғысып, әдебиетке,өнерге  жақындығымыз бір-бірімізді терең түсінісе алуға сеп болды ма әйтеуір біз ешқашан ренжіскен емеспіз.Ол Қасқасу ауылындағы Б.Түлкиев атындағы мектептің биылғы түлегі.Арманға, мақсатқа деген ұмтылысы тіптен екпінді арудың әрбір жасаған еңбегі маған үлгі болып, айтқан сөздері жаныма жігер беріп жүр. Ал одан кейінгі достарымның бірі, бірі емес-ау бірегейі, тым ерекше жаратылған Сайыпбекова Ақмарал есімді ару. Ол ару туралы айтарым да көп. Төлеби туы және Білім әлемі газеттерінің оқырмандарына бұл есім таныс та шығар. Себебі, оның көптеген қызықты мақалалары басылым беттеріне жарияланған, әлі де жарияланып келеді.Мен Ақмаралды ең алғаш сол газет беттерінен көргенгім. Биылғы жылдың 18 қаңтарында шыққан Білім әлемі газетінің алғашқы санында жарияланған «Күлдіре білу де өнер» атты мақаласы ерекше назарымды аударған болатын. Көп айтылмайтын тақырыпта сөз қозғаған Ақмаралдың мақаласы расында да тартымды көрінді. Жайдарман туралы өз ойларын жасырмай батыл жеткізіп, жан-жақты зерттеу де жасаған,оның мұншалықты ізденімпаздығын көріп «еңбекқор қыз» екен деген ойға қалдым. Содан газеттегі суретіне көзім түсті: өте таныс бейне, «мен мұны бір жерден көргенмін» деп сан рет ойланып, есіме түсре алмай жүргенімде әлеуметтік желілердің бірінен осы суретті тағы көрдім. Содан сол әлеуметтік желіден бастау алған таныстық уақыт өте келе үлкен достыққа айналды.Ол Ақбастау жалпы орта мектебінің 10-сынып оқушысы екен. Өз ортасының үздігі, мен секілді әдебиет пен өнерге жақындығы біздің түсінігіміздің, ойлар ойымыздың бір жерде түйісеріне себеп болды. Содан күндердің күнінде мен оны қайдан көргенімді есіме түсірдім. Ол 2013 жылдың көктемінде болып өткен «Абай-Шәкәрім» оқуларына қатысып, жүлделі екінші орын иеленген екен. Сол жарыста мен де өз ақындығымды сынамаққа ниеттеніп болған едім. Ал ол болса Абай мен Шәкәрімнің өлеңдерін жатқа оқып, жалпақ жұртты ауызына қаратқан болатын. Оған таңданғандардың  арасында менің де барым оның бейнесінің жадымда сақталуына себеп болып, бір күні өткенімді есіме түсірдім.Ақмарал – өте еңбекқор және алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын тынымсыз, қадалған жерден қан алатын, арманы  айқындалаған ерекше қыз. Осындай жігері жасынның отындай ерекше мінезді арумен дос болғаныма өте қуаныштымын. Ол өзінің тым еңбекқор екенін уақыт өте келе маған талай рет дәлелдеді. Алдымен газет беттеріндегі мақалалары, содан соң Көркемөнерпаздар байқауында топ жарып, алдымен аймақтық, сосын аудандық сындардан сүрінбей өтіп, облыстық сынға жолдама алуы мені ерекше таңдардырды. Және бір нәрсе оның Ілияс оқуларына қатысып аудандық бәсекеде бас жүлдені иемденіп, облыстық сында топ жарып алға шығып, Жетісудағы Ілиястың туған мекенінде өткен Республикалық сында жүлделі екінші орын алып,ауданымыздың абыройын ту етіп көкке  көтеріп, төбемізде желбіреткені мені ерекше тәнті етті. Оның осындай жетістіктері мені жігерлендіріп, асқақ арманға жетелей түсуде. Оның жігер берер жалынды сөздері, айтқан ақылы, жабыққанда жұбатқан сөздері жүрегімнің төріндегі оған жаққан достық сезімімнің отын мәңгі сөнбестей маздата түсті. Мен оның болашағының жарқын екеніне, әлі талай сында топ жарып, еліміздің танымал азаматшаларының бірі болатынына сенімім мол. Мен Ақмаралмен мақтанамын, жүрген жерімде оның маған көрсеткен көмегін айтып, шыққан шыңы мен жетістіктерін айтып мақтан тұтып жүремін.

                Міне, менің өмірімнің жарқын тұстары осы бір достарымды тапқан сәттеріммен тікелей байланысты. Егер әлі де маған сенбей «қыз бен жігіттң арасындадостық болмайды» деген пкірді қолдайтындар болса, оларға айтарым алдымен дос болып көрсін. Ағып жатқан судыңда дәмін көрмей оның ащы не тұщы екенін біле алмайтының секілді мұндай достықты сезініп көрмеген адамның дәлелді пікір айтуы, менің пікірімді дәлелді оймен  жоққа шығаруы екіталай.